Доула болып жұмыс істейтін Дариға

11.01.2018
Қаралды: 522

Ана болғысы келген әйел нені білуі тиіс? Оған қандай күтім керек? Осы және өзге де сұрақтардың нақты жауабын Дариға Келімбетова жақсы біледі. Ол дәрігер де, емші де емес, тек жүкті әйелдердің жеңіл босануына жәрдем беретін маман. Бүгінде ел ішінде мұндай қызмет түрін ұсынатын адамдарды «доула» деп атайды.

 

«Тарқатып айтар болсам, доула – грек тілінен аударғанда «қызмет көр­сетуші» дегенді білдіреді. Яғни босану мерзімі жақындаған жүкті әйелдерге физикалық, эмоциялық қолдау көрсететін әрі жеңіл босанудың қыр-сырын үйре­тетін, перзент­ханадан шыққасын ана мен балаға күтім жасайтын маман», – дейді Дариға Сырымбетқызы. – Біз оларды емдемейміз, сондай-ақ дәрігер­лердің ісіне араласып, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрле­мейміз. Біз тек жүкті әйелмен әңгімелесіп, оның эмоционалдық жағдайын жақсартуға, босану алдындағы қорқынышын сейіл­туге көмек­тесеміз. Босанғанға дейін бірнеше мәрте серуендеуге шығамыз. Керек болса, массаж жасап береміз және босанатын күні жанында болып, баласына қарасуға қолғабыс етеміз. Негізі мұның бәрі біздің халыққа күлкілі, жұрт оған ақшаны бос­қа шашу деп қарайды. «Баяғыда өзіміз шөп шауып жүріп-ақ босанып ал­ғанбыз. Пішту, еріккенің ермегі!» – деп сыртымыздан сыбап алатындар да табылады. Әйтсе де айта кеткен жөн, өмірге дені сау ұрпақ келуі үшін ананың көңіл-күйінің жақсы болуы, оның денінің саулығы аса маңызды. Сондай-ақ кей әйелдер босану залына жақын адамдарының кіргенін қаламайды, оның орнына сырын ешкімге ашпайтын бөтен адамның қолғабыс еткенін тәуір көреді. Ал кейбір әйелдер­дің жақындары болмауы мүмкін. Біз сондай кісілерге қызмет етеміз.

 

Жалпы, доула қызметі біздің елде енді ғана дамып келеді ғой, ал АҚШ, Германия, Австрия секілді дамыған елдерде доула қызметіне түгелдей дерлік жүгінеді».

 

Дариға Алматы қаласында тұрады. Доула болып жүргеніне екі жылдың жүзі болыпты. Бұған дейін жекеменшік медициналық орталықта мейірбике болып жұмыс істеген. Үш перзенті бар. Кішкен­тайы Сәбинаға аяғы ауыр кезде әлеу­меттік желі арқылы доула болып істейтін орыс ұлтының өкілдерімен танысып, солардан дәріс алыпты. Одан бөлек, қайын сіңлілері, жеңгелері босанғанда жанында болып, әбден тәжі­рибе жинақтапты. Содан соң ғана өзін-өзі ғаламтор арқылы жарнамалап, қыз­метін бастап кеткен. Күні бүгінге дейін 32 ананың сәбилі болуына сеп­тігім тиді дейді.

 

«Әр әйелдің мінезі-құлқы, өмірге деген көзқарасы әртүрлі болады. Әсіре­се жүкті әйелдердің көңіл-күйі тым құбылмалы келеді. Осы күнге дейінгі тәжіри­бемде бір қызық жағдай өтті. Шатаспасам, 2016-жылдың тамыз айы болса керек, Самира есімді жас келіншек маған көмектесіңіз деп хабарласты. Босануына әлі екі ай бар екен. Әдеттегідей онымен барлық мәселені талқылап, жай-жапсарды білу үшін бірнеше мәрте кездестім. «Алғаш рет ана болғалы отырмын. Босанғанымда жанымда болыңыз, мен қатты қорқып жүрмін», – деп қайта-қайта шегелеп тапсырған.

 

Айы-күні жеткен кезде артынып-тартынып перзентханаға жетіп барайын. Босанатын залға кіргенім сол, әлгі Самира: «Шығыңыз! Маған сіздің көмегіңіз керек емес, өзім босанамын. Қарамаңыз маған!» – деп айқай салды. Ә дегеннен аузыма сөз түспей, амалсыз шығып кеттім. «Қап, мұның соңы қалай болар екен? Аман-есен босанып алсын енді» деп сыртта уайымдап жүрге­німде оның ұл босанғанын естідім. Сөйтсем, әлгі келін­шек менен толғағын қызғанған екен. Бірақ соңыра Самираға бала емізуге, оған күтім жасауға барынша көмек көрсетіп, алғысын алдым», – дейді доула Дариға.

 

Жалпы, доула қызметіне жүгінгісі келетіндер мына нәрселерді білуі тиіс: Ол сізге қандай жағдайда босанудың жеңіл екенін айтып түсіндіреді, сізді қызықтырған сұрақтарға жауап береді, босану уақытына дейін екі немесе үш рет кездесуі мүмкін. Босанар күні үйіңізге немесе тіке перзентханаға барып, жаныңызда болады. Суыңызды беріп, массаж жасайды. Жаңа туылған нәрестеге кімнің не істеп жатқанын, қандай екпе салғанын бақылайды, керек болса, суретке түсіреді, босану залынан шыққасын сізге ыстық тамағыңыз бен шайыңызды ішкізеді. Баланы қалай емізу керегін үйретеді. Перзентханадан шыққаннан кейін екі күн үйіңіз­ге барып ас-ауқатыңызды әзір­лейді, баланы шомылдырып, сылап-сипап береді. Сіздің жақсылап терле­уіңізге, қажет болса, шомылуыңызға жәрдем­деседі. Осы қызмет түрі үшін Дариға 80 мың теңге алады. Ал егер сізге қырық күнге дейін күтім керек болса, оған тағы ақы төлеуге тиіссіз. Бірақ оны доулаға алдын-ала ескертіп, келі­сіп алған жөн. «Өйткені босанған әйелге қырық күнге дейін күтім жасайтын болса, онда өзге тапсырыстарды шегеруге тура келеді», – дейді Дариға.

 

Ол доула таңдағанда оның балалары, күйеуі бар-жоғына, тәжірибесі мен мамандығына көңіл бөлу керек деп кеңес береді. «Адам бір көргенде-ақ сізге жағымды әсер қалдыруы керек. Яғни бір көргенде ол сізге ұнай кетсе, демек, онымен жұмыс істеу жағымды болады. Ал егер уәдені үйіп-төгіп бере­тін, мылжың адам болса, онда әу бастан қарым-қатынас­ты үзе салу керек. Қазір ғаламторда доула қызметін ұсынатын мамандар өте көп. Алғаш кездескенмен келісім-шарт түзе салмай, бірнешеуімен сұхбаттасқаныңыз дұ­рыс», – дейді Д.Келім­бетова.

 

...Баяғыда жаңа босанған әйел мен жас нәрестенің күтімі енелердің мойнында болатын. Ал қазіргі замандағы доула ененің орнын баса алмас, дегенмен көмекке зәру жандардың жанына жалау болатын сияқты.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ