Иттің майы пайдалы ма, жоқ әлде зиянды ма?

10.01.2018
Қаралды: 1324

Иттің майы кей дертке шипа болатыны туралы ел ішінде аз айтылмайды. Әсіресе ол жел-құздан туындайтын ауруларға, туберкулезге ем болады деседі. Бұл қаншалықты рас? Оның зияны жоқ па екен? Біз осы жөнінде деректер іздеп көрген едік.

Қуатты арттырады деседі

Ит майы халық медицинасында кеңінен қолданылады. Оның құрамындағы қанықпаған майлы қыш­қылдар ағзаға аса пайдалы. Олар ағзада жаңа жасушалар, фосфолипидтер, байланыстырушы тіндер түзілуіне әсер етеді, сондай-ақ жүрек және қан тамыры дерттерін туындататын зиянды холестериннен арылуына жол ашады.  Емшілер өз тәжірибесінде оның борсықтың, аюдың майынан кем түспейтініне көз жеткізіпті. Әсіресе тыныс жолдары ауруларын емдеуде маңызы зор екен.

Иттің майын сықпамай ретінде де, сондай-ақ ішіп те қолдануға болады. Тек оны жылытып пайдалану керек. Емшілер оны профилактикалық мақсатта күніне екі мәрте (тамақ арасында) 1 ас қасықтан, аздап бал қосып ішіп тұруға кеңес береді. Сонда ол сергектік сыйлайды, ағзаның қорғаныс қуатын арттырады дейді. Профилактикалық курсы – 1 ай. Арасында үш ай үзіліс жасаған дұрыс.

Өкпеге де дауа екен

Халық медицинасында ит майын туберкулез бен өкпе қабынуына (пневмония) қарсы қолдану тәртібі мынадай:

1. Туберкулез кезінде ит майын қолдануды жылдам бастау керек. Кешіккен сайын әсері әлсіз болады. Дегенмен оны өз бетімен емес, емдеуші дәрігермен кеңесе отырып қолданған дұрыс.

Ит майында бактерицидтік қасиет бар, ол туберкулез таяқшаларын өлтіреді. Қолдану үшін ыдыстағы ит майын алдымен «су моншасында» жылытып алу керек. Сосын күніне екі-үш мәрте, тамақтан 1 сағат бұрын 1 ас қасықтан ішіп тұру қажет. Тез сіңірілуі үшін оған бал немесе «кәрі» алоэнің жапырақ шырынын қосқан дұрыс.

2. Пневмония. Ит майы өкпе қабынуы кезінде берілетін дәрілердің күшін де арттырады. Қажетті дәрмек былай жасалады: 5 лимонды ағын суда тазалап жуып, еттарт­қыштан өткізеді. 2 литрлік шыны ыдыс­қа құйып алады. Сосын оған 5 жұмыртқаны (жаңасын) жарып, араластырады да, суық жерде 3 күн сақтайды. Бұдан кейін үстінен аздап жылытыл­ған 200 грамм ит майын, 1 литр сұйық бал, 1 стакан коньяк қосады. Әбден араластырып, суық жерде сақтайды.

Бұл дәрмекті таңертең және кешке (ұйқыға жатарда) тамақтан 1-2 сағат бұрын (немесе кейін), 2 ас қасықтан ішіп тұру керек.

Ағзада тасы барлар абайласын

Ит майын бүйрегінде, әсіресе өтінде тасы бар, ауруы қозып тұрған адамдардың ішуіне болмайды.

Сондай-ақ иттің майын жүкті, емізулі баласы бар әйелдердің, 12 жасқа дейінгі балалардың ішпегені дұрыс.

...Қысқасы, иттің майы жұрттың бәріне, барлық кезде ем болады деп айту қате екен. Сондықтан оны қолданғысы келетін адам алдымен дәрігермен кеңесіп алғаны дұрыс болмақ.

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ