Уақыт – жүйрік, кім оны құрықтасын?

11.01.2018
Қаралды: 590

(«Жүректен шыққан 100 өлең» топтамасы)

           

         Қауашаққа тұмшаланған

                     адамдар

Адам қазір бәз-баяғы адам ба,

Сол қалыптан қандай із бар санаңда?

 

        Кейде адасып жүргендей боп тұманда,

        Мынау өмір толып кетер күмәнға.

 

Дамимын деп бұл адамзат ілгері,

Мәселе де көбеюде күрделі.

 

        Жеңілденген сайын оның жұмысы,

        Ауырланып бара жатыр тынысы.

 

Озық оймен ғаламтор қып құрғаны,

Қайта өзін шырмауықтай шырмады.

 

        Әркім бөлек қымтанып ап жан-жағын,

        Көрінбейтін етіп қойды бар маңын.

 

Күніңде де, таңыңда да, кеште де,

Қызықтырмас маңайда оны ештеңе.

 

        Барған сайын артқанменен білімі,

        Қоғам үшін шықпайды әсте бір үні.

 

Ашықтыққа ұмтылам деп ақыры,

Жабықтыққа әкелді оны ақылы.

 

        Адамға енді шыншыл көзбен қарасақ,

        Ол – кәдімгі тұмшаланған қауашақ.

 

Мың-сан ақпар қайнағанмен басыңда,

Не боп жатыр білесің бе қасыңда?

 

        Бар ғаламның жаңалығын білгенмен,

        Байланысың шорт үзілді іргеңмен.

Адамзаттың соры ма бұл, бағы ма,

Өркениет не «сыйлайды» тағы да?

 

        Замананың артта қалып тәуірі,

        Басталды ма қауашақтар дәуірі?..

 

 

         Бұрынғы мен бүгінгі

Саудаласпай сатып алған бесігін,

Бұрынғыны айтсақ қазір несі мін?

Жаман ойлап қалмасын жұрт деп олар,

Құлыптауды білмейтұғын есігін.

 

        Жақсы пікір айтылар ма оңай тым,

        Бұрынғылар оған қатты қарайтын.

        Ел ішінде өзі жайлы әрдайым,

        Тек жақсы сөз айтылуын қалайтын.

 

Өзін ылғи жүрсінші деп ескеріп,

Қалдыруды ойлап жақсы естелік,

Ақ ниетін бұрынғының қыздары,

Ақ матаға тігуші еді кесте қып.

 

        Ал жігіттер жаралатын намыстан,

        Көрген халық жақсы әсерде қалысқан.

        Себебі олар ел сүйсініп жүрсін деп,

        Бір-бірімен мәрт істермен жарысқан.

 

Сақталды ма сол бір ғажап үрдісің,

Бұрынғының алдық па біз үлгісін?

Әлде саған түк емес пе жұрт сөзі,

«Пікіріңе түкірдім» деп жүрмісің?

 

        Қайда адамдар ел сөзінен жасқанған,

        Жақсы атану болмай жүр-ау басты арман.

        Азғындаса мынау қоғам, бәрі сол –

        Пікірлерге түкіруден басталған...

 

 

                      Төрт өлшем

Жаратылыстың заңдылығы бар мәңгілік,

Мән бермейсің көп тұрсаң да оны сен біліп.

Шығыс пен Батыс, Оңтүстік және Солтүстік –

Төрт құбыла ғой ғаламды ұстар тең қылып.

 

       Осы төртеуі ғаламшардың төрт тірегі,

       Төртеуі бірге біртұтас өмір сүреді.

       Түгел боп тұрса қай нәрсенің де төрт жағы,

       Адамзат оны мызғымас күш деп біледі.

 

Әлемде әлі жаңалықтар көп ашылар,

Зерделей білген жандар мынаған қосылар:

Биіктік, Кеңдік, Тереңдік және Тазалық –

Бойыңа керек төрт түрлі өлшем осылар!

 

        Осылар болса бағдаршам етер құбылаң,

        Өтерің анық сүрінбей өмір сынынан.

        Ішкі әлеміңе тән болса сол төрт қасиет,

        Көрінерің хақ ғұламалықтың шыңынан.

 

Шығыс пен Батыс, Теріскейің мен Түстігің,

Түгел боп тұрса сенен асатын күшті кім?

Биік бол, Кең бол, Терең бол және Таза бол,

Осылар болсын іргесі берік ұстының!

 

 

               Зулайды өмір

Зулайды өмір, қалайша таңқалмайсың,

Көп нәрсеңді жоғалтып алғандайсың.

Еске түссе, баяғы шырын шақтар,

Қайталанса шіркін деп армандайсың.

 

        Әміріне уақыттың бағынбас кім,

        Бала күнді қалайша сағынбассың?

        Қарашы, әне, топ-томпақ қыздары бар,

        Бір кездегі томпиған қарындастың.

 

Сен ағаңның қолқанат, тынысы едің,

Құлағыңда жаңғырар үні сенің.

Әне, енді өз ұлын жетектеп жүр,

Бір кездегі кішкентай інішегің.

 

        Қанығарсыз көп жайға, сұрасаңыз,

        Суыртпақтап сыр ашар, ұнасаңыз.

        Айналыпты-ау бүгінде құдағиға,

        Бір кездегі ұялшақ құдаша қыз.

 

Уақыт – жүйрік, кім оны құрықтасын,

Күңгірттенер кей жағдай ұмытқасын.

Үлкен кісі болыпты қарап тұрсаң,

Бір кездегі кішкентай сыныптасың.

 

        Әркім алар өмірден алатынын,

        Бірақ тілі бұрылмас сағатының.

        Кішкентайлар өсуді армандаса,

        Ал үлкендер аңсайды бала күнін.

 

 

           Апталар аялдамайды

Зымырайды күндер, айлар, апталар,

Қандай тірлік тындырдың сен мақтанар?

Белгі болса сол күндерден егер де,

Ерекшесі ел есінде сақталар.

 

        Кідірместен өтер күндер, апталар,

        Бірде өкінсең, бірде саған бақ қонар.

        Жиі-жиі дидарласып тұрмасаң,

        Жақын деген адамың да жат болар.

 

Аялдамас бір сәт айлар, апталар,

Көп пе күнің шын мәнінде шаттанар?

Айналаңа түсіп жүрсе шұғылаң,

Сен туралы жақсы естелік боп қалар.

 

        Мағынасыз босқа өтсе апталар,

        Мәнсіз өмір сүрді деген ат қалар.

        Ал егер де сауап ісің көп болса,

        Абыройлы ететін де нақ солар.

 

 

        Сәйкестілік формуласы

Бір шындық бар, онымен кім таласқан:

Табиғатқа сәйкестілік жарасқан.

Сәйкес болса ішкі, сыртқы әлемі,

Ондай жанды мойындаған, санасқан.

 

        Бірақ мынау жайға жоқ-ау жауап түк:

        Неге кейде кетеді екен ағаттық?

        Сырты сұлу кей әйелді табиғат,

        Көрер көзге жаратады салақ қып.

 

Болғанменен денесі алып орасан,

Кей еркектің даусы нәзік, қарасаң.

Реңі онша келіспеген әншілер,

Салып тұрар сахнада тамаша ән.

 

        Мойындала бермес биік, заңғарлар,

        Пәкенелер ұзын бойды армандар.

        Бас пішімі өте үлкен болғанмен,

        Ал аяғы кіп-кішкентай жандар бар.

 

Санай берсең, мұндай мысал – белшеден,

Табиғат қой мұны осылай өлшеген.

Бірақ әсте қорқыныш жоқ олардан,

Қорқу керек ой-өрісі келтеден.

 

        Сәйкестілік – тағдыр берген мол сыйың,

        Өмірде бар одан да үлкен, зор түйін:

        Жан-тәніңді қосақтаған адаммен –

        Сәйкеспесең, бәрінен де сол қиын.

                                                                  Иса ОМАР

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ