Қонаевпен кездескен күндерін ұмытпайды

11.01.2018
Қаралды: 432

Кешегі дүйсенбі, 3-қаңтар күні редакциямызға Шымкенттің іргесіндегі Қасымбек датқа ауылынан (оны Көмешбұлақ деп те атайды) Әзімхан қажы Қуанышбек есімді қария келді. Ол кісінің жасы 80-де екен, өзі кезінде «Қайнарбұлақ» совхозында жауапты қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шығыпты. Жұбайы Жайлаукүл апамен бірге өмірге 4 ұл, 6 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіріпті.

«Алдағы 12-қаңтар қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың өмірге келген күні ғой, – дейді Әзімхан қария. – Маған ол кісімен екі рет дидарласудың бақыты бұйырған еді. Кезінде ол біздің совхозға екі мәрте келген, сонда қарапайым еңбек адамдарымен – комбайнер, шопан, механизаторлармен кездесіп, бір дастарханнан дәм татты. Әрқайсысының жанына барып, отбасындағы жағдайымен танысты, үйінде қанша малы барына дейін қызыға сұрап жатты. Яғни ол кісі қарапайым жұрттың тыныс-тіршілігіне қатты мән беретінін аңғарт­ты. Бұған жұртшылық аса риза болды. Кейін Димекеңмен кездесіп, дидарласқан төбені жұрт «Қонайтөбе» деп атап кетті, ол жер біздің ауылдан Ошақтыға бұрылыс тұсында тұр, әлі де солай аталады.

Мен осындай тұлғаға, өмірін халыққа қызмет етуге арнаған, халықтың шын мәніндегі арқасүйері болған асыл азаматқа арнап өлең жазған едім. Осы өлеңімді газеттеріңде жарияласаңдар екен деген өтінішпен келіп тұрмын».

Әзімхан қария бізге осылай деді. Біз ол кісінің жүректен шыққан лебізіне газет бетінен орын беріп отырмыз.

 

Ұмытпас есіміңді барша халық

Қазақтың кемеңгері, данышпаны,

Адамзаттың азулы арыстаны,

Димаш аға, тау-тұлға сен тұрғанда

Басқаның керегі не алыстағы?

 

Көп еді мына өмірден көргеніңіз,

Тер төгіп, елге сіңді еңбегіңіз.

Қазақтың маңдайына бақ орнатты,

Өмірге мына Сіздің келгеніңіз.

 

Күш салдың елді аяқтан тұрғызуға,

Мән жатыр сенің әрбір жұлдызыңда.

Саған деген ықылас, алғыс жатыр,

Қазақтың әрбір қарты, ұл-қызында.

 

Халқыңды жетеледің армандарға,

(Үш мәрте Алтын жұлдыз алған бар ма?)

Сендей ұлды өмірге алып келген

Анаңда, бұл қазақта арман бар ма?

 

Сен арқылы жатқан соң бағы жанып,

Ұмытпас есіміңді барша халық.

Димаш аға, өзіңдей кемеңгерлер

Мың жылда да өмірге келмесі анық.

Әзімхан қажы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ