Барлығын да рәсімдейді бір Алла...

16.01.2018
Қаралды: 607

(«Жүректен шыққан 100 өлең» топтамасы)

 

          Ағайынның арасы

Болғанменен бір атаның баласы,

Алыстайды адамдардың арасы.

Алыстаған адамдардың ішінен,

Білінеді жақын жанның бағасы.

 

         Алыстаса ағайынның арасы,

        Болмай тұрмас күңкілі мен жаласы.

        Жақынынан жаттық көрген адамның,

        Жазылар ма жүректегі жарасы?

 

Бір-біріне мәлім әбден шамасы,

Ойлайтыны – тек өз бала-шағасы.

Өздігінен қадір тұтып жарытпас,

Суырылып шықса ішінен дарасы.

 

        Жұлқыласып, жыртылса да жағасы,

        Кейде дайын тұрса-дағы табасы,

        Осылардың ішіндегі бәрінен,

        Ең ауыры – ағайынның наласы.

 

Қиын, қиын жетпесе адам санасы,

Басу айтар болмаса елдің данасы.

Араздасып жүргенменен алайда,

Табылар ма ағайынның жаңасы?

 

        Өзендей боп айрылғанмен сағасы,

        Кейде азайып кетсе-дағы тобасы,

        Тірісінде түрткілескен олардың,

        Түбінде бір жерден болар моласы...

 

                Пенде шіркін

Пенде шіркін жете ме арманына,

Көне ме әлде тағдырдың салғанына?

Қапияда Алладан әмір келсе,

Ілінер-ау ажалдың қармағына.

 

        Болжам жасай алмассың алдағыңа,

        Қоршау қою мүмкін бе жан-жағыңа?

        Алып кетер сұрамай жақыныңды,

        Қайыссаң да қайғының салмағына.

 

Ажал дәлдеп біреуді таңдады ма,

Құлақ аспас ол сенің зарларыңа.

Жұбатарсың өзіңді ондай кезде,

Өмір сұрап құдайдан, қалғанына.

 

        Сенім жоқ-ау алдамшы жалғаныңа,

        Кетер түбі жаяу да, арбалы да.

        Жайғасады мәңгілік тұрағына,

        Бекініп ап бейіттің шарбағына.

 

Құрық түсер сарбазың, сардарыңа,

Құтылмайды саясат тарланы да.

Бұл пәниде түсінген пендеңізге,

Сабақ алар қаншама бар мағына?

 

     Жанталаспа бекерге

Кідіруін сұра, мейлі, сұрама,

Бірақ уақыт бір сәт тоқтап тұра ма?

Зымырайды күндер, айлар, жылдарың,

Ұстап тұру мүмкін болмас сірә да.

 

        Уақыт шіркін тоқтамайды, тұрмайды,

        Жай кетпейді, өміріңді ұрлайды.

        Қаңбақ қылып, домалатып әкетер,

        Өзің тоқтап, ойланбасаң бұл жайлы.

 

Жанталаспа уақытқа еріп кесірлі,

Кейде тоқтап, жинап алғын есіңді.

Айналарсың суда жүзген жаңқаға,

Дер кезінде түземесең көшіңді.

 

        Тоқта кейде, бойды тіктеп түзел де,

        Жан-жағыңды дұрыстап бір түгелде.

        Шылауында кетіп қалмай уақыттың,

        Керісінше, сен уақытты жүгенде!

 

Жақсы өмірді қаламайтын жан қайда,

Жанталасқан жан алды-артын аңдай ма?

Жүз жерден сен жүгіргенмен алайда,

Жазылғаннан артық болмас маңдайға.

 

      Адасып жүр әлсіздер

Есіркемес мынау өмір ешкімді,

Пәни жалған өте шығар бес күнгі.

Күні біткен ғайып болар әп-сәтте

Елестетіп таудан құлар көшкінді.

 

        Бұрынғыдан қалған сөздің бәрі шын,

        Тапқан бар ма мәңгіліктің дәрісін?

        Өкінішсіз өтер мынау жалғаннан,

        Біле алғандар өмірінің мәнісін.

 

Жете алмастан арманына аңсаған,

Бұл өмірде адасып жүр қанша адам?

Бақыт жолын таба алмайды әлсіздер,

Қиындыққа мойынсұнып шаршаған.

 

        Өмір сірә сыйпай қоймас басыңнан,

        Түрлі сынақ ұсынар ол тосыннан.

        Арқыраған тау суына ұқсайды,

        Бір-ақ сәтте ағып өткен қасыңнан.

 

Ешкімге де аспаннан бақ жаумаған,

Пайда таппас өнбес дауды даулаған.

Мақсатына жетер адам түбінде,

Бойында егер оты болса лаулаған.

 

         Тылсым күш бар

Өнбесе егер істеп жатқан тірлігің,

Бекерге өтсе түк бітпестен бір күнің,

Болып тұрып, болмай қалса кей шаруаң,

Кінәлайды ондай кезде кімді кім?

 

        Қарсы алмаса сені алдыңнан сәттілік,

        Қарамаса егер саған бақ күліп,

        Кім кінәлі сені ылғи өзгелер

        Көрер көзге кете берсе лақтырып?

 

Ойламаған жерден батсаң шығынға,

Бастан кешсең бұл жағдайды бұрын да,

Жолың сенің болмай қойса үнемі,

Кінәлі деп кімді айтасың шынында?

 

        Ондай кезде бәрін ойша сарала,

        Сәтсіздікті кездейсоқ деп қарама.

        Аяғыңды сенің мықтап тұсаған

        Бір тылсым күш бар екенін шамала.

 

Мән берген жөн тылсым күшке дәл осы,

Жазыла ма қалса көңіл жарасы?

Еске түсір, кімді қапа қылып ең,

Сол адамның тиген шығар наласы?

 

        Қапалықтың табы оңай кетпейді,

        Адам бата, алғыспен тек көктейді.

        Қашан, қайда, кіммен тірлік қылсаң да

        Ризашылық ап жүргенге жетпейді.

 

       Қанша мәрте, неше рет...

Жайшылықта кім ойлайды ол жағын,

Бұл жайында болмас сірә болжамың.

Кім есебін жүргізеді зердеге,

Қандай-қандай әсерлердің толғанын?

 

        Қанша адамға тиді өмірде сауабың,

        Нешеме рет шешім тапты сауалың?

        Қанша адамның қалды сенен көңілі,

        Бұған сенің дайын ба өзі жауабың?

 

Қанша адамның қастер тұттың есімін,

Қонақ болып аштың қанша үй есігін?

Неше жанмен сөзге келдің өмірде,

Қанша адамға жасай алдың кешірім?

 

        Қанша сәтке куә болдың жағымды,

        Қаншама рет қорғап қалдың арыңды?

        Неше адамды өз соңыңа ерте алдың,

        Мойындадың өзің қанша дарынды?

 

Санадың ба жүрген кезді сапарда,

Қаншама рет дұға қылдың жатарда?

Қанша уыс салдың екен топырақ,

Тұрдың қанша жаназада қатарға?

 

        Қанша мәрте бастан кештің қайғыны,

        Ондай кезді санадың ба жай күні?

        Мұңайған сәт көп болды ма өмірде,

        Күлген күннің есте қалды қай бірі?

 

Өтер солай нешеме жыл, неше күн,

Болған істің таба алмайсың еш емін.

Барлығын да рәсімдейді бір Алла,

Алла өзі жүргізеді есебін...

                                                  Иса ОМАР. («Замана» кітабынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ