Малыңыз «мандамға» шалдықпасын

15.01.2018
Қаралды: 294

Редакциямызға Сарыағаш ауданындағы Бесқұбыр ауылынан Атығай Бекқұлов хабарласты. Жұртшылық «Кашпировский» деп атап кеткен бұл кісі жайында біз кезінде газетімізде жазғанбыз. Атекең – мал дәрігері, осы салада еңбек еткен, қазір де ауылындағы «Санжар» шаруа қожалығында мал  дәрігері болып жұмыс істейді.

«Жаңа жылдың алдында «КТК» телеарнасынан Қарағанды облысында жылқы малы белгісіз аурудан қырылып жатқаны туралы көрсетті. Өлген малды өртеп, көміп тастап жатыр екен. Сипаттауларына қарап мен жануарларды баудай түсіріп жатқан аурудың қандай дерт екенін аңғардым. Сосын телеарнаға хабарласып, ондағыларға және малы өлген бірер азаматтарға оның қандай ауру екенін, емдеу тәсілдерін айттым. Сосын бұл жөнінде көпшілік біле жүрсін деген мақсатпен сіздерге телефон шалып отырмын», – дейді Атығай Бекқұлов.

Атекеңнің айтуынша, Қарағанды жақтағы жылқыға тиген бұл дерт «Мандам індеті» деп аталады. Ғылыми атауы – «Эпизоотиялық лимфангит». Кейде оны «Африкалық маңқа» деп те атайды. Дегенмен мандамды кәдімгі маңқадан (сап) ажырата білу керек.

Мандам індеті тек жұмыртұяқты жануарларда ғана (ат, есек, қашыр) кездеседі. Оған көбіне жас жылқылар, жұмысқа қабілетті жастағы жылқылар ұрынады.

Ол – саңырауқұлақтектес микроағзалар әсерінен туындайтын, созылмалы түрде жүретін жұқпалы ауру. Негізінен теріасты лимфа тамырларын, лимфа түйіндерін зақымдайды. Ол тұста домалақ түйінді іріңді жара пайда болады, басқанда дертті мал ауырсыну сезінеді. Терінің беткі қабатында, оның қыртыстарында, сондай-ақ тері астындағы шелде түйіндер мен бітеу жаралар, ұра, кейде тері мен лимфа түйіндерінде ісік пайда болады.

Аурудың жасырын дамитын уақыты 15 күннен 6 айға дейін созылады. Сондықтан оны дер кезінде байқап, тиісті шара жасау оңай емес. Кейде ауру малдың көзін жоюға тура келетін кездер болады. Әйтпесе ол қорадағы, табындағы малдың 10 – 20 пайызға дейін шығынға ұшырауына себеп болуы мүмкін.

Мандам маусымдық кесел саналады, ол күз – қыс айларында көбірек туындап, таралады. Ал малдың бұл дертке ұшырамауы оның алдын алу шараларының, тазалық жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне байланысты. Диагнозды қатесіз қойып, емді дер кезінде бастаса, ағзаның қорғаныс күштерінің қуатын арттырса, жылқыны дерттен 10 – 25 күн ішінде айықтыруға болады екен.

...Біз жұртшылық «Кашпировский» деп атап кеткен азаматтан осындай жай жөнінде білдік. Мұны шаруашылығында жылқы ұстайтын барша ағайынның біле жүргені дұрыс-ау. Ал, жалпы, мал ауруларына қатысты қандай да бір сұрағы бар жандар Атығай Бекқұловпен телефон арқылы байланыса алады.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ