Әлемдік деңгейге шығуға әркімнің де бар таласы...

16.01.2018
Қаралды: 870

Осыдан бірер жыл бұрын елімізде «Әлем халықтары жазушыларының одағы» атты қоғамдық бірлестік құрыл­ғаны естеріңізде болар? Президенті – жерлесіміз, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының тумасы Қайрат Дүйсенов Парман есімді азамат, ақын,  бүгінде Алматы қаласында тұрады. Таяуда ол басқаратын бірлестік Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай «TEMІRQAZYQ – Әлемнің ең үздік ақын-жазушысы, 2017» атты халық­а­­ралық әдеби онлайн-бәйгесін өткізген болатын. Осы орайда біз Қайрекеңе телефон шалып, ол кісімен сұхбаттасқан едік.

– Одақтарыңыздың құрылғанына да біраз уақыт болыпты. Қазіргі тыныс-тіршіліктеріңіз қалай болып жатыр?

– Шынымды айтайын, одағымыз құрылғалы бері елге еленерлік жалғыз ғана іс-шара жасағанбыз. Ол – 2015-жылы өткен тұсаукесеріміз. Содан бері формальды ұйым секілді елеусіз күн кешіп келдік. Ал қаржысы жоқ істе береке бола бермейтіні белгілі. Одағымыз меценаттар мен демеушілердің қолдауы арқасында ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады.

Дегенмен ӘХЖО ұйым ретінде өзінің өмір­шеңдігін, Қазақстанға қажет мекеменің бірі екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, 2017-жылы мені шет­елдерде халықаралық деңгейде өткізілген 8 әдеби-мәдени іс-шараға арнайы шақырды. Мен соның ішінде тек Түркияда өткен «КИБАТЕК 42» халық­аралық әдебиет және мәдениет фестиваліне ғана барып қайттым. Ал Италиядағы Пабло Неруда атындағы халықаралық әдебиет және өнер қауымдастығы ұйымдастырған іс-шарада маған  Неруда атындағы халықаралық сыйлық берілуі керек еді, бірақ оған бара алмадым. Бірақ оған одағымыздың екі мүшесі қатысып, халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты атанып қайтты.

Мені  Үндістан үш дүркін шақырған болатын. Сол секілді Нигерияда, Монғолияда әлем елдерінің 300-ге жуық ақын-жазушылары бас қосқан дүбірлі әдеби-мәдени феставальдер өтті. Міне, солардың бәріне өзім бара алмасам да біздің елдегі және шет елдердегі қаламгерлеріміз барып қатысып, лауреат, жеңімпаз атанып қайтты. Монғолияда өткен әлем ақындарының 37-форумына қазақстандық қаламгерлерді ӘХЖО мүшесі Жүкел Хамай ағамыз бастап барды және қазақ ақын-жазушыларының ішінен ерекше сыйлық алған да сол ағамыз болды.

Өз басым үш жыл ішінде осы Алматыдан тысқары шықпай-ақ одағымызға 40-тан астам елдің 60 шақты қаламгерін мүшелікке тартыппын. Өзім де 230 мыңнан астам мүшесі бар Италиядағы Әлем ақындары Одағына (2016), Бельгиядағы ИВА БОГДАНИ халықаралық жазушылар қауымдастығына  (2017) мүшелікке қабылданып, Үндістанда жарық көретін «Sahіtya Anand» халықаралық журналының ақылдастар алқасына құрметті мүше (2017) болып сайландым. Тіпті Италиядағы Әлем ақындары одағының бас директоры (2016), ӘАО-ның мәдениет күміс медалінің (2016), ИВА БОГДАНИ халықаралық сыйлығының (2017) иегерімін. Жуырда «Бейбітшілік Әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігі мені М.Шолохов алтын медалімен  марапаттады.

– Өлеңдеріңіз өзге тілдерге аударылып жат­қан болар?

– Одағымызға мүшелікке өткен шетелдік танымал қаламгерлер негізінен менің аудармаларымды бағалады. Мысалы, мен Дмитри П.Краниотис (Грекия, 2013-жылғы Нобель сыйлығына кандидат), Аминур Рахман (Бангладеш), Май Ван Фан (Вьетнам), Мария Мираглия (Италия), Клаудия Пиччино (Италия), Сильвано Бортолаззи (Италиядағы Әлем ақындары одағының президенті, төрт дүркін Нобель сыйлығына кандидат), Мишель Чан Браун, Эмануель Линн (АҚШ), Пенпен Такипсилин (Филиппин),  Харишарис Кота Шина-Темасек (Сингапур) қатарлы біршама танымал ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аудардым. Менің де біршама өлеңдерім әзірбайжан, ағылшын, итальян, испан, вьетнам, араб тілдеріне аударыла бастады. Бірқатар өлеңдерім шет елдерде шығатын халықаралық әдеби журналдарда, мысалы, Вьетнам Жазушылары қауымдастығының әдеби журналында, ірі-ірі ұйымдардың веб-сайттарында және әлем ақындарының таңдамалы антологиялық кітаптарында жарық көрді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Тайуанның ең беделді журналдарының бірінде менің он өлеңім қытай тіліне аударылып жарық көрді. Мені ИВА БОГДАНИ халықаралық әдеби сыйлығымен марапаттаған Халықаралық жазушылар қауымдастығының президенті Джетон Келменд мырза өлеңдерімді албан тіліне аударып жариялайтынын айтты.

– Онлайн-бәйге жариялап, оны да өткізіп алдыңыздар...

– Демеуші күтсем өмір бақи осылай жүре беретін түрім бар. Сондықтан Пәкстанда тұратын Мухаммад Шаназар есімді бірінші орынбасарыммен ақылдасып, Қазақстан Республикасы тәуел­сіздігінің 26 жылдығына орай Одағымыздың атынан «TEMІRQAZYQ – Әлемнің ең үздік ақын-жазушысы, 2017» атты халықаралық әдеби онлайн бәйгесін өткіземіз деп шештік. Бір тиын қаржысыз бұл қалай болар екен деп қатты қобалжыдым, алайда тәуекелге баруыма тура келді.

Бәйгеге шет елдің ең танымал деген ақын-жазушылары қатысатын болғандықтан бұл игі шараны тек ағылшын тілінде ұйымдастырдық. Жаман болған жоқ, айтулы шараға әлемнің 25 елінен 62 талапкер үздік шығармаларын ұсынды.

Әділқазылар төрағасы болып одағымыздың бірінші вице-президенті Мухаммад Шаназар мырза тағайындалды. Ол Пәкстанның әйгілі ақыны, шебер аудармашы, 2015-жылғы Нобель сыйлығының кандидаты. Әділқазылар мүшесі болып бүгінгі таңдағы әлемнің ең үздік ақындарының бірінен саналатын Каролине Назарено-Габис (Филиппин), Джагдиш Пракаш (Үндістан), Джернаил Ананд Сингх (Үндістан) сынды көрнекті әдебиет қайраткерлері тағайындалды. Мысырдың әйгілі ақыны Джордж Онси әділқазылардан тыс, төрағаға бағынбайтын бақылаушы болып бекітілді. Бұл ақындардың бәрі де ӘХЖО-ға мүшелікке қабылданды. Грекияның әлемге танымал ақыны, 2013-жылғы Нобель сыйлығына кандидат Димитрис П.Краниотис мырза да бәйгемізге өлең жолдады.  Онлайн-бәйгеміздің қандай маңызды болып өткенін осыдан ақ бай­қай беріңіз.

Сөзім дәлелді болуы үшін конкурсқа қатысушылар тізімін берсем деймін. Сонымен, поэзиядан: Фахира Батул (Пәкстан), Прамила Хадун (Маврикий), Доктор Ниилам Малик (Үндістан), Кешаб Сигдель (Непал), Наяника Дей (Үндістан), Татьяна Дебельжачки (Сербия) 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдар иеленді. Прозадан Джагари Мукерджи (Үндістан) – 1-дәрежелі, Хамза Хасан Шейх (Пәкстан) 2-дәрежелі дипломға ие болды.

Қазақ қаламгерлері – Олжас Сүлейменов, Марал Ысқақбай (ӘХЖО бастамашысы), Ғаббас Қабыш­ұлы,Үмбетбай Уайдаұлы, Нәзікен Алпамыс­қызы (ӘХЖО бастамашысы) және Акбар Мәжіт «Әлем әдебиетінің лауреаты – 2017, ӘХЖО» халықаралық сыйлығымен марапатталды.

Өз одағымыз атынан бүгінгі әлем әдебиетінде өзіндік орны бар 19 қаламгерді «Әлем әдебиетінің лауреаты – 2017, ӘХЖО» халықаралық сыйлығымен  марапаттадық. Олар мына азаматтар: Сильвано Бортолаззи (Италия), Димитрис П. Краниотис (Грекия), Мухаммад Шаназар (Пәкстан), Джернаил Ананд Сингх, Джагдиш Пракаш (Үндістан), Кэролайн Назарено-Габис (Филиппин), Джордж Оси (Мысыр), Тересинка Перейра (Бразилия), Агрон Шеле, Д-р Ланка Шива Рама Прасад, Д-р Эжиль Вендхан (Үндістан), Аюб Хавар (Пәкстан), Сунита Паул (Үндістан), Д-р Мохамед Нацеур Белхадж Халифа (Тунис), Д-р Шолана Ашок Чакрабарти (Үндістан), Любомир Михайловский (Македония), Анвер Гани (Ирак), Джетон Кельменди (Бельгия), Менд-Ооео Гомбожав (Монғолия).

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ