Сахарада қар жауды, Сиднейде аптап ыстық болды

15.01.2018
Қаралды: 586

Африканың солтүстігіндегі әйгілі Сахара шөлінің Алжирге қарасты бөлігінде қар жауды. Осындағы Сахараға шығатын қақпа іспетті Айн Сефра қаласының аумағынан бастап шет-шегі көрінбейтін құмның үстін қалыңдығы жарты метрге жуық қар басты. Бірақ ол көп жатқан жоқ, кешке қарай толығымен еріп кетті.

Мұндай құбылыс өткен 21-желтоқсанда да орын алған екен. Яғни бұл аумақта екі аптаның ішінде қар екінші мәрте жауып отыр. Ал бұл Сахараға қар жаууының соңғы 37 жыл ішінде бірінші  рет қайталануы екен.

...Дәл осы күндері Жер шарының тағы бір шетінде – Австралияда аптап ыстық күндер жүріп жатты. Мысалы, Сидней қаласында 47 градус ыстық болып, көптеген адамдар өздерін жайсыз сезінген, бірқатар жерлерде өрт шығып, үйлер отқа оранған. Кей стадиондарда ауаның қызғаны сонша, онда спорттық жарыстардың уақытын кейінге шегеруге тура келген.

Қаңтар айында ол жақта мұндай аптап ыстықтың орын алуы сирек кездесетін жайт екен. Ауаның осынша ысуы Сиднейде сонау 1939-жылы орын алыпты, ол кезде температура шегі 48 градусқа дейін көтеріліпті.

Табиғаттың мұндай тосын мінезіне таңданбасқа шараңыз жоқ. Ал ғалымдар мұның себебін климат ауысуымен түсіндіруде.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ