Қар мен мұз да дертке дауа бола алады

11.01.2018
Қаралды: 603

Таяуда біз қызылордалық емші Жар­қын Шұғаевпен сұхбаттасқан едік. Сонда ол кісіге мынадай сұрақтар қойдық:

– Қазіргідей қыс ауасында қандай себептерден болған ауруларды емдеу тиімді нәтиже береді?

– Осыған қатысты қыста жиі өрши­тін нақты бір ауруға қарсы рецепт ұсы­на аласыз ба?

Ол кісі бізге былай деп жауап берді:

– Өтейбойдақ бабамыз негізін сал­ған қазақ медицинасында ауру себебі 14 түрлі болады деп айтылады. Соның ішінде райлық және ыстық-суықтық деген себеп бар. Райлық себеп қыс, жаз, күз, көктем болып тарқатылады. Міне, осы қыста жиі болатын, яғни суықтан бастау алған кеселдерді – жазда, ал ыстықта өршитін ауруларды – күн салқында емдесе нәтижесі тиімді болмақ.

Суықтан болатын аурулар ішіндегі ең көп кезігетіні – тыныс жолы және буын аурулары. Осының ішінде өкпе-тыныс жолы ауруында бізге белгі бере­тіні – жөтел, қақырық байлануы, өкпе дұрыс жұмыс істей алмаған соң онда кілегей жиналуы. Бұл – ағзаның ауруға қарсылық-рефлекстік, қорғау ретіндегі белгісі. Мұндайда қақырықты сұйылтып, өкпенің суығын шығару керек. Ол үшін ең қарапайым да оңай бір рецепт ұсынайын.

Ақжүрек деген шөп болады. Шабдалының ішін ойып, оған ақжүрек тамырынан 5 грамм салып, оны «мантоваркада» жарты сағат қайнатып жеу керек. Осылай екі-үш күн қайталаса ол өкпені жібітеді,  қақырықты түсіреді, ондағы суықты қуады. Ал, жалпы, ағзаның ауруға қарсылық қуатын арттыруды көздеген адам шұбатты көп ішкені дұрыс. Оның шипасы мол.

Тағы бір ем – жылқының тірсегі. Қазір соғымға жылқының көп сойылатын кезі, оны табу қиын емес. Соның жілік ма­йын суық тиген жерге, қақсап-сыздаған буындарға шикідей жақса да ерекше шипасы бар. Бұл да қазақ атамыз бұрыннан қолданып келе жатқан әдіс-амалдардың бірі.

Кәдімгі қар мен мұзды да ағзаны сауықтыруға қолдануға болады. Мысалы, мұзды ерітіп, оған қайнаған су қосып ішіп жүру ағза үшін өте пайдалы. Ол іштегі ағза тепе-теңдігін сақтауға, пайдалы, жөтелде шипа. Рас, нәтижесі бірден білінбейді. Есесіне шипасы өте керемет.

Осы ретте иттің де емге жарайтын бір кәдесін айта кетсем деп едім. Қан қысымы қатты көтерілгеннен немесе бас­қалай себеппен мұрны жиі қанайтын адам иттің жүнін түтетіп, соны иіскесе бұл ауру бірден сап тиылады. Оны ары кеткенде 2 рет қана қайталайды. Өз басым бұл емді бірнеше адамға қолдандым.

Қазақ әу баста жағдай сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» деп алдымен малдың жайын сұраған. Осы малымызды, одан қала берді, бүкіл үй-жайымызды қорғайтын ежелден келе жа­т­қан сенімді серігіміз – ит қой. Сондықтан Ит жылы бізге жайлы, жағымды болады деп сенемін. «Аса байлық не керек, ден сау болса болғаны-ай!» – деп әндеткен халықпыз ғой. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік. Оның бірден-бір жолы – қимыл-қозғалыс. Күнде бір тамшы тер шығарсақ, соның өзі ем.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ