Әке қабіріне топырақ салуды армандайды

15.01.2018
Қаралды: 538

Миллиондаған адамның өмірін қиған Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жылдан асты. Осы соғыста әкесінен айырылғандардың өздерінің жасы бүгінде 70-тен асып, 80 – 90-ды алқымдап отыр. 

Олардың көбінің арманы – майданнан оралмаған, хабар-ошарсыз кеткен әкелерінің басына барып, зиратына туған ел топырағын салу, рухына дұға бағыштау. Шымкенттік Дүйсебай Қалдыбаевты да (суретте) кейінгі кездері осы жай мазалап жүргенін біз ол кісімен сұхбаттас болғанда білдік.

Дүйсебай қарияның әкесі Байдулла 1906-жылы өмірге келген екен. 1942-жылы әскерге алынып, арада екі жыл өткенде қаза тауыпты. Марқұм Ресейдің Калинин облысындағы Новосокольники ауданына қарас­ты бір елді мекендегі шіркеудің солтүстік-шығыс бағытында жерленіпті. Дүйсебай қария ол туралы бертінде, әкесін іздестірген кезде аудандық әскери комиссариаттан білген.

«Әкем соғысқа кеткенде мен 4 жаста екенмін, – дейді ол кісі. – Топырлаған адамдармен бірге ке­тіп бара жатқаны еміс-еміс есімде қалыпты, ал түр-тұлғасын көзіме елестете алмаймын. Анам Бүбіштің де бет-бейнесі жадымда қалмапты, өйткені ол кісі сол кездері қатты науқастанып, төр­кінінде емделіп жатқан екен, көп ұзамай дүние салды. Үйде әжем Нұргүл екеуміз-ақ қалғанбыз, мені әжем асырады. Үлкендер колхоздың жұмысына кеткенде бәрімізді балабақша сияқты бір жерге қалдырушы еді. Ол кісі соғыс біткесін екі-үш жылдан соң қайтыс болды. Мен бір алыс жамағайындардың үйінде жүріп жетілдім».

Дүйсебай қария сол кездері өздерінің Ташкент облысындағы Орта Шыршық ауданында тұрғандарын айтады. Ол жаққа ата-анасы Қазақстанда болған ашаршылық жылдарында көшіп барғанға ұқсайды. «Руымыз – Шанышқылы, бірақ еліміз қай аумақта болғанын білмеймін, – дейді ол кісі. – Оны маған айтып беретін адам да болған жоқ».

Ол кісі мектептен кейін кәсіптік-техникалық училищеде оқыпты, Қостанайда жұмыс істепті, кейін Ташкенттегі гидромели­оративтік техникумды бітіріп, Аягөз қаласында еңбек етіпті. Сосын тоқыма институтын сырттай оқып бітірген, Әндіжанда жұмыс істеген. Қысқасы, көп жерде еңбек етіпті, жауапты қызметтер атқарыпты. Осыдан бірер жыл бұрын Шымкентке жақын жердегі Ақтас ауылына келіп қоныстаныпты.

Дүйсебай қарияның үйіндегі апамыздың есімі Нина екен. Айтуынша, ол кісінің әкесі қазақ (Темір руынан), анасы орыс қызы болған.  Әке-шешесі Ресейдің Пенза облысында тұрып, теміржолда істеген, кейін Ангрен темір жолына ауысыпты. Нина осы жақта туылыпты, кейін бір кәсіпорынның кадрлар бөлімінде жұмыс істеген. Міне, осы Нинамен көңіл жарастырған Дүйсебай Қалдыбаев кейін оған үйленіп, отбасыларында өмірге 7 ұл бала келіпті. Олардың біреуі бертінде қайтыс болған. Қарияның қалған балаларының бәрі де үйлі-баранды болып, жетілген, бүгінде өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр.

«Кейінгі кездері мені әкемнің зиратын барып көріп қайтсам деген ой жиі мазалайды, – дейді ол кісі. – Бірақ әзірге қол қысқалық етіп отыр. Балалардың өз тіршілігі өзімен, оның үстіне оларға жаңа жерге қоныс аударғасын бейімделіп, қалыптасып кету де оңайға түсіп жатқан жоқ, сондықтан оларға салмақ салғым келмейді. Зейнетақыдан жинау қиындау, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен артылмайды. Сондықтан әзірге әкемнің басына бір барып қайтсам екен деген ой-арманмен жүріп жатқан жайым бар».

Дүйсебай қария осылай дейді. Ол кісінің әкеге деген сағынышын сезініп, көңіліміз толқыды. Осындай арманда жүріп өмірден өтіп кеткен әке-апаларымыз қаншама десеңізші! Арамыздағы көзі тірілерінің өзі бүгінде көп те емес. Олардың жанын түсініп, жағда­йын ұғып, көмек қолын созатын, әкелерінің зиратына барып, бір уыс туған жер топырағын салып қайтуына жағдай жасайтын азаматтар болса ғой дейсің. Тіпті дәл осындай жұмысты мемлекеттік деңгейде қолға алса да болар еді. Қазынадан қаржы бөліп, әкесін іздеген қарияларды олардың сүйегі жатқан жерлерге апарып қайтса, бұл шаруа мемлекетке аса қиын бола қоймас деген ойдамыз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ