562 адам қызметтен кетті

11.01.2018
Қаралды: 203

Жаңа жыл қарсаңында Өзбекстанның Қаржы министрлігінде топалаң тигендей  тосын оқиға орын алды. Ташкентте болған жиында Президент Шавкат Мирзиёев 2017-жыл қорытындылары туралы айта отырып ішкі саясаттағы көптеген мәселелерді талқыға салды, сол кезде ол әсіресе елдің Қаржы министрлігінің жұмысына қатысты қатаң сын білдірді. 

Ол кісі таяуда ғана (қараша, 2017-жыл) Қаржы министрі болып тағайындалған Жамшид Кучкаровқа министрлікті он күн ішінде өз ісіне адал емес қызметкерлерден түгелдей тазартуды тапсырды. «Олардың орнына өз Отанын сүйетін, оған адал қызмет ететін жас кадрлар келуі тиіс», – деді өзбек Президенті.

Ал Президенттің тапсырмасын орындау сол күні-ақ басталып кетті, министрліктің жергілікті бөлімдеріне жұмысына сай емес адамдардан тез арада құтылу жөнінде бұйрықтар түсті. Келесі күннің өзінде екі департамент басшысы мен орынбасарлары, ел астанасы – Ташкенттегі қаржылық бақылау басқармасының бастығы мен оның 3 орынбасары, оған қоса аумақтық басқармалардың 100 қызметкері жұмыстарынан босатылды.

Жалпы, бас-аяғы бірер күнде ғана қызметімен қош айтысқандардың жалпы саны 562 адамды құрады. Атап айтқанда, аумақтық басқармалардан 23 лауазымды тұлғаларды қос­қанда 273 адам жұмысынан айырылды. Ал қазынашылық бөлімдерден 65 қызметкер жұмысынан қуылды, олардың 12-сі – басшы азаматтар. Зейнетақы қоры жүйесінен 100 адам жұмысынан босатылған.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ