Елбасы Жолдауында не айтылды?

15.01.2018
Қаралды: 161

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялады. «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауында Президент бүгінгі күндері адамзаттың төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуіріне аяқ басқанын атап көрсетті. 

«Қазіргі технологиялар әлемді өзгертуде. Ғаламдық технологиялық өзгерістер жаңа сын-тегеуріндермен қатар жаңа мүмкіндіктерді де туғызады», – деді Елбасы.

Президент осыған орай алдағы уақытта іске асырылуы тиіс мынадай 10 негізгі тапсырмаларды нақтылап берді:

1. Өнеркәсіп саласындағы өндірістік процестерде сандық технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыру  және заманауи бизнес-модельдерді игеру.

2. Ресурстық әлеуетті арттыру үшін ақпараттық-технологиялық шешімдер ендіру.

3. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру.

4. Транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыта түсу.

5. Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында заманауи технологиялар ендіру.

6. Қаржы секторын «қайта жүктеу», ол қатаң қадағалаумен, банк иелері мен басшыларының жауапкершілігін арттыру және қарапайым азаматтардың мүддесін назарға алумен бірге жүріп отыруы тиіс.

7. Адам капиталының сапасын арттыру. Білім беру және денсаулық сақтау жүйелері заманауи талаптарға сай болуы қажет. (Осы орайда Президент әлеуметтік салаға 4 триллион теңге қаржының бағытталғанын, соның ішінде базалық зейнетақының 1,8 есеге, жаңа бағдарламалар бойынша білім беруге оқытылып, біліктілік санаты артырылған мұғалімдердің айлық жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін өсетінін атап өтті).

8. Тиімді мемлекеттік басқару. Аймақтардың экономикалық дербестігі және жергілікті өзін-өзі басқару кеңейтіледі.

9. Заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді.

10. «Смарт сити» технологиясын ендіру өсіп келе жатқан қалалардың проблемаларын тиімді шешуге және олардың инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

...Президент аталған бағыттардың әрқайсысына жан-жақты тоқталып, қандай жұмыстардың қалай іске асырылуы тиіс екендігіне дейін айтып өтті.

«Бізге бұл аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек», – деді Елбасы өз сөзінде.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ