Қаңғыбастың қүйін кешкен қария

10.01.2018
Қаралды: 647

Тойда туған күдік
Сырдария өзенінің бергі бетіндегі аңызақ ескен қыратты далалы, шөлейтті аймақта  орналасқан ауылды жерде туылып, көптеген жылдар қызмет еткен, өтпелі кезеңде жұ­мыссыз қалған Еңсебай об­лыс орталығына жақын бір ауылға  көшіп кеткен. 

 

«Сулы жер – нулы жер»­ демекші, бау-бақшамен айналы­сып­, бірдеңе егіп нәпәқа ажыра­тармын­ немесе облыс орталығы үлкен қала ғой, бір жұмыстың реті болып қалар деген ойы бол­ған. Сол ойы дұрысқа  шығып, қа­ладан өз мамандығына сай бір жұмыс­қа­ тұрып, біраз жыл қызмет­ етіп, зей­нет­кер­лік­ке шықты. Бірақ бұ­рынғы өсіп, ержеткен жерінен қол үзіп кет­кен­ жоқ. Көптеген жылдар дос­-жаран, құда-жек­жат арттыр­ған, сол­ар­мен барыс-келіс жасап араласып тұрды. 2005 жылы сол ауылда бір құдасы той жасап, Еңсебай әйелі екеуі кел­ді. ­

Той басталып кеткен бірша­ма уа­қытта Ұзақбай деген жігіт Еңсебайдың­ әйелін отырған­ жерінен қайта-қайта биге ша­қы­рып,­ тартыншақтаса қолы­нан­ сүйрелеп қоймай ортаға шы­ғара берді. Өзі Еңсебайдың әйелінен әлдеқайда кіші-­тін.

Бидің музыка ырғағына мән бермей,­ ортаға шығарып алып құшақтап аузынан, бетінен сүй­еді. Бір емес, бірнеше рет­ осылай қайталанған соң Еңсе­бай,­ қатар құрбысы емес, бұл жігіттің ой­ын­да бірдеңе бар ма өзі деген бір ойға келіп, бір жағы жапырыла бұған қараған көпші­ліктен қатты ұялған. Намысы тұтанып орнынан тұрған бойы әйелін құшақтап белінен қыса ұстап, кө­тере шыр көбелек айналдырып жүр­ген Ұзақбайдың қолын қатты сілки ажы­ра­тып алды да, көкірегінен итеріп жіберді.

– Бір емес,  екі  емес, қатарың, құр­бың  емес, қоймайсың ба енді! – деді Ұзақбайдың өңменінен өте қараған бойы.

Ұзақбай әжептеуір қызу екен. Тәлті­рек­тей барып бо­йын түзеген бойы:

– Не болды соншама сілкі­ніп, жеңгей деп ойнап жатырмын ғой, – деді  аузынан түкірігі  шашырай  сөйлеп.

– Қандай екі туып, бір қал­ған  жеңгең­ еді? Басқа өзіңе тән жеңгең немесе қа­тындар құрып қалды ма?! Қайта-қайта күйлеген текеге ұқсап асыласың, жұрт­тан ұялмайсың ба? Әлде мені басынып отырсың ба? Ба­й­ы­мен бірге жүрген қатынды сөйте ме екен? Сен жақыным емессің, не етене ту­ы­сым емес­сің, неге бұлай ете­сің?!

Еңсебайдың әйелі өте рең­ді, бет біткеннің сұлуы еді. Бой-тұрқы реңіне сай, құлын мүшесі келісті болатын. Жасы сол уа­қытта елуден асып кетсе де кейіпі отыз-отыз бестер­дегі әйел­дей болатын.

– Әдемі жеңге болған соң қызыққа­ным­ рас, бір жағы... – деп сөзінің соң­­ын жұтып қой­ған Ұзақбайды той егесінің інілері келіп кеумелеп алып кетті.

Еңсебай әйеліне ашулана қарады.

– Өзіңнен анағұрлым жас жігітпен  не байланысың бар? Бұралаңдап ың­ғай­ы­на көне бергенше жағына  ша­палақпен тартып жібермейсің бе, ой, ұятсыз?!  – деп еді, әйелі:

– Не деп тұрсың, ойбай-ау, қандай­ байланысым болушы еді, мастықпен  секіріп жүрген болар, – деді бет бақ­тыр­май. – Ашуыңды бас, мұн­дай әде­тің жоқ еді ғой, – деген бойы орын­дары­на қарай бет алды.

Еңсебай қатты ой үстінде отыр­ды.­ Әйелі анда-санда бұған ұрлана көз тас­тап қояды. Түріне қарасаң ол тіп­ті де ұя­лып отырмаған сияқты. Өзі­нен жас жігіттің әлгі қылығын ұна­тып отырғандай, өзіне оның қайта-қайта асыл­ғанын, мақтан тұтып насат­танып отырған се­кіл­ді.

«Апырай, мына қатын ойы­на еште­ңе алатын емес қой! Менің сөздерім зәре­дей де әсер етпегені ме? Шынын­да да еке­уінің арасында бірдеңе бар­ сияқты-ау. Бұл қатын қандай да  бір себеппен әлгі жігіт­пен көңіл­дестік жағдайға бар­ған немесе ол мұның біреумен ойнастық жасағанының куәсі болған. «Айыбын білемін, маған қарсы келе алмайды де­ген­ оймен қайта-қай­та асылып есіріп жүрген шы­ғар» дегендей бір күдікті ой санасына ұялай кетті.

Арада жылдар өткенде

Кейін ол күдігі ұмытыла бастаған. Арада жеті-сегіз жыл өткенде сол құ­дасының інісі той жасап, Еңсебай әйелі екеуі тағы келді. Бұл құдаларына­  жақын жиен болып келетін Ұзақбай бұлар­дан­ бұрын келген екен. Тойхана есігінің алдында біраз адамдармен­  бірге тұрған ол бас­қаларды киіп-жа­­ра алға шығып, көліктен түсіп  жат­қан Еңсебайдың әйелін құшақтай алған бойы бетінен, аузынан сүйіп  амандасып, құшағын жазбай біраз тұрып қалды. Әйелі де оны ын­ты-шынтысымен құшақтап жатыр. Ұзақбай­ әйелдің арқасынан сипалап оң қолымен­ бөксесі­нен қағып-қағып қояды. Әйе­лінен әріректе ақырын басып аяңдап келе жатқан Еңсебайды байқаған Ұзақбай құ­шағын­ жазып мұнымен амандас­ты. Бұрынғы тойдағы Ұзақбайдың әре­кеті есіне түскен Еңсебай оған тіксіне тік­теле қарады. Көздері ойнақшыған Ұзақбай жанарын тайдырып әкетті. Оның жағына салып  жібермек болға­ны­­мен, өзін әрең тежеген Еңсебай ауыр күрсінді. Оның ойында баяғы  кү­дігі қайтадан бас көтерген еді. Жанжалдасып төбелес шығарайын десе құдасының тойының шыр­қы бұ­зыл­­­мақшы. Жасы жет­піске келіп қалған­ бұған төбелесу ұят тірлік. Төбелес   себе­бі белгілі болса, әйелінің абы­рой­ы­на­ нұқсан кел­мек­ші.

Еңсебайдың денесі бір су­ып, бір ысы­ды. Онсыз да мұ­ны жақсы танитын­ бі­раз адамдар Ұзақбай мен Еңсебай­дың әйе­лінің өліп-өшіп, өбісе аман­дасқанд­а­рын әбестікке балап тұрған.

Еңсебай ұяттан өртеніп жер­ге қа­рады. Көптеген жылдар ауылдас бол­дық,­­ сағыныса көрі­сіп жатқандары­ бо­­лар­ деген бір ой көңіліне сәл са­быр ұя­лат­қандай. Дегенмен, ішінде бір қызғаныш сезімі тұтанып, ойла­рын­ зіл-батпан ауырлық басты.

Той басталғаннан соң жарты сағат­ шамасында Еңсебайдың әйелі орнынан­ тұрып, сөй­леп тұрғандардың арт жа­ғы­нан, асаба алаңын айналып өтіп, оң жақ шеттегі қанатта Ұзақбайлар от­ыр­ған столға ба­рып отырды. Яғни олар бірін-бірі көріп отыруға толық мүм­кіндік алған болатын. Бұл жағдай Еңсебайдың күдікті ойларының отына­ май құйғандай әсер етті.

Бұл аздай,­ той соңында қыз­ды шығарып салған соң Еңсебайды адам екен демей, тез қабаттаса жүріп өтіп бара жат­қан­ Ұзақбай Еңсебайдың әйе­лінің арқасы­нан қолын батыра сипалап, жүгіре басып өтіп кетті. Әйелі оның бұл  әре­кетінен ләз­зәт алғандай жымиып бас изеді. Олардың сонша­лықты  жыл­дам­­­ жасал­ған бұл әрекеттеріне онша түсінбеген Еңсебай әйелі бас изеп күлім­сірегенде барып, санасына бір ой сарт етті де, ізін суытпай Ұзақбай­ды­­­ қыспаққа алмақ болып сыртқа жүгіре шық­ты.

Жеңіл машиналар бірінен соң бірі шығып кетіп жатыр. Ұзақ­­бай солардың біреуіне мін­ген болуы керек,­ зым-зия жоқ. «Ол қандай белгі берді, арқасынан қаттырақ қағып, құйрығынан си­пап, қолтығына қол жүгірткені нені білдіреді? Ол не дегені? «Жеңеше­,   айы­быңды ешкімге айтқан жоқпын, еш­ уа­йымдамай жүре бер» дегені ме, әлде «бұл жолы өзіңмен жеке кездесудің сәті келіңкіремеді, сәті келген  жағдай туындаса мен дайынмын» дегені ме? Әйелі «толық түсін­дім» дегендей басын изеп кү­лім­сіреді, шынымен солай болғаны ма? Неге Ұзақбай сәл ұзаңқы­рап барып кері бұрылып әйелге жұм­бақтау күлкі­мен жымия қарады? Әйелі тағы басын изеді. Ұзақбай жы­мың етті де бұрылып кетті. Яғни түсіндірдім ғой дегені ме екен».

Еңсебайдың еңсесін езген ойлар

Осындай ойлар Еңсебайдың еңсесін езіп жібергендей, түнерген бойы үнсіз тұрып қал­ды. ¬айтар жолда Еңсебай тырс етіп үндемей, терең ой үстінде келе жатты. Әйелі той туралы ананы­-­мы­­наны айтып бірдеңелерді сөй­лей бас­тап еді, «тыныш отыр, құлақтың етін жемей» деп тиып тастады.

Үйіне келген соң бөлмесіне өтіп  есік­ті жауып алған Еңсебай көргенде­рін, шамалағандарын нақпа-нақ әйеліне айтып шықты да:

– Шыныңды айтшы, қандай байла­ныста болып едің ол жі­гіт­пен? – деп сұрақты төте­сінен қойды.

– Не деп тұрсың, қандай байланы­сым болады? Алпыстан асып кеткен  менің оған не керегім болуы мүмкін?

– ¬азір емес, бұрын, сол ауылда  тұр­ғанымызда. Онда қырықтан енді асқан, бетің бүй­ректей бұлтиған әп-әде­мі сым­батты әйел едің. Ал әлгі  жігіттің отыздардағы қылшылдаған кезі-тұ­ғын.

– Ойбай-ау, мұны неге сүй­еніп ай­тып тұрсың? Мас­қара ғой мынау ойың?

– Неге сүйеніп айтып тұр­сың дейсің бе? Тағы да қайталап айтып  берейін. Жаңағы тойханаға кіреберісте, екеуің менің көзімше өліп-өшіп құшақтасып, сүйісіп амандасқандарыңды, он­ың сенің ар­қаңнан, бөк­сеңнен сипа­ла­ғанын үш қадамдай жерде келе  жатқан мені көр­меді деп тұрсың ба?!­ Мас­қара дей­сің, ме­нің масқарым­ды шығарғандарыңды білесің бе? Сол жерде тұрғандардың бәрі мені жақсы таниды. Ерін­дерін шығарып, барлығы дерлік маған қарады, ал мен жерге қарадым ғой! Ұялғаным-ай, мені тірідей жерге көмгендей ет­кеніңді білесің бе? Айтшы қане, ол соншалықты сөйтіп амандасатындай кімің еді? Көптен бері көрмеген бауырың ба еді? Жоқ болмаса, қиын сапардан аман-есен қайтқан етене  туысың ба, не деуге болады? Ол бар-жоғы той жасап  жат­қан­ құдалардың жиені емес пе! Содан кейін той тарқап, көпшіліктің соңын ала сен менің алдымда келе  жат­қаныңда, ол қасымыздан тез жүріп өтіп бара жатып неге се­нің арқаңнан­ қағып, құй­ры­ғың­нан сипап өтті? Бұл не дегені? Сен басыңды изеп күлімсі­редің,­ ол не дегенің? Айта қойшы, қане... Екеуіңді бұрын көңілдес болған­ деуден басқа не деуге болады? Немесе сенің басқа бі­реумен көңілдес болғаның­ды біліп қой­ып па еді? Арқаңнан сипап, бөксеңе қол жүгірткені, «жеңеше, қорықпа, мен бұ­рыңғы көргенде­рімді ешкімге айтқан жоқпын, еш уай­ым етпей жүре бер де­гені емес пе? Сен түсін­дім дегендей ба­сыңды изе­дің. Ал мұны басқаша түсін­діріп бере аласың ба? Көңілдес болмаса не біреумен көңілдес болғаныңның куәсі болмаса біреудің қа­ты­нын ба­йы­ның­ көзінше сөйте ме? Бұ­рын­ғы  тойдағы, жаңағы тойдағы оның мені басынғандай еркінсінуін басқаша түсіндіріп көр­ші, қане!

– Ой, өсіріңкіреп айтып тұрсың ғой. Ауызбен сүйістің­дер дегенің қи­сынға келмейді. Олай етпеген сияқты  едік қой.

– Әй, біреу айтса сенбес едім, өз кө­зім­мен көрдім ғой! Ой, оңбаған жәлеп! Ондай тірлікті адам білдірмей  істейді емес пе? Тәңірдің тал түсінде, дүйім көптің көзінше, біріңді бірің жұтып қоярдай  өліп-өшіп не болды  соншама? Оу, арсыз нәлеті! Менен кішкене аяқ тартсаңдар болмай ма, а! Мен еркекпін ғой, байың емеспін бе?!

Еңсебайдың балағат сөзде­рін  бұр­ын­­ онша көп естімеген әйелінің реңі  құ­былып, ашу-ызасы бетіне қайнап шық­ты.

– Не десең о де, не көрсең сол! Бірде­ңе тірлік болса бол­ған шығар,  сүйегі қурап, баяғыда өтіп кеткен жағдайды неге қазбалайсың! Қайда  барсаң онда бар, мен дәл бұл жолы  ақпын, – деді ол көгереңдеп.

Әйелінің мына сөздерін ес­ті­ген Ең­­себайдың көңіліндегі күдігі расталғандай, ішін тырнай, удай ашытқан бір сезімге бе­ріліп, тілі байланып, не дерін білмей аз-кем тұрып қалды.

– Әй, сен бәрін мойындап тұрсың ғой деймін. Ертең бірсы­пыра  киімдерің­ді­ ал, жол қаражат беремін, барып сол Ұзақбайыңа кәрі тоқал болып  тиіп ал! Әлі қуаттан тайып отырған  жоқсың, үй тірлігіне жәрдем бе­ріп, балдарына қарап отырасың, – деді  ызадан жарылып кетуге шақ қалып.

– Балағаттама! – деді  әйелі де  ті­лін  тартпай. – Тисем тиіп  аламын.­ Ол болар немесе бас­қа біреу болар, кемпір іздеп жүргендер толып жатыр.­

– Балағаттама дейсің бе, ал енде­ше, басқаша сыбағаңды ала ғой, – деген­ Еңсебай әйелін бір ұрып ұшы­рып түсірді де, тізерлеп отыра  қалып басынан төмпештей жөнелді.

Екі қолымен басын қорғаштаған әй­е­лі қасарысып, етбетінен жата берді.

Біраз төмпештеп шаршап, ентіккен Еңсебай ашуы біраз тарқағандай бол­ған­­ соң орнынан тұрып кетті.

Балалары үйден қуды

Ертеңіне түске таман әйелі теле­фон­мен шақырған болуы керек, ұл-қыздары түгелдей сау етіп кіріп келді үйлеріне. Келіндерін, күйеулерін тастап­ өздері келіпті.

Бұлардың әңгімесін түгел естіп бол­май жатып, ұл-қыздары Еңсейбайға­ дүрсе қоя берді. Ашумен орнынан тұ­рып кеткен Еңсебайды екінші ұлы мен кенже  баласы  алқымынан қос  қолдарымен сығымдай ұстап қылқынды­ра бастады.

– Саған ұқсаған шақар шалдың  бізге ке­регі жоқ, – деді екеуі де ызалана сөй­леп. – Шешемізді таяқта­тып қоя алмаймыз саған. Қара мұны, қай-қайдағы бә­лені көңіліне тоқып ал­ғанын.

– Миы ашыған, крышасы кеткен  бұл шалдың, – деді үлкен қызы. –  ¬азір поли­ция шақырып, психбольницаға өткізу керек. Әй, алпыстан асқан бұл кемпірдің, елуден енді асқан  Ұзақбайға не керегі бар?! Не етеді  ол кемпірді?

– Мен қазір емес, бұрын бұлардың­ жастау кезіндегі болған жағдайды  со­ның салдары болуы мүмкін тірлікті  айтып тұрмын, – деді екі баласы буындырып тұрғаннан қырылдай  сөйле­ген Еңсебай. – Несі бар, өзінен үлкен  әйелге­ үйленгендер  аз ба, кәрі тоқал болып тиіп алса не болу­шы­ еді?

– Әне, айттым ғой, алжыған бұл шал, масқара-ай, бұлай деуге қалай  аузың барады?! – деп сөзге араласты­ екінші қызы.

– Әбден мастанған екен бұл шал. Әжептеуір пенсиясы бар, қолы бос, істейтін тірлігі жоқ. Содан кейін де, әр нәрсені қазбалап. бірдеңелерді шы­ға­­рып жүргені. Короче, біз саған шеше­мізді таяқтатып қоя алмаймыз. Төркін­дері алыста болғанымен, біз бармыз мұнда. Пенсия алатын карточкаңды ал да, құрып кет! Ағайында­рыңа барасың ба, ел кезіп қаңғы­рып кетесің бе, онда шаруамыз жоқ. Үй-жайдың бәрін, мемле­кеттік қызметте жүргеніңде мына шешеміздің атына  тіркетіп қойғансың, одан хабарымыз бар. Так что, саған еш­теңе тиесілі емес. Үйден бір чемоданға өзіңе тиесілі майда-шүйде тірліктеріңді салып­ ал да тайып тұр, біздің көзімізше! – деген үлкен қызы бауырларына жағалай қарап. –  Мен дұрыс айтып тұрмын ба? – деп еді, олардың бәрі  бір ауыздан:

– Дұрыс, өте дұрыс, солай етсін, – десті әпкелерінің сөзін мақұлдап.

– Қолдарыңды босатыңдар, қандай­  болсам да әкелеріңмін, жағама жармас­паңдар, егер мына шешелерің «сендерді бұдан туған жоқпын, бұл сендердің әке­лерің емес» десе, басқа жағдай, –  деген Еңсебайдың сөзінен кейін екі  баласы қолдарын босатты.

– Солай деңдер, – деді Еңсебай  орын­дыққа отыра кетіп. – Сендерді  арқа ет­ім арша, борбай етім борша болып тәрбиелеп, оқытып, қызметпен­ қамтамасыз етіп, аяқтандырып, Құдайға шүкір, енді өз күндерін өздері көретін бол­ды деп тәубе етіп жүргенімде  сен­дер­ден есітейін дегенім осы ма еді? Шешелеріңді қорғай қалыпсыңдар,­ мен ше, мен кіммін сонда? Талай шекісіп, та­лай  бекісіп  жүрген кемпірім  емес пе еді? Жарайды, түсініктерің солай болса не шара! Қартайған  шағымда маған қарайласатын шығар деп сеніп жүрген­дерім сендер болсаңдар, рахмет, көп жасаңдар! Еш жаманшылық тілемеймін, аман болың­дар, әйтеуір! Алла-Тағаланың есіркеп берген ұл-қыздары бола тұрып, қорған­сыз қалатыным жаныма бататын бол­ды. Ағайын-туысқандарым бар, Құдайға шүкір, далада қалмаспын, өлсем  солардың біреуі  еге болып көмер, сау болыңдар, – деп орнынан тұрған ол керекті заттарын пакетке сала бастады. Ұл-қыздарына көз қиы­ғын салып еді, бәрінің түстері сұсты үнсіз түнеріп отыр. Еңсебайдың көңі­лі­не кел­гені, ең болмаса біреуі «мама,  сіз­дікі де дұрыс болмапты, ол оңбаған­ның көкірегінен итеріп немесе қо­лын қағып жібермедіңіз бе» деме­гені еді. Барлығы мұны жүз пайыз кінәлі санап тұр. Сейфті ашып, ішінен отыз мың  теңгедей қаражат, зейнетақы карточкасын, жеке куәлігін және басқа да керекті құжаттарын алды да:  

– Мені іздеп әуре болмаңдар. Із­дей қоятындарыңа күмәнім болса да айтып тұрмын. Қажет болып жат­са­ өзім хабарласамын. Ал, мен мына ше­шелеріңнің кү­нәсін толық дәлел­дей­­тін айғақтар таппай қайтпаймын,- деді де үйден  шығып  жүре берді.

Ұл-қыздарының ешқайсысы «тоқ­та­ңыз, қайда барасыз?» демеді. Әйелі сазарып үндемей отырған бойы отырып қалды. Ызадан тамағына тығыл­ған­ өксікті әрең басқан ол, көшеге  шығып такси тоқтатты. «Апырай, бал­дар­дың мұндай қатыгездік танытуына не себеп? Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, мен туған әкелері емес пе едім» деп толқи ойланып келе жатты ол таксиде отырғанда.

Автовокзалға келіп, алыс ауданда  тұратын әкесімен жақын аталас, ағай­ын­-туыстарына бармақ оймен жолға шықты. Бір-екі үлкендерінің есімдерін  бі­летіні болмаса Еңсебай ол ағайындарымен бұрын араласпаған еді. Ту­ыс­пыз деп барған мұны шет­тете қой­мас. Ол ағайын­дарының бәрі дерлік мал өсіре­тінін естіген. Бірінің үйіне ор­наласып, малына, басқа тірлігіне қарасса кет дей­ қоймас.

Бір ажалдан аман қалды

Күн шаңқай түс. Жаз мезгілі  күн ыс­тық. Сегіз жолаушыны мінгізіп жолға  шыққан, арнайы адам тасуға арналған  жеңіл  көлік тас жолмен зулап  ке­ле­ді. Қаладан шыққандарына екі  сағатқа жуықтап қалған. Қасындағылар­ күбір-күбір әңгімелесіп отыр. Екі-үш­ адам қалғып-мүлги бастапты. Ең­себай еш­кім­мен әңгімелеспей үнсіз отыр. Ол тым кө­ңілсіз еді. «Ағайындарым мені қа­лай қабылдайды? Осы жүрісіме не себеп айтам?» деген ойлар мазалап, оған қай­таратын жауап құрасты­рып басы қа­тып отыр.

Жол ирелеңдей, көп бұрылыс жасап, таулы төбелері қабаттаса қатар­лас­қан бір аймаққа келіп кірген. Биіктігі елу метрден астам қия бет­кейдің ортасына келгенде кілт бұрылыс­ бар ек­ен. ¬атты жылдамдықпен келген­  жүр­гізуші рульге ие бола алмай қалды-ау шамасы, машина жолдан шығып кетіп, биік шөп өскен қия беткеймен төмен қарай аударылып домалай  жөнелді. Те­ре­зенің жоғарғы ернеуіне басымен қат­ты соғылған Еңсебай есі­нен танып қал­ды.­ Оң жақ бетін, ұшы­ доғалдау бірде­ңе­нің опыра жы­рып өткенін, аққан қан омы­рауына қарай аққанын ғана байқап үл­герген. Сатыр-сұтыр, салдыр-гүлдір, сынған те­резелердің, жан дауысы шыға айқайлаған біреулердің дауысы еміс- еміс алыстан естілгендей болып ба­рып тым-тырыс болды.

Содан қанша жатқаны белгісіз, бір кезде көзін ашты. Шалқасынан жатыр екен, көзіне тек көгілдір аспан­ мен түс­тіктен ауып кеткен күн түсті. Биік өс­кен шөптесін бұталар арасында­ жатқан бұған беткейдің етегінен біреу­дің:

– Шофер мен қасында отырған  адам мерт болыпты. Машина жарамай­ қал­ған.­ Алтауы тірі, екеуінің жағдайы ауыр, төртеуінің жарақаты­ ауырлау  болғанымен анау айтқандай емес, –  деген сөздері естілді.

«Машина жарамай қалғаны несі? Екі адам мерт болған дейді, алтауы  жа­ра­лы, екеуінің жағдайы ауыр дейді, бұл неткен адамдар, мен неге бұл жерде жа­тырмын? Қайдан шығып едім, қайда ба­ра жатырмын? Мына бетімдегі жара­қат­ неден болды?» деп қанша ойланға­ны­мен Еңсебай ештеңені есіне түсіре алмады. Дыбыс берейін десе даусы шықпайды. Иегінің астына­ таман қатты соққы алған тәрізді. Қимылдайын деп еді, не қолын, не аяқтарын қозғай алма­ды. Ыңырсығаны­  тіпті өзіне де ес­тіл­ген­ жоқ.

– Әне, жедел жәрдем де келді,  қой,­ мыналарды артайық, – деді   әлгі адам.

– Әй, мен бір адамды жеткізе алмай тұрмын, – деді екіншісі.

– Қалайша, бәрі түгел-ау, машина жол­­дан шығып кетіп домалаған жобада жатыр ғой бәрі.

– Бұл машина сегіз жолаушы  ала­ды. Жолаушылар түгелденбей  жол­ға шық­пай­ды. Сонда шофермен тоғыз­ адам бо­луы керек емес пе? Ал қа­зір барлығы се­­гіз болып тұр.

– Мүмкін біреуі жолда түсіп қалған­ шығар?

– Жарты жолға жолаушы алмайды­.

Бұл кезде Еңсебай тағы да есінен та­­нып қалған болатын. «Жедел жәрдем  дейді, ол қайдан келді? Бұл жерде  не­ істемекші?» деген ой ойлап  үлгерді, Ең­себай есінен танып бара жатып.

Бір уақытта қайтадан көзін ашқан­ ол ақырын басын бұрып жан-жағына қа­ра­мақ болып еді, мойнына біреу бігіз ты­ғып алғандай шаншып қоя берді. Баға­на­­дағыдай емес, есін жо­ғалт­қан жоқ. Қолдары сәл икемге келген сияқты. Аяқ­тарын қозғап көрді. Аяқ-қолының сүйек­тері аман сияқты, тек еті езілген тә­різ­ді. Содан болса керек, қатты ауыр­сы­ну сезіледі.

Осы кезде аттылы екі адам бұған  жақындап келіп қалған еді. Біреуі дереу атын тоқтатып қарғып түсті де:

– Әй, мұнда бір адам жатыр, –  деді Еңсебайдың бетіне үңіліп. Еңсебай­ көзін ары-бері қозғап, тамсанып дыбыс   бер­ді. Ол қатты шөлдеп жатыр еді.

– Тірі екен мына адам, – деді  әл­гі кісі атынан түсіп жақын келген  екіншісіне қарап.

– Бағана жедел жәрдем адамдарды­ жинап әкеткенде бұталардың арасын­да көрінбей қалған ғой. Өзі ұзаққа дома­лап­ кеткен екен, неді бұл кісіні үйге апа­райық.

Екеуі Еңсебайды атқа отырғызып, біреуінің үйіналып келді. Үлкен бір қы­­рат­тың етегінде кең  жазық шетінде орналасқан оншақты үйлі кішігірім ау­ыл тұрғындары негізінен уақ мал, ірі­ қара, жылқы өсірумен айналысады.­ Бір үйдің егесі еңбек де­малысында жүрген дәрігер екен, соның көмегімен Еңсебай 5-6 күнде орнынан тұрып,  тысқа шығатын жағдайға жетті. Сонша­  аласапыран апатта бұл пакетін  қо­лынан шы­ғармапты. Онысы тіпті дұрыс бол­ды.­ Бірсыпыра киімдері, керекті   заттары түгел болып шықты. Он бес күнде бетіндегі жарақаты қарақотырланып жазылды. Бірақ бетінде тыртық­ қалып қойды.

Өзін емдеген ақсақалға ризашылы­ғын білдірген Еңсебай:

– Менің даусым өзгеріпті, бұған  ем­ің жоқ па еді? – деп сұрады.

– Қатты соққы тигеннен дыбыс   жа­рықшағының еттері езіліп, шорла­нып­ біткен, даусыңыз осы бойы қалса керек. Не етуші еді, сөздеріңіз түсінікті, сәл қырылдап шыққаны болмаса даусыңыз біркелкі. Сіз әртіс емессіз, өлең айт­пайтын шығарсыз, ақсақал, – деп күл­ген дәрігер орнынан тұрды.

Ол шығып кеткен соң Еңсебай  ойға қалды. Ақсақал, ақсақал дейді, ал менде­ жасым жетпіске келіп қалса да әлі сақал да, мұрт та жоқ. Са­қал-мұрт қою ке­рек сияқты. Балдарым ойланып іздей бастаса әзірше таба алмағандары дұ­рыс. Сақал, мұрт  қойсам түр-әлпетім біршама өзгеретін шығар. Мына бе­тім­дегі тыртықтың пайда болғаны да оң­ды болды. Ол бет-жүзіме әжептеуір өз­геріс енгізіп тұр. Даусымның өзгергені тіпті жақсы болды. Мені бұрын білетін­дер де, үйдегілер де мүлде танымайды.

Сақал­-­мұрт қоюға ниет еткен  оның  ойы өткенде толық есін жинап, өз-өзіне келген бір күні үй егесімен әңгіме­лес­кен.

– Аға, есіміңіз кім, жасыңыз нешеде,­ қай атадансыз, қайдан келе  жатырсыз, қайда баратын едіңіз, айта  отырыңыз, – деді үй егесі. – Кел­геніңіз­ге біраз күн бол­ды, үй-жағдайыңыздан ешқандай ха­барымыз жоқ. Бала-шағаларыңызға, басқа да іздеу салғандар болса бір хабарыңызды айтайық деген оймен әңгі­ме­ге тартып­ отырмыз сізді.

–  Е-е, інім  дұрыс, айтқандарынның­ бәрі орынды. Сұрасқанның еш айыбы­ жоқ, сендерге үлкен рахмет, жағдайымды жасап осынша қарасқандарыңа, – деп  сәл  кідірістеген  Еңсебай. – Өзіңнің есімің кім, қай  ру­дансыңдар, жасың кіші ғой, сен айтшы әуелі, – деді үй егесіне қа­рап.­

– Менің есімім – Дәуіржан. Мына жі­гіттің есімі – Кеңесбек. Аталас ағайын­дармыз. Кәсібіміз – мал  өсіреміз. Уақ мал, онша-мұнша ірі қара, жылқы­ дегендей. Күн көрісіміздің негізгі көзі сол мал. Осы ауыл түгел бір шаруа қожалығы есебін­де. Қожалық басшысы­ менмін. Мына жі­гіт көмекшім.

Шын есімін айтқысы келмей ойла­нып отырған Еңсебай сөзін аяқтап мұ­ның бетіне қараған үй егесіне:

– Солай де, бұрыңғылар айтқан ғой,­ «тарықсаң, ата-кәсібіңмен айналыс­» деп. Аталарымыздың негізгі кәсібі мал өсіру болғаны белгілі. Мына заман  та­лабына сай дұрыс бағыт алыпсың­дар.­ Мал-бастарың аман болсын. Табысты болыңдар, шырағым, – деді.

– Менің қойған сұрақтарыма  жауап бермедіңіз ғой? – деді Дәуіржан.

– Иә, айтайын, – деді сәл ойлана­ сөй­леген Еңсебай. – Менің есімім  Жақсылық, жасым жетпіске келді. Облыс орта­лығында тұрамын. Біраз жыл қыз­мет ет­іп, зейнеткерлікке шыққанмын. Ауыл­дан­ шығып Қазтал деген жерде  бі­раз үй ағайындарыма бара жатыр едім. Өз­дерің көрдіңдер, машина  ау­дарылып, осындай күйге түстім. Сен­дерден өті­ні­шім, мені біреулер із­дестіріп сұрай қалса білмейміз деңдер.­

– Неге? – десті екі жігіт қатарла­са, таң қала бір-біріне қарап.

– Мен кең далалы жерде туып-өс­іп, ержетіп қызмет еткенмін. Балда­рыма ішкі ойымды сездірмей, ағайын­дарыма ба­рып, сол жақта біраз боламын деп кеткен едім. Яғни, қаланың күйкі тірлігі­нен қашып кеттім.

– Ішкі ойыңыз қалай еді, егер құ­пия бол­маса?

– Ішкі ойым – ағайындарымның  бі­­реуі­нің үйіне орналасып үй-тірлігіне, ма­лына қарассам, күнде бір тостақ көже­сін берер. Зейнетақы аламын,  пайдам тимесе зияным тие қоймас. Жасым кел­іп қалғанда біраз уақ кең  тыныс алып, даланың жұпар ауасын жұтып өмір кешу. Мүмкін болса сонда­ біржола қалып қой­сам­ деп едім. Әлі  қуаттан онша тая қой­ған жоқпын, өз қолым өз аузыма же­теді.

– Солай деңіз, ендігі  жоспарыңыз қа­лай? – деді Дәуіржан қасындағы Кеңесбекке қарап қойып:

– Білмедім, бес-алты күн өз-өзіме  ке­ліп әлденсем, әрі қарайғысын көрермін. Дәрігер әжептеуір ем жасап жатыр ғой. Бұрыңғы бағытым бойынша ағайындарыма барамын ба, жоқ кері қайтамын ба, оны ойланып шешпекшімін.

– Аға, мен бір ұсыныс  айтайын, егер көңіліңізге ұнаса, – деп оңтайланып от­ырған Дәуіржан. – Ақыры  далалы  жерде­ тұрсам деп келе жатыр екенсіз, міне  дала, шығыс жағымыз таулы аймақ. Та­за­ ауа. Қымыз-қымыран жетерлік.  Біздің  үйде  жүре берсеңіз. Осы «времянка»  сіз­дікі. Мына Кеңесбектің үйі қасымызда.  Осы екі үйде тұрған мініс аттарына,  бор­дақыларға, тана-торпақтарға қа­рауға қолғабыс етсеңіз. Кейде төрт-бес күн жайлаудағы малымызға ке­те­міз.­ Сондай кезде үйдегі бала-шағалар­ға­ ес болар едіңіз. Азырқанбасаңыз, отыз мың теңге жалақы беріп тұрайық. Ағайындарыңызға, үйіңізге барма де­мейміз, демалыс күндері немесе біз ауылда болатын кезде барып бір екі күн ау­нап-қунап қайтып тұрарсыз. Негізі  ағ­ай­ынмен алыстан сыйласқан мақұл, қадірлі боласың дейді ғой, мұныма не дейсіз? – деді Еңсебайға сұраулы көз тастап.

– Денсаулығым әбден түзелгенше  тағы бес-алты күн бар сияқты, ойланып көрейін.

– Сөйтіңіз, ойланыңыз, ләжі болса  мақұл десеңіз орынды болатын сияқты, – деді Дәуіржан мен Кеңесбек орындарынан тұрып бара жатып.

Бөтен ауылда сыйлы болды

Еңсебай олардың ұсынысын та­ғы­ біраз ой елегінен өткізді. «Бұл жігіттер тура менің ойымдағы ниетімді ұсынып  отыр. Маған сандалып мал бақ деп от­ыр­ған жоқ. Екі үйде тұрған жиырма шақты малға қарау тым  қиын  жұмыс емес қой. Отыз мың теңге жалақы төлейміз дейді, тіпті оңынан келіп тұр емес пе? Ағайындарыма барғанда олар осындай  жағдай жасай ма, жасамай ма? Әй, тәуекел, келісім беремін-ау» деп қорытты  ойын Еңсебай.

Содан екі-үш күн өте жігіттерге  келісімін берген Еңсебай ақырындап  өзіне  міндеттелген  жұмыстарды орындауға кірісті. Жасынан жұмысын адал,  жауапкершілікпен әрі тиянақты етіп  атқаруға дағдыланған ол, 5-6 күнде-ақ Дәуіржан мен Кеңесбектің көңілінен толық шықты.

– Рахмет аға, осы бағытыңыздан таймаңыз, сізге толық сенім білдіреміз. Не қажет болып  жатса  тартынбай  айта  беріңіз, қолдан келсе көмек беруге дайынбыз, – деген  екеуі  ризашылықтарын білдірді.

Күнімен бар жұмысты тындырып, кешкі астан соң бірауық теледидардан жаңалықтар көреді. Ауылдың каникулда жүрген балалары қолы босай сала  ке­ш­кілік Еңсебайдың «времянкасына»  бі­рер сағатқа  жиналады.  Еңсебай  олар­ға қызықты хикаялар айтып бере­ді. Үй­дегі мал күтімінде үлкендерге көмек  бе­ру керектігін, яғни сөйлей білмейтін ойындағысын айта алмайтын малдарға жағдай жасау  ізгілік іс екенін майын тамыза, мысалдар арқылы түсіндіріп әңгі­ме­лейді. Балалар ықыласпен тыңдап, мұ­ның айтқандарын ыждағатпен  орындауға тырысады. Күндіз қолы бос балалар мұның қасынан шықпайды. Анау- мы­нау әлдері келетін, майда-шүйде жұ­мыстарда бұған шын пейілдерімен кө­мек­теседі. Бұл оларға жұмысын істей жүріп те қызықты хикаяларын айтудан жалықпайды.

– Ата  мұның бәрін қайдан білесіз? – дейді кейде кейбір балалар таңдана  сұ­рақ қойып.

– Кітаптарды  көп  оқу  керек. Бар  білімнің  негізі кітаптарда. Көп нәрсені   үйренесің. Көп нәрседен  хабардар бола­сың. Кітапты көп оқысаң  мәдениет­ті, білімді, парасатты боласың. Өте  сый­лы­  кісі  болып  шығасың, – дейді Еңсебай­  оларға  күле қарап.

– Сіз кітапты көп оқығансыз ба?

– Өте көп. Сендерге неше күннен бері қаншама әңгімелер айтып беріп жүргенім сондықтан емес пе!

– Біз де көп оқысақ сіз сияқты  хикая­ларды көп білетін боламыз ба?

– Әрине, тек хикаялар емес, басқа  нәрселерді де көп білетін боласыңдар.

Бір күні бір үй тамаққа шақырып  дастархан басында отырғанда ересек  бір кісі Еңсебайға:

– Апырай, жәке, балаларды сиқырлап  қойғансыз ба, қасыңыздан шықпайды ғой тіпті. Қолдары қалт етсе болды  Жақсылық атаға барамыз, әңгімелерін есітеміз, өте қызық хикаялар айтады деп тұра жүгіреді. Алысып-жұлысып, болмағыр тірліктермен айналысуды мүлде доғарды. Үйдегі  малдарға  ынты- шынтысымен қарасатын болып жүр. Сізге рахмет, – деп еді, екінші  бір кісі:

– Біздің бала кітаптан бас көтер­мей­тін болды. Азын-аулақ жинаған кітаптарым бар еді, соларды шетінен оқып жатыр. «Мен де Жақсылық  ата  сияқты  білімді, зерек болғым келеді» деп қояды. Әсте, сіздің әңгімелеріңіз әсер еткен сияқты,– деді.

– Балалардың ықыласын қалай аударасыз? – деді үй иесі әңгімеге араласып.

– Біз балаларды бала ғой дейміз, бір­де­ңеден сәл шатасса жекіп тастаймыз. Кейбір жасаған тентектіктері үшін та­яқ­тап та аламыз. Яғни олардың санаттарының бізден төменде екенін  бетіне  басамыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Оларды өзіңмен тең дәрежеде сөйлесіп, ойыңды, ақылыңды айтып түсіндірсең тың­да­майтын бала жоқ. Ее, мені өзімен  тең санап  ақылдасып тұр ғой. Бұл кі­сінің ақылы дұрыс, мұны орындауым керек деп ойлайды. Одан соң баланың  кінәсін толық анықтап барып жазалау  керек. Жазықсыз жазаланған баланың  көңілінде сенімсіздік, өшпенділік, ызақорлық пайда болады. Одан кейін, бала  өм­ірде  әлі  көп нәрсені  көрген  жоқ. Оған  өмірінде кездесетін, болып өткен қыз­ық­ты жағдайларды айтып берсең, оның ойында өмірге деген құштарлық қызы­ғу­шылық пайда  болады. Көңілінде  жақсы, ізгілікті әңгімелерді тыңдауға құ­мар­лық  оянады. Мен де сөйтсем, сондай болсам, сондай ізгілік істер жасасам деген еліктеушілік әсерге бет бұрады. Бұл келешегі  оның  парасатты,  ізгі  ниетті  адам  болып  өсуіне  ықпал етері  анық, – деді Еңсебай отырғандарға қа­рап.

– Сіздің мынау сөздеріңіз бала емес, үлкендерге тәрбие берерліктей екен.  Бұрын қандай қызмет атқарған едіңіз? Мұғалім  болған жоқсыз ба? – деді  мұның  әңгімесін ықыласпен тыңдап отырған бір кісі.

– Жоқ, мен біраз жыл шаруашылықтарда зоотехник, малдәрігері болып қызмет  еттім.  Соңғы  жылдары  қаладағы базарларда ветинспектор болып жұмыс атқара жүріп зейнеткерлікке  шықтым.

– Мал дәрігері болдым дейсіз бе? – деді таңдана сұрақ қойған Дәуіржан. – Осы уақытқа дейін білмеппіз ғой! Бізге  ең керек кісі екенсіз, аға!

– Қажетім болып жатса, тартын­бай­мын, қарағым, – деді Еңсебай оған кү­ле қарап.

Бір өзі 11 қасқырды жайратты

Арада үш-төрт ай өтті. Күздің  қа­қаған бір қара суық күні. Күн батып бара  жатқанда  ауылдың  шетіне  таман қой қамап жүрген үлкен қора жақтан айғай шықты.

– Әй, ойбай, қыратын болды, кө­мекке­ ке­ліңдер, көмекке, мылтық әке­ліңдер! – деген бірнеше ер-әйелдердің дауыста­ры­ жарыса шығып­ жатыр.

Дәуіржан, Кеңесбек, Еңсебай үшеуі  енді кешкі тамақ ішкелі үйге кіргендері  сол, әлі шешініп те үлгермеген бола­тын.­ Дәуіржан мен Кеңесбек екеуі  мыл­тық­тарын ала сала қора жаққа қарай  жүгіре жөнелді. Еңсебай да соңдарынан  жүгіріп келеді. Бір байқағаны, ә дегенде  шу етіп жарыса үрген ауыл иттері  қың­сылаған бойы құйрықтарын бұтына қысып үй-үйлеріне кіріп кетіп жатыр. «Мұнысы несі, бұларға не болған?» деп ойланып үлгергенше қораға жақындап  келіп қалған. Ішінде дәу көкшулан көкжал бар оншақты  қасқыр қораны айнала  арсылдай жүгіріп жүр. Биік қорадан  асып түсуге әрекет жасап, қораның әр жеріне топтала кідірістеп, тырмалана жоғарыға ұмтылып қояды. «Әбден ашыққан  екен-ау, жыртқыштар» деп ойланған  Еңсебайдың ойын тарс еткен мылтық  даусы бөліп жіберді. Атқан Дәуіржан екен, ентігіп келіп дұрыс  көздей  алма­ды­ ма, оғы дарымады. Мылтық даусы­нан­ сескенген болса керек, қасқырлар­ топтала, созылыңқырай шұбыра, шығыс беттегі шыршасы қалыңдау өскен тө­бені бетке алып жөнеп берді. Сарт еткізіп екінші оқты ұңғыға жіберген  Дәу­ір­жаннан:

– Маған бер, – деп өктем  сөйлеген Еңсебай одан мылтықты ала сала сәл қиялай көлденеңдеңкіреп  тартып бара жатқан бөрілер тобының­ ең соңғысын көздер-көздемес  ұмсынып барып атып жіберді. Әлгі қасқыр тоңқалаң аса құ­ла­ды да қимылсыз қалды. Ұңғыға тез ке­лесі оқты жіберген Еңсебай тағы да топ соңын­дағы қасқырды ұшырып түс­ір­ді. Кеңес­бек те атқалы мылтығын көтере беріп еді, Еңсебай:

– Тоқтай тұр, қазір мылтығыңды  ма­ғ­ан бересің, – деп оны тоқтатты да,­ ­Дәуіржанға қарап:

– Тез барып үсті ашық жеңіл машинаңды  оталдырып мініп кел, оқ ала кел. Қыраттағы шыршаларға төрт шақырымдай бар, машинамен қабаттаса қу­ып  бәрін  атып  алуымыз  керек, – деген  бойы  үшінші  бөріні  сұлатып салды.

Дәуір­жан тез үй жаққа кетті де, Еңсебай едәуір ұзап кеткен бөрілердің  ең соңғы кетіп бара жатқанын атып түсірді.

Осы кезде Дәуіржан да машинасымен  келіп жеткен болатын. Кеңесбек пен  Еңсебай көлікке қарғып мінді де, бес оқ  салынған Кеңесбектің мылтығын алып, өзіндегіні Кеңесбекке беріп:

– Мынаны оқтай бер, – деген бойы, зулап келе жатқан машина қасқырлар тобына қабаттаса бергенде бірінен соң бірін сұлата берді. Осылайша ол бес  бөріні атып түсірді. Кеңесбек оқтап үл­герген мылтықпен зытып бара жатқан­ соңғы екі бөрінің біреуін омақастырды. Осы  кезде  құтылмасына  анық көзі  жетті ме, жалғыз қалған көкжал бөрі,  қалт  тұра қалып, аузын ақсита ашып, кері бұрылып айбат шеге бастады.

Дәуіржан машинаны қабаттаса ба­р­­ып әрең тоқтатты. Еңсебай атудың  орнына  машинадан  қарғып  түсіп,  мылтығын оңтайлап ұстап көкжалға қарай жүр­ді.

– Ой, атсаңызшы, оныңыз не? – деген Кеңесбек пен Дәуіржан аң-таң болып бір-біріне қарады.

Көздері оттай жанған көкжал алдыңғы аяқтарымен жер тырмалап  кеу­десін жерге төсей еңкейіп, атылуға  бейімделе бастаған сәтте Еңсебай да 7-8 қадам жерге келіп қалған еді. Арс  еткен арлан аспандай атылған сәтте  тарс  еткен  мылтық даусы  шықты да  көкжал сылқ  етіп Еңсебайдың алдына  келіп құлады.

Еңсебай «уһ» деп жерге отыра  кет­ті.­­

– Әй ағасы-ау, машинаның үстінде  тұрып-ақ атуға болмас па еді? – деген Дәуіржанға Еңсебай:

– Е-е, інім, бұл топты бастап  жүрген басшы екен. Құтылмасын біліп соңғы  әрекетін жасауға ниет етті. Сол ние­тін орындауға мүмкіндік бердім. Қапыда кетпесін бейшара дегенім ғой, – деді  беймарал сөйлеп. – Бұл аңшылықтың бір шарты.

– Оу, аға, шарты бар болсын, мылтық атылмай қалғанда не болар еді? – деді Кеңесбек пен Дәуіржан көкжалды машинаға салып жатып.

– Винчестер мылтықтар сирек «от­каз»­ береді. Шарт негізінде атылмай  қалмауы керек.

– Апырай,барлық бөріні басынан ат­ып  түсіріпсіз. Мұндай  шебер  атысты  қалай үйренгенсіз? – деді Кеңесбек.

Олар бөрілерді түгел жинап әкеліп  Дәуіржанның есігінің алдына түсіріп  жат­қан болатын. Жалпы саны 11 екен.

– Үйімнен өмірі мылтық үзілген емес.  Жас кезімде мылтық ату спортымен айналысқанмын. Әскерде жүріп қару пай­далануды шебер меңгерген едім. Әбден қол үйренген. Сығырайып қарауылды тұраламай, шамалап атамын.

– Пәлі, аға, бұдан былай аңға шықсақ сізді ерте кетуіміз керек екен. Мынандай шеберлікті пайдалану керек қой!

– Не аулайсыңдар?

– Мына тау жақта онша-мұнша арқар кездеседі, қоян, түлкі қарсақ, кейде  қарақұйрық та ұшырайды.

– Арқар, қарақұйрықты аулауға ти­­ым­ салынғанын білмейсіңдер ме, немене? Олар табиғат байлығы деп есеп­теліп, қызыл кітапқа ендірілген емес пе?

– Бұл жаққа ешкім келе қоймайды. Бұл жер анау айтқан биік тау  емес,  ондай  аңдар болмайды мұнда деп ойласа керек инспекторлар.

– Солай де. Аңды не үшін аулайсыңдар?

– Қызықшылық, бір жағы ет, аң­ терілері дегендей.

– Әй, Кеңесбек, Дәуіржан, аңды тек қажеттілік туындағанда аулайды. Бұрыңғы ата-бабаларымыз солай еткен.­ Соның өзінде олар қырып-жоя бермей,­ тек күнделікті тамақтарын ажыратып отырған. Қызықшылық дейсіңдер, аң­шы­­лықтан басқа қызықшылық аз ба? Ет дейсіңдер. Немене еттен тарығып  от­ырсыңдар ма? Қойларың бар, ірі  қараларың бар, жылқыларың бар дегендей, әжептеуір малдысыңдар, со­ларды семіртіп сойып жей  беріңдер. Аң терілеріне келсек, оны ақша қажет  бол­ғандар аулап өткізеді. Ал, сендер,­ Құдай сақтасын, ақшадан тарығып жүр­ген жоқсыңдар. Меніңше сендердің  аңшылықтарың мастыққа жатады. Аңдар да Құдайдың жаратқан жануар­лары. Олар да өмір сүріп, көбеюі  керек. Егер олар көп болса мынау  жа­пан далаға, анау шыршалы тоғайға­ қандай көрік берер еді! Одан соң  олар елдің ортақ игілігі емес пе! Ол­ардың көбеюіне үлес қосудың  ор­нына атасыңдар, қырып-жоясыңдар, бұл дұрыс емес қой! Так что, мені аң­ға алып шығамыз деген ойларыңды­ қоштамаймын да, аң аулауға шықпай­мын да. Міне, бүгін он бір қасқыр атып алдық. Сіз неге қырып салдыңыз­ дегілерің келіп отыр ғой? Айтайын. Біз бұл бөрілерді малды қорғау үшін аттық. Яғни, қажеттілік туындады. Түсінген шығарсыңдар?

– Түсіндік, – деді Кеңесбек пен Дәуіржан қосарлана сөйлеп.

– Бір сұрақ... – деді Кеңесбек Ең­себайға.

– Сұра.

– Түсіндіріңізші, бөрілерді неге ылғи басынан аттыңыз?

– Терілері бүлінбесін дегенім ғой. Ертең өткізген кезде бағасы төменде­месін дедім.

– Аласапыран асығыста солай ойлап жүргеніңізді қара! Рахмет, аға, сізге, – деді  Кеңесбек те, Дәуіржан да риза болып. Сәлден кейін:

– Одан соң не себепті ылғи соңғы кетіп бара жатқанын атасыз? – деп сұрады Дәуіржан.

– Алған бағыттарынан айнымасын деп соңғысын атып отырдым. Сонымен,­  не шештіңдер, аңға шығасыңдар ма? – деді  екеуіне сынай қарап.

– Жоқ, аға, біздікі дұрыс емес екен. Өзіңіз айтқандай, мастық  көрі­неді. Аңы бар болсын, бұдан былай  ауламаймыз, – деді екеуі де.

– Сөйткендерің жөн,– деді Еңсебай жымиып.

Баласы оны танымады

Кешкілік теледидардан «Іздеу  сала­мыз» деген айдардан Еңсебайды іздеп  жатқандығы хабарланды. Суреті қоса бе­рілді. Бұл кезде Еңсебай Дәуіржан екеуі шай ішіп отырған болатын.

– Мына кісі сізге ұқсаңқырайтын сияқты, бірақ есімін Жақсылық емес, Еңсебай деп айтып жатыр, – деді  Дәуіржан Еңсебайға қарап қойып.

– Адам адамға ұқсайды емес пе? Мен шынымен ұқсап тұрмын ба?

– Жоқ, тек кеуде, бас нобайыңыз, әлпетіңіз келіңкірейді екен. Бірақ сіздің  сақал-мұртыңыз бар, бетіңіздегі тыртық­ мүлде ұқсастырмай тұр ғой, – деп сәл ойланған Дәуіржан. – Айтпақшы,  аға, тыртығыңыз анадағы авариядан  бол­ды ғой. Егер сақал-мұртыңыз болмаса әлгі адамнан аумайсыз.

– Біреу-жарым сұрастырса, бізге  келгенде бетінде тыртық бар еді дей сал. Тәптіштеп түсіндіріп жатудың­ қажеті жоқ. Мені іздегендерге әзірше  табылмағаным дұрыс. Мені қалада  тұратын бір жекжатымыз еді дерсің. Жылда қысқа қарай келіп малымызға­ қарасып, көктемде кетеді дегін. Кеңесбекке де солай деп түсіндіріп қой.

– Жарайды, қалауыңыз білсін, –  деді Дәуіржан оған ойлана қарап.

Арада оншақты күн өткенде ауылға  полиция машинасымен 4 жігіт келді. Екеуі полиция формасын киген. Қалған­ екеуі кәдімгі киімде. Мезгіл түске  та­яп қалған еді. Дәуіржан мен Кеңесбек екеуі кеңсе ретінде салынған кішілеу 4 бөлмелі үйде малдың кіріс- шығысын есептеп отырған. Келген жігіттермен амандасып, олар жайғасып отырған соң Дәуіржан:

– Жол болсын, не шаруа? –  деп сұрады.

Майор шеніндегі полицей жігіт:

– Біз бір адамды іздеп жүрміз, –  деді Дәуіржанға сынай қарап. – Сіздің ауылда бір бөтен адам жаздан бері  жүр, қала жақтан келген деген мәлімет түскен соң, сол адамды бір көріп  ке­тейік деп келіп отырмыз. Мына жі­гіт жоғалтқан адамымыздың үлкен ұлы. Әкесін танып, табысса алып ке­терміз бәлкім, – деген ол қасындағы жасы 40-тарға шамалас, орта  бойлы, мығым денелі жігітті нұсқады.

– Көрсе көрсін, бірақ ол кісі, біз­ге  жылда келіп жүрген танысымыз,­ есімі Жақсылық. Қаланың қапырық ауасынан шаршап жүрмін деп жылда  қысқа қарай келіп, үш-төрт ай малы­мыз­ға қарасып кетеді, – деді Дәуіржан.

– Есімі кім дедіңіз? Жасы нешеде екен? – деді әлгі жігіт жұлып алғандай.­

– Есімі – Жақсылық, жас шамасы  жетпістерге келген.

– Жас шамасы дұрыс келгенмен  есімі басқа ғой? – деген майор алдындағы құжаттарға көз қиығын  салып, – Сіз құжаттарын көрдіңіз бе, құжаттары бар ма екен өзі? – деді Дәуіржанға қарап.

– Жоқ құжаттарын көрген емеспін. Құжаттарының бар-жоғынан хабарым  жоқ. Таныс болған соң құжаттарын  тексеріп керегі не?

– Несіне ежіктеп тұрсыздар? Одан да мен барып ол қарияны ертіп келейін. Баласы таныса, сол құжат  емес пе? – деген Кеңесбек орнынан тұрып сыртқа беттеді.

– Ассалаумағалейком, – деп даусы­ қарлыға шыққан Еңсебай сыр бермей, отырғандармен жағалай қол беріп  амандасып, шеткерілеу тұрған орындыққа жайғасты.

Майор шалдың баласына қарады. Ол қарияға тағы бір көз тоқтата  қарап шықты да:

– Жоқ, біздің іздеп жүрген адамы­мыз бұл кісі емес, – деді көңілсіздеу үнмен. Яғни танымады. Сақал-мұрты қауғадай, бетінде тыртығы бар, даусы мүлде өзгеріп кеткен әкесін ол  шынында да танымаған болатын.

– Жарайды онда, бұл кісі болмаса­ басқа жақтан іздейміз, – деген май­ор орнынан тұрды. Қалғандары да орындарынан тұрып сыртқа беттеген оның соңынан ілесті.

Олар шығып кеткен соң, «іздей  қалған екенсіңдер ғой, шіркіндер! Өткенде менен құтылғанша асыққан едің­дер, енді несіне сабылып іздеп  жүрсіңдер? Таба алмайсыңдар мен өз­ім бармайынша. Бекер әуре боласың­дар»­ деп ызалана ойлаған Еңсебайдың­ көкірегін ызалы ашу қысқаннан, көзінен жас ыршып кетті.

– Оу, ағасы, не болды, жылап  отырсыз ба? – деді Дәуіржан оған таңдана қарап.

– Жай әшейін, ойыма қайдағы  бірдеңелер түсіп... – деген Еңсебай көзінің жасын жеңімен сүртіп терең  күрсінді.

– Жаңағы жігіт, егер ұлыңыз болса, сізді мүлде танымады.

– Қайдағы ұл, олар жаңылысып жүр. Оларды мүлде танымаймын мен де, – деген Еңсебай орнынан тұрып сыртқа беттеді.

«Осы қарияда бір сыр бар сияқты» деп ойлаған Дәуіржан үндемей  отырып қалды.

– Танымаса танымаған болар, шын мәнінде бөтен адамдар болуы мүмкін. Қария да бұларды танымаймын деген­ жоқ па? – деді Кеңесбек Дәуіржанға қарап.

– Әй, қайдам, қарияң балдарынан қашып жүрген тәрізді. Араларында қан­дай да бір ащы әңгіме бол­ған сияқты. Жаңағы үлкен баласы­ деген жігітке шалдың қалай қараға­нын аң­ғардың ба?

– Жоқ.

– Көзінен бір ызалы көзқарасты  байқағандай болдым мен.

– Сен де  айтады екенсің. Баласы­  бола тұрып, танымайтын адамым демейтін шығар?

– Солай деуге итермелеген бір жәйт болса ше? Одан соң ол кісінің  бізге әзір табылмауым керек деген  өтінішін ойлап көрші!

– «Тыртығы бұрыннан бар еді, жекжатымыз еді, жылда қысқа қарай бізге келіп көмектеседі деп айтыңдар» дегенін айтып отырсың ба?

– Иә, неге  олай деді? Бұл кісі  неге жасырынып жүр? Құдай біледі  деп айтайын, жаңағы жігіт осы кісінің баласы сияқты.

– Бір есебі бар шығар, басыңды  ауыртып қайтесің. Тапсырған жұмысты­ тыңғылықты орындап жүр. Бізге одан артық не керек? – деген Кеңесбек орнынан тұрды.

– Иә, не болса да шал өзі  шешер, бізге қазбалап керегі не? –  деп Дәуіржан да Кеңесбекті қостады.

Былай шыққан соң майор шалдың ұлына:

– Жаңағы қария әкеңізге мүлде ұқсамайды ма? – деп сұрады.

– Кеудесі, бой-тұрқы, бет-әлпеті ұқсағанмен сақал-мұрты, бетінде тыр­тығы бар, дауысы мүлде басқаша.­ Біздің әкеміз еш уақытта сақал-мұрт қоймайтын. Одан соң есімі де басқа, әкеміздің бетінде ешқандай  тыртық белгі жоқ еді.

– Мен әнеукүні, ішкі істер  бөлімінің  мұражайынан жаңағы ауылдың тұсында, үлкен жолда, жазды күні адам таситын­ бір таксидің жол апатына ұшырағаны­ туралы хаттаманы оқып едім. Сен шыныңды айтшы, шал үйден ағайын­дарыма барып қайтамын, біраз уақыт  боламын, өзім хабарласамын деп шы­ғып кеткені анық қой?

– Иә, сөйтіп кеткен.

– Әлде әкеңізбен араларыңызда  қандай да бір кикілжің болған ба еді? Ұрыс-керіс, жанжал дегендей.

– Жоқ, мұны неге айтып отырсыз?­ 

– Айтқаным сол, әлгі авария  болған жерден такси орындығымен  ес­еп­тегенде бір адам кем болған. Яғни, шофермен есептегенде 9 адам  болуы керек, ол жерден жедел жәрдем  8 адам әкеткен.

– Мүмкін біреуі жолда түсіп қалған­ шығар?

– Олай болмайды. Таксилер толық билетпен рейс соңына дейін баратын­ жолаушыларды алады.

– Әлгі хаттамада бір адам кем деп көрсетіліпті ме?

– Хаттама толтырған инспектор  қорытындысын жазғанда бір жолаушы­ кем деп көрсетіпті.

– Мұнымен не  айтпақшысыз?

– Айтпағым сол, әлгі жолаушы  қай­да кетеді? Біздің әкеміздің бетінде  тыртық жоқ еді дейсің. Ал, жаңағы  шал тыртықты сол авария болған кезде алса ше? Мен анықтап қа­ра­дым, шалдың тыртығы ескі емес,  жаңа түскен сияқты. Әлі өңі толық  жетілмеген.

– Сонда сол шал менің әкем  болуы мүмкін демексіз бе? Оның есімі басқа ғой?

– Біз құжатын сұрап тексерген жоқпыз. Есімін әдейі немесе қатты  соққы әсерінен есі делбелеу болып,  жаңағы жігіттерге басқаша айтса ше? Сол есалаң болып қалғаннан қол- ая­ғы сау болған соң орнынан тұрып, авария болған жерден ұзап кетуі  әбден мүмкін ғой?

– Әй, аға, қасындағы жігіттер «бұл­ біздің таныс жекжатымыз» деген­ жоқ па?

– Менің үйлеріңде жанжал болған жоқ па еді деп сұраған себебім де  сол еді. Яғни, шалдың қазір табылғысы келмей жүрсе ше? Балдарына  қатты өкпелеп, ашуы тарқағанша 5-6 ай жүре тұрмақ оймен қасындағы  жігіттерге «мені біреулер іздеп келген­ жағдайда солай айтыңдар» деп өтінген болуы мүмкін. Қалай дегенде менің  ойымда бір күдік бар.

– Ол қандай күдік?

– Шалдың үйден шығып кеткені мен машина авария болған күн бірдей. Жаңағы қасындағылар қысқа қарай келеді деп еді, неге бұл жолы жазда келген?

– Қолы бос, зеріккен соң шыққан шы­ғар? Ал дауысы ше, мүлде бас­қа­ша ғой?

– Алқымынан қатты соққы алса  дауыс өзгеруі мүмкін. Немесе бізбен  әдейі солай сөйлессе ше? Онша  бай­қай қоймадым, тұмау болып  ауы­рып жүргендердің де дауысы өзгереді емес пе?

– Айналып келгенде, сол шал сенің әкең десеңіз, онда қайтып  ба­рып құжаттарын тексерейік. Қасында­ғы жігіттерді сәл қыспаққа алып сөй­лесейік.

– Жоқ, әзірше емес, тағы бір-екі  барып көретін адамдар бар, соларды­ көріп  болып қайта оралайық, – деп сәл ойланған майор, шалдың ұлына: – Пенсия карточкасын алып кеткен дедің, осы уақытқа дейін пенсия  алып па? Шығып кеткеніне бесінші ай болды дедің ғой? – деді сұраулы  жүзбен қарап.

– Кеткелі бері бірде-бір рет алмап­ты. Өзім банкте істеймін ғой. Әнеукүні  тексеріп көрдім, ақшасының бәрі сақтау­лы тұр.

– Онда қалай болғаны? Қысқа  қарай қалың киім, етік сияқты  бірдеңелер алуы керек емес пе? Әлде бір жағдай болды ма екен?

– Қандай жағдай болуы мүмкін?

– Айтқан жерден аулақ, шал есеңгіреп жүріп бір нәрсеге ұрынды ма екен деп ойлап отырмын. Терең  апанға ма, құдыққа ма түсіп кетсе ше?

– Тірі болмауы мүмкін деп отырсыз ғой?

– Кім біледі, «жаман айтпай жақсы жоқ» деген, іләйім олай болмасын! Іздегенімізге екі айға жуықтады бір дерек болмаған соң адам әртүрлі  ойларға барады емес пе? – деді  ойлана сөйлеген майор.

Шалдың ұлы түнеріп, үндемей отыр­ып­ қалды. Оның ойына әкесі үйден кеткен күнгі жанжал оралған еді. «Иә, тым қатты кеттік. Әкеміздің бізге  өкпелейтіндей орны бар. Мына майордың күдігінің көпшілігі негізсіз емес. Былайша айтқанда, әкем табылғысы келмей жасырынып жүрген сияқты» деп ойлады.

Бойжеткенді кеселінен айықтырды

Еңсебай аз үйлі бұл ауылға қадірлі  бола бастады. Күнде, күнара үйлердің   бірінде тамақ дайындалып, басқа  үйлердің адамдары түгелге жуық  сол үйге жиналады. Ақар-шақар, гу-гу әң­гіме, әзіл-күлкі көңіл көтерісіп біраз уа­қыт отырады. Еңсебай ескілікті тәлім-тәрбиелік мәнді әңгімелер айтады. Келгендер оны ұйып тыңдайды. 

Дәуіржанның қолдан жасатқан жақсы домбырасы бар, Еңсебай соны алды­рып, бұрынғы өткен жыраулардың, өзі­нің шығарған термелерін айтып  бе­реді. Әсіресе Махамбеттің терме­ле­рін нәшіне  келтіріп айтады. Көпшілік  қайта-қайта орындатып, рахаттана   тыңдап риза болады. Қарлығыңқы болғанымен Еңсебайдың дауысы  қо­ңыр дауысты, домбыра үніне әдемі қосылады.

– Бұрын әртіс болған жоқпа едіңіз? – дейді кейде ауыл адамдары бұған таңдана қарап.

– Жоқ, терме-жырды тек артистер айтады дейсіңдер ме? «Ел іші  – өнер кеніші» деген ғой, елде мен сияқты­ адамдар баршылық, – дейді Еңсебай күліп.

Осындай қызықшылықты отырысқа­ тек  бір үйдің  адамдары  келмейді. Оларға ылғи Күләй апаның өзі  мен қызына деп сыбаға жіберіліп жатады.­ Ол кейуана тек қызы екеуі тұрады екен.

– Олар неге келмейді? – деп сұрады Еңсебай бір жолы қонақтан қайтып келе жатқанда.

– Қызы ауру. Кемпір содан шыға алмайды.

– Бір бойжеткен қызды бір кемпір сыртқа жетектеп алып шығып жүреді, солар ма?

– Иә солар. Қызының көздері  тұманданып табан жолын көруден  қалғалы үш-төрт жыл  болды. Үстінің бәрін сары жара тәрізді суланып тұратын жара басып кеткен еш жа­зылмайды.

– Дәрігерлерге көрсетпеген бе?

–  Кемпір байғұстың апармаған  жері қалған жоқ. Еш нәтиже болмады.­ Кемпірдің 250-дей уақ малы бар еді, содан жүзге жуығы қалды-ау, шамасы. Тәуіптен тәуіп қойған жоқ, әйтеуір,  жатқан шығын.

– Қызын емдетуге жұмсаған  ғой?

– Иә, кемпірдің малдарын базарға  біз апарып сатып беріп тұрамыз. Одан басқа кемпірдің екі баласының да біраз дүниесі кетті деуге болады.

– Екі баласы дейсіңбе, олар қайда?

– Екеуі де әскери қызметте. Құпия  бөлімде сияқты, жылына бір рет  келіп кемпірдің үйінде он-он бес  күн болып, біраз қаражат беріп, қора- қопсыларын жөндеп кетеді. Өткенде  сіз келерден алдын келіп кеткен. Басқа уақытта келіп-кетіп немесе телефон арқылы хабарласпайды.

– Солай де, – деген Еңсебай  ойланып қалды. «Ол қыздың ауруы  ағзадағы ішкі бездердің қызметінің бұ­зылуынан болған сияқты. Әсіресе   қалқанша бездердің қызметі ауытқыған-ау. Оның емі кәдімгі есекмияның  дәні емес пе!». Бала кезінде бір тәуіп әпкесінің зоб ауруын осы есекмия дәнімен емдегенінен есінде. «Қызды көріп, осы емді  пайдаланып көріңдер деп айтатын екен-ау» деп ойын қо­рытты­ Еңсебай.

Ертеңіне уақыт тауып, әлгі кейуа­на­ның үйіне барып, қызды көрді. Үстіндегі жаралар 13 жасынан пайда болыпты. Соңғы үш-төрт жылда  көзі  көрмей қалған. Қазір қыз 23-те екен. Яғни, ауырғанына 10 жыл болған.

– Жаралары ара-күдік төгіліп,  жазылып біраз уақтан соң қайтадан  шықпай ма? – де сұрады Еңсебай кемпірден.

– Жоқ, алғаш қалай пайда  болды,­ сол қалпынан өзгерген жоқ. Бақайынан­  бастап білегі, бет-аузы, бүкіл денесі осындай жара. Суланып тұрады. Киімдеріне жабысып беттері алынып кетеді. Өзіңіз көрдіңіз, үлкендіктері  бір келкі, жүгері  дәнінің аумағындай, аралары  бір елі шамасында сиректеу орналасқан. Қаншама рет емханада жатып емделді, неше түрлі дәрілер алды, жақпа майлардың  неше  түрін  жақты  инедей пайда болмады. Алматыға  да барып көрініп, онда да бір ай емделді, өзгеріс болған жоқ.

Еңсебай біраз ойланып отырып қыздың бой-тұрқына, рең-басына көз тастады. Бойы ортадан сәл жоғарылау, шаштары мықынына түскен, дөңгелек жүзді, аққұбаша келген реңді-ақ екен. Әттең, мына жарасы  құрығыр бұзып тұр түр-әлпетін, әйтпесе  қызбысың қыз-ақ екен-ау деп ойынан серіген Еңсебай, кемпірге:

– Мен  тәуіп емеспін, дегенмен осы жараға ем  болуы мүмкін деген бір шөп дәріні білетін едім. Білгенім  сол, кейде-кейде тамағым ауыра бастаса он-он бес күн ішіп жүремін. Зобым бар еді. Сол дәріні беріп  көрсеңіз қалай болар екен? – деді  кемпір не дер екен дегендей  жүзіне  барлай қарап.

– Япырай Алла шипасын берсін, берсек берейік. Ақыры басқа  дәрі­лерден күдер үзіп отырмыз ғой. Бірақ ол дәріңді  қайдан аламын? – деді кемпір Еңсебайға сұраулы кейіпте  қарап.

– Әнеукүні жазда біраз теріп алғанмын. Міне, алыңыз, – деген Еңсебай  кемпірге, дәнін қалай  ажыратып алу керектігін, қай уақытта­ қаншадан беру керектігін, аузынан тоқтамай сілекей аға бастағанға дейін беру керек екенін түсіндірді.

Кейуана қызын бермек болды

Содан 15 күндей  өте Дәуіржанның  офисінде, Еңсебай, Дәуіржан, Кеңесбек үшеуі  майда-шүйде   жұмыс  жөнінде  әңгімелесіп отырған бір кезде, қалбалақ­тап қыздың ана Күләй апа келді. 65-те  болсада әлі  бақуат, бойын  тік ұстап баппен жүреді. Реңінде  бере қоймаған қызыл шырайлы   жүзі   нұрланып тұр.

– Жақсы болды, үшеуің де бір жерде екенсіңдер, сендерге үлкен қуанышымды жеткізгелі және бір өтініш айтқалы келдім, – деді Күләй апа  шеткерілеу тұрған орындыққа отырып жатып.

– Қуанышыңызға ортақпыз, құтты  болсын, нендей қуаныш еді? – деді  Дәуіржан Күләй апаға қарап.

– Шырақтарым, айтуға да сескеніп отырмын. Тіфай, тіфай, астамшылық айтқан болмайын, бүгін үш күн болды­, қызымның жаралары түгел төгіліп жазылды, – деді Күләй апа қуанғаннан көзіне жас ала толқи сөйлеп. –  Мына Жақсылық ата әнеукүні бір шөп дәрі берген еді, әуелі Құдай дейін, соның әсері болды-ау, шамасы.

– Тіпті жақсы болыпты ғой, құттықтаймыз апа, қой, жыламаңыз, бұл үлкен қуанышты жағдай ғой, – деді  Дәуіржан да, Кеңесбекте қаупалақтап.­

– Көзі қалай, көруін айтамын? –  деді Еңсебай Күләйға қарап.

– Онша-мұнша заттарды ажырата  бастадым деп отыр.

– Аузынан үздіксіз сілекей аға бастаған жоқ па?

– Жоқ.

– Үздіксіз аққанша бере беріңіз, –  деді Еңсебай.

– Жаңа және бір өтінішім бар дегендей болып едіңіз? – деген Кеңесбекке Күләй апа:

– Үйде оншақты бордақы ісектер тұр, соның төрт-бесеуін сатып әкеліп беріңдер.

– Не істемекшісіз, дәріні сатып алып жатырсыз ба? – деген Дәуіржан кемпірге таңдана қарап қалды.

– Жоқ, дәріге бір тиын жұмсап  жатқаным жоқ. Кішкене тойшық жасап,­ Құдайы тамақ берсем деп ем.

– Құдайы тамаққа екеуін сатсаңыз жетпей ме? – деді Кеңесбек.

– Қызға киім алмақшымын, сөйтіп  ұзатамын.

– Ау, апа, әуелі қызыңыз толық  жазылсын, 3-4 ай күтіңіз. Қайталамай­тынына сенімді болыңыз. Дереу ұзата­мын­ дей қалыпсыз, қандай күйеу  ол дайын тұрған кім екенін айтпайсыз­ ба? – деген Дәуіржанға Күләй апа:

– Күйеу дәл алдарыңда отыр, –  деді жұмбақтай сөйлеп.

Кеңесбек пен Дәуіржан бір-біріне  қарады. Содан соң Еңсебайға қарады.­ Еңсебай Күләй апаға қарады.

– Е-е апа, сөзіңіздің жобасын түсінбедік, анық айтсаңызшы кім  екенін? – деді Дәуіржан шыдамсыздық­ танытып.

– Жақсылық ата.

Отырған үш еркек таң қалды. Тіпті не айтарын білмей отырғандай еді. Жап-жас қызды жетпістегі шалға  беремін деген Күләй апаның есі  ауысқан болар дегендей ойда отыр еді үшеуі де.

– Кім дедіңіз, не айтып отырсыз? Есіңіз ауысқаннан сау ма өзі? – деді Дәуіржан Күләй апаға аңырая қарап.

– Есім жайында, беретін күйеу – Жақсылық ата. Қызыма түсіндіріп  айтып көндіріп келіп отырмын.

– Әй, апа, мына Жақсылық атаның­ көңіліне келмесін, жасы болса  жетпіс­те. Бұл кісі өзінен 47 жас кіші, әлі   тұрмыс құрмаған қызды алуға ниет  етер ме екен? Менімше, балдарыңыз рұқсат берсе, бұл атаға өзіңіз   лайық емессіз бе? Жоқ, өзіңізді айта  алмай, қызыңызды айтып отырсыз ба?

– Жоқ, ойбай, мені байсырап  жүр дейсіңдер ме, айтып отырғаным  – имандай шыным. Біріншіден естеріңе  салайын, 80, тіпті 90 жасында тоқалдыққа 18 жасар қыз алған бабаларымыз болды емес пе! Ал Жақсылық ата 70-те. Әлгі бабаларымызға  қарағанда жап-жас жігіт.

Екіншіден, осы қызымды кім  емдеп жазса, кім болса ол болсын, әйтеуір, ұлты қазақ болса, жасының нешеде  екеніне қарамай, соған қосамын деген уәдем бар еді. Сол уәдемді  орындасам деп отырмын, – деді Күләй апа шын пейілімен сөйлеп.

– Бұл әңгімені ары қарай созудың­ қажеті жоқ. Пейіліңізге  рахмет, мен ризашылықпен бас тартамын. Яғни  уәдеңізді орындадым деп есептей  беріңіз. Өйткені сіз уәдеңізде тұрып  ұсыныс жасадыңыз ғой. «Тең-теңімен  тезек қабымен»  демекші, қызыңыз толық жазылып кетсін. Өзі қатарлы   жігітке ұзатқаныңыз дұрыс болады, –  деді Еңсебай Күләй апаға қарап.

– Онда не шара, мен қарызымнан­ құтылдым, – деген Күләй апа Еңсебай­ға  басын иіп. – Сізге  Алланың  рахметі  жаусын, бақытты болыңыз, екі дүниеде­ де таршылық көрсетпесін Тәңірім. Құдайы тамақ берген күні қолыңызды­ құры қоймаймын, үстіңізге шапан жабамын, одан бас тартпаңыз, – дегеніне Еңсебай:

– Ниетіңіз қабыл болсын! Ондай сияпатыңызды қабылдауға болады, – деді күліп.

Күләй апа шығып  кеткен соң Дәуіржан:

– Бергеніңіз қандай шөп-дәрі еді?

– деп сұрады.

– Кәдімгі есек мияның дәні ғой.

– Анау жазықта топ-топ болып өсетін бұта тәрізді шөп пе?

– Иә.

– Япырай, ол да мықты дәрі  екен-ау. Негізі мыңдаған жылдар тәжірибеден өткен халық медицинасының емдік қасиеттері күшті ғой. Келешегі халық медицинасы науқастарды емдеуде кеңінен қолданылса  керек, – деді Дәуіржан.

– Иә дұрыс  айтасың, – деді  оны қоштай сөйлеген Еңсебай, – Мен тәуіп емеспін. Бір әпкеміздің   осыдан зоб ауруынан тәуір болғанын  көріп, есімде сақтаған едім. Негізі  ол шөптің дәні тек тамақтағы қал­қанша бездің ғана емес, бүкіл ағзадағы ішкі без жүйесінің жұмысын  жақ­сартса керек деп ойлап, әлгі  Күләйдың қызына бергізген едім. Бір байқағаным, қыздың ішкі бездер жүйесінің қызметі қалыптан ауытқыған­ сияқты.

– Тәуіп болмасаңыз да мал  дәрігерісіз, былайша айтқанда, меди­цина­ саласынан хабарыңыз бар ғой.

Базарда Ұзақбайды көрді

Дәуіржандар көктемге салым байлау­лы тұрған 10 жылқыны базарға шығарып сататын болды.

– Бір-екі айдан бері жұмысшылардың айлық жалақысы берілген жоқ. Ақшаны есептеп, артылатындай  болса 15-20 шаруа ісектер алып қайтайық. Камазыңды дайында, – деді Дәуіржан Кеңесбекке.

– Қайсы базарға барамыз? – деді Кеңесбек Дәуіржанға.

– Көрші ауданның арғы жағындағы­  ауданның базарына.

– Әжептеуір алыс қой. Жол шығы­нын жабар ма екен?

– Толық жабады. Сол базарда  жылқы қымбат  көрінеді. Кеше аудандағы ветеринариялық инспекциядан құжаттарды сол базарға баратын болып  туралап келдім, – деген Дәуіржан Еңсебайға қарап. – Аға, сіз де бізбен барасыз. Қария адамсыз ғой, саудасына көмектесесіз. Сатылған­ша­ бір мезгіл суғарып, жем-шөп салуға  дегендей, – деді керекті құжаттарын  папкісіне, салып жатып.

– Жарайды, – деген Еңсебай киінуге кетті.

Базарға келіп, малдарын ірі малдар­ қатарына байлап, делдардарға тапсыр­ған бұлар тамақтанып алғалы шайханаға кірді. Еңсебай шәй ішіп отырып­ шайхана тапшанының үстінде арғы шетінде жатқан бір кісіге көзі түсті. Жүзі таныс сияқты. Дәуіржан мен Кеңесбек, «жылқылардың қасында боламыз, сіз беймарал шай ішіп барың­ыз.­ Біраз жатып демалып алсаңыз да болады. Жол соғып шаршадыңыз ғой», – десті екеуі Еңсебайға.

Олар шығып кеткен соң Еңсебай ақырын басып әлгі жатқан кісіге  жақындап бажайлап қарады. Ол ұйықтап жатыр еді. Иә, бұл баяғы Ұзақбай­ болатын. Бұрынғы күдікті ойлары  көңіліне оралған Еңсебайдың көкірегін ыза кернеп, жатқан Ұзақбайды  төм­пеш­тей жөнелуге ниеті ауғанымен, өзін-өзі әрең тежеді. «Мені бұл қазір танымайды. Одан да мұны әңгімеге  айналдырып, баяғы күдікті ойларыма  жауап алғаным дұрыс-ау. Аузынан арақтың исі  бұрқырайды. Яғни  бұл ұйықтар алдында біраз ішкен. ¬азір оянса, басы ауырып тұрады. Амалдап­ біраз ішкізсем бұл біраз сырды  ақтарса керек. Қой, салған жерден мұнымен ерегіскенше сөйткенім мақұл сияқты. Өзі мал сатқан тәрізді, ақша   ораған болса керек, беліне үлкен қызыл кестелі орамал байлап алыпты.­ Егер күдігім расталып, бұл кінәлі  бол­са, кейін өзімді таныстырып, бопсалап, біраз ақшаға түсірейін» деген ойлармен жоспар құрған Еңсебай шайханашыға екі ыстық сорпа, екі нан  бір шәйнек шай, бір бөтелке араққа  тапсырыс берді.

Шайханашы кішілеу дастархан жайып, 5-10 минуттың ішінде мұның тапсырғандарын алдына әкеліп  қойды. Еңсебай Ұзақбайды  ыйығынан түртіп оятты. Ұйқысынан тез оянған Ұзақбай аузын аша есінеген бойы Еңсебайға сосын жаюлы тұрған дастархан­дағы дәмдерге таңдана көз тастады. Дастарханның Еңсебай жақ шетінде  жатқан бір бөтелкеқымбат  араққа   көзі  түсті де жымың етіп күлімсіреді. Ол Еңсебайды мүлде танымаған болатын.

– Інім, дастарханға кел, бір өзім   тамақтана алмайтын әдетім бар еді. Сенің алыс жолдан келгеніңді, шаршап жатқаныңды шамалап, өз есебім­нен дастархан дайындатып едім,  маған серік бол, – деді Еңсебай Ұзақбайға өтінгендей тіл қатып.

– Біз таныспыз ба? – деді Ұзақбай­ көңілдене сөйлеген бойы дастарханға­  жақындап отырып жатып.

– Жоқ. Таныс болмасақ енді  танысамыз. «Кемегедегінің жаны бір» дегендей, бір мақсатпен сапарда жүр екенбіз, танысы-білісіп отырсақ не айыбы бар? Таныстығымыз үшін  мынадан бір-бір пияла көрсек қалай  қарайсың? – деген Еңсебай арақты  ашып  кішілеу екі пиялаға құя бас­тады.

– Ой, жәке, тура ойдағыны тауып  отырсыз. Рахмет сізге, менің басымның ауырып отырғанын қалай  білді­ңіз?

– Е-е, қарағым, бізді көпті көрген дейді. Әлгі «көп жасағаннан сұрама,  көпті көргеннен сұра» деген ғой бұрыңғы­лар. Сенің сәл әбіржіңкіреп жатқаның­ды бірден байқадым. «Әй, осы жігіт серік болар маған» деп ойладым, – деген Еңсебай кесесін Ұзақбайдың пиялайымен ұрыстырды да. – Менің есімім Жақсылық, өзіңнің есіміңді айт та  тартып жібер қолыңдағыңды, – деді  Ұзақбайға.

– Ұзақбай, – деп асығыс айтқан  бойы қолындағы пияла толы арақты   сіміріп салды Ұзақбай. Сөйтті де  алдындағы ыстық сорпаға бас қойды. Еңсебай жартылай ұрттап аузындағы  арақты шай ішкен болып шай құйыл­ған­ пиялаға ағызып жіберді. Сәлден соң арақ аралас шайды төгіп тастап аз мөлшерде шайын жаңалады.

Тамақтың жарымынан ауа Еңсебай­ арақ құюды тағы бір қайталады. Екі  пияла толық арақ ішкен Ұзақбай жаны кіре рахаттанып терлеп қоя берді.

«Міне, енді сыр тартуды бастасам  болады» деп ойлаған Еңсебай:

– Хош, інім, міне, танысып та  алдық. Қай жерден келдің, сатуға   қандай мал әкеліп едің? – деді  Ұзақбайға.

– Шегенқұдықтан, 60 қой әкеліп  едім, әзір елуі өтті. Тағы он қой қалды. Сәл шаруа, еттері жадаулау еді. Делдал бұлардың саудасы түстен  кейін болады деген соң, осында   келіп сәл демалып алайын деп жатып­ едім.

Шегенқұдық сол құдалары тұрған ауыл-тын. Өткен жазда құдасының інісі той жасаған кезде, ауыл шетінен үлкен тойхана салынып  пайдалануға­ берілген екен. Ұзақбайдың мұның  әйелімен құшырлана құшақтасып  өліп- өшіп амандасатыны сол тойхананың алды еді.

– Солай де, – деп сәл ойлана  кідіріс жасаған Еңсебай. – Менің Еңсебай деген бір танысым бар еді, әлі сол ауылда ма? – деді Ұзақбайға сынай көз тастап.

– Біраз жыл болды, қалаға көшіп кетті. Ол қандай танысыңыз еді?

– Ә-ә, бір рет курортта әйелдері­мізбен бірге дем алып едік. Шегенқұдықтанбыз дегентін. Әйелі керемет сұлу еді. Көрген еркек көз айырмай,  көбелектей айналушы еді. Шіркін, ондай  әйелді еш кездестірген емеспін! – деген Еңсебайдың сөзін бөліп  жі­берген Ұзақбай:

– Ой, жәке, дұрыс айтасыз, ондай  сұлу әйел, әй кемде-кем кездеседі. Күнде көріп жүрсе де ауылдың үлкен- кіші, бойдағы болсын, үйленген еркегі болсын, тоқтап бір  қарамай  өтпеуші еді ғой! Қалбалақтап қол алып  аман­дасу ауылдың еркектерінің арманы  болатын десем  қателеспеймін, – деді тамсана сөйлеп.

– Күйеуінен бес-алты жас кіші  сияқты еді. Күйеуін де Құдай қосқан, кеңпейіл дархан жігіт қой, қызғану  дегенді  білмейтін, – деді Еңсебай Ұзақбайды сыр ашуға итермелей  түсіп. – Курортта әйелінің қасында ұршықтай­ иірілген еркектерге күле қарап отыра беруші еді.

– Иә, өте кең кісі болатын. Қандай­ әңгімені естімесін қолын бір сілтеп  жүре беретін, – деген Ұзақбай. – Сәл ойланып отырды да. – Ол әйел менен он кеі жас үлкен еді. Соның өзінде реңі менен кіші сияқты  көрі­нетін. Ай десе аузы, күн десе көзі  бар деп әлгі ертегілерде айтылушы  еді ғой, соның дәл өзітін шіркін!- деп тамсанып қойды.

Еңсебай Ұзақбайдың сыр ашу   шекарасына келіп тұрғанын сезіп, оған тағы арақ құйып ұсынды да:

– Шыныңды айтшы, бұл жерде  екеумізден басқа ешкім  жоқ. Сондай әйелдің денесінен бір сипауға қол жеткізе алмадың ба, а? Бір жерінен бір сипаудың өзі мәртебе  емес пе?!

– Ой, жәке, бір сипалау былай тұрсын, одан да зорына қол  жеткізген­мін, – деді мақтанышты сезімде  насаттана сөйлеген Ұзақбай.

– Қой ей, шынымен бе? Мәселен, қай жерлерін ұстадың?

– Ой, ақсақал, қай-қайдағыны еске түсірдіңіз ғой. Бұл сәл ұзақтау әңгіме еді.

– Несі бар, уақыт жетеді. Зерігіп отырмыз. Анау арақты ішіп жіберде  басынан бастап айта бер. Жасым   жетпіске келсе де, жігіттік әңгімелерді  қызыға тыңдаймын. Делебем қозады. Жақсылап айтып берсең жәкеңді бір риза етер едің. Бірақ өтірік, бөспе сөз қоспай шындығын айт. Шындық  құлаққа жағымды естіледі, – деген Еңсебай Ұзақбайға білдірмей қалта телефонының диктаофонын қосып төс қалтасына салды.

– Әрине, тек шындықты айтамын, – деп сәл ойланған Ұзақбай пияладағы жартылай құйылған арақты ішіп  жіберді де, әңгімесін бастады.

Еңсебайдың күдігі расталды

– Біздің Шегенқұдықта жаппай  жекешелену жүріп, тұрғындар пайларын алып кооперативтерге бірікті ғой. Содан 3-4 жыл бұрын, Еңсебай бір ферма орталығынан орталыққа, яғни  біз тұрған ауылға көшіп келген. Бәріміз  бір кооперативке біріктік. Кооперативте 12 мың  қой болды. Кооперативті   Дүрбақ деген Еңсебайдан 5-6 жас кіші, бұрын фермада меңгеруші болып­ қызмет еткен жігіт басқарды. Еңсебай­ малдәрігері еді. Еңсебайдың әйелін Дүрбақ бухгалтер етіп жұмысқа қабыл­дады. Кең кабинеттің алдыңғы  бөлме­сінен кейінгі бөлмеде екі бухгалтер отырады. Аға бухгалтер – Еңсебайдың­ әйелі Гүлшапақ. Оған қарама-қарсы  бөлме – Дүрбақтың кеңсесі. Оның ішкі бір  бөлмесі бар. Ол Дүрбақтың бір мезгіл демалатын бөлмесі. Ішіне бір диван-кереует, киім ілгіш, кішілеу  стол қойылған. Үш төрт орындықтары­ бар. Бір бұрышына кішілеу шкаф орнатылған. Ішінде шай демдеп ішетін  шәйнек пиялалар, нан, тоқаш тәттілер, тағы басқа керекті заттармен шай   қайнататын электр шәйнек тұрады. Мен Дүрбақтың қызметтік «Нива» машинасын айдаймын. Яғни жүгіртек қолбаласымын. Ол кезде әлі үйленбе­ген­ бойдақ кезім. Жасым 28-ге  келіп  қалған болатын. Арақты бір кісідей  сілтейтінмін.

Еңсебай көшіп келгеннен әйелін көріп қатты ынтықтым. Мұндай сұлу әйелді бұрын көрген емес едім. Күніге бір көрмесем тұра алмаймын. Қалайда  бір желеу тауып, оған жолығып амандасып кетемін. Ол онша көңіл  аудармайды. Үш бала, екі қызы  бар, күйеуі бар, жасы 40-тарға келіп қалған әйел үшін мен 28-де болсам да  жап-жас баламын ғой! Содан болса  керек, маған шекесінен қарайды. Онша  менсінбейді. «Әй әумесер-ау, қызға  ғашық болудың орнына, өзіңнен 12 жас үлкен біреудің әйеліне ғашық болғаның қалай?» дейді ішкі  бір ойым. «Сен өзіңнен үлкен біреудің  әйеліне емес, сұлулыққа ғашықсың, сондай қыз табуға әрекет ет» дейді  екінші ойым. Ондай қыз қайдан  кездеседі, мен сияқты қарапайым  шофер жігітке. «Әзірше Гүлшапақтың   көркіне тояттап жүре бер» дейді тағы бір ойым. Шіркін, тамағынан бір иіскеп, ернінен бір сүйсем, арманым болмас еді-ау деп қиялдаймын оны  көрген сайын.

Содан 5-6 ай өте Дүрбақ пен Гүлшапақтың арасында қандай да  бір жасырын қатынастың барын сезе  бастадым. Екеуі кей күндері, көбінесе  түскі үзіліске таман, Дүрбақтың   кабинетінде күбір-күбір сөйлесіп отыра­ды­ да 10-15 минут тым-тырыс болады. Осы үнсіздіктің басында, соныңда­ Дүрбақтың демалыс бөлмесінің есігінің  ашылып-жабылғанын байқадым бір-екі рет. Дүрбақтың демалыс бөлмесінің  терезесінің пердесі күндіз-түні тұтулы­  тұрады. Ештеңе көре алмайсың.  Ма­ши­нам­ды алыстау қойып келіп  аң­димын. Менің күдігім Гүлшапақтың   қасындағы жәрдемші бухгалтер қыз көбінесе түскі үзілістен жарты сағат   бұрын үйіне кетіп қалады. Яғни  екеуі оңаша қалу үшін әдейі жіберетін си­яқ­ты. Мені де көбінше бір жерге  жұм­сайды немесе үйіңе бара бер деп рұқсат етеді. Мен кеткен болып   кетемін де, машинамды тасалау  жерге  қойып келіп аңдуды жалғастыра бере­мін. Бір жолы Дүрбақтың демалыс  бөлмесінің екі қабат етіп қойылған  терезесінің сыртқы бір рамкасын сәл ашып қойдым. Сол күні екеуі бөлмеге­   кірді-ау деген шамада  терезе  түбіне  келіп тың тыңдадым. Екеуінің өліп- өшіп үздіге сөйлеген сөздері мен  Гүлшапақтың мейірлене ыңырсыған  дыбыстарын анық естідім...

Әңгіменің осы жеріне келгенде Еңсебай іштей «Ой, нәлеттер-ай» деп күйіне ойлады. Ұзақбай әңгімесін жал­ғап отыр.

– «Аһа» дедім былай шыға ойланып, екеуінің осы әрекетін әшкере­лейтін бір амал тапсам, сонда  Гүлшапақпен қалай сөйлесудің жолы  табы­лар еді. Ол үшін фотоаппарат сатып­ алуым керек деп шештім. Екі-үш күннен кейін ауданға барған бір сапарымызда Дүрбаққа білдірмей, «полороид» фотоаппаратын сатып алып, оған көрсетпей, жаман шүберекке орап,  машинаның багажнигіне тығып қойдым.­

Содан үш-төрт күн өте Дүрбақ  таңертең ерте отарларды аралауға  шықты. Сәскеде бір шопанның  үйінен қуырдақ жеп, шопан екеуі бір бөтелке­ арақ ішті. Сөйтіп түске таман қайттық. Түскі үзіліске 30 минут қалғанда  кеңсеге келдік. Жаз уақытысы күн ыстық болатын.

– Сен үйіңе кете бер, – деді  Дүрбақ машинадан түскен соң. Байқасам, Гүлшапақ кеңседе бір өзі  екен. Жаңағы ішкіліктің шарпуымен Дүрбақ Гүлшапаққа бір шапса керек  деп ойланған мен:

– Мақұл, – дедім де машинаны  оталдырып былайырақ шықтым. Машинаны тасалау жерде қалдырып, фотоаппаратымды ала сала кеңсеге  қайтып келдім. Ақырын басып ауыз  бөлмеге кірген кезімде, Дүрбақтың:

– Гүлшапақ, бол тез, неге кідіріс­теп  жатырсың? – деген дауысы  естілді. 

¬ысқасы, олардың тірлігін байқатпай екі рет суретке түсіріп алдым да сыбысымды білдірмей шығып кеттім.

Бері шығып машинама келген соң, полороидтың табан астында шығарып­ берген суреттеріне өліп өшіп құшырлана қараймын. Дүрбақтың орнында  өзім жатқандай бәр әсерге берілдім... 

«Жарайсың, Ұзақбай, бұл тірлігің мықты болды. Енді, Гүлшапақ жеңгей, менімен санасатын болдың! Мына  суреттер тұрғанда санаспай қайда   барасың! Так что, жеңгей, еріндеріңді, алқымыңдыдайындай бер! Мүмкін одан басқа жеріңді де ұстатарсың» деймін қуана ойланып.

Бір кезде көзіме Дүрбақтың ашулы­ келбеті елестеп кетті де, жүрегім су ете қалды. Қолы ауыр, өте қарулы, мінезі қатал еді ғой. Бұл суреттерді  Гүлшапаққа көрсетіп талаптарымды  айтсам, ол Дүрбаққа айтса не болады?­ Дүрбақ менің быт-шытымды шығаруы  мүмкін. Жұмыстан шығарып жіберсе  ше? Жеп отырған нанымнан айырыл­маймын ба? «Сен балаға сеніп  жүрсем, сен менің басқан қадамымды­  аңдып жүр екенсің ғой. Давай, қазірден  бастап құрып кет десе қайтемін?» деген ойлардың шырмауында 5-6 күн  жүрдім. Гүлшапақты күнде барып  бір көріп кетемін. Ол кәдімгісі, ештеңе  болмағандай, ақар-шақар күліп ойнап  жұмысында отыр. Ой, дәтінің берігін-ай, бет-ауызы бүлк етпейді-ау шіркіннің!  Суретті көрсетсем, сонда көрер едім  бет- жүзінің қалай құбылғанын деймін  көрген сайын оған ойлы көз тастап.

Сол жылы жерімізде қуаншылық  болып шөп орымға келмеді. Содан 3-4 күн ішінде Дүрбақ пен Еңсебай  бастап кооперативтен біраз шөп ора­тын­ техникалар жиыстырылып, оншақты­  адамнан бригада құрылып, алыс  бір  ауданның бригадасының жерінен шөп  дайындауға бір жарым ай мерзімге кетті. Бұл жақтағы тірліктерді уақытша­ басқаруға Гүлшапақ бекітілді де, мені  машинаммен соның қарамағында  қал­дыр­ды. Екінші жаңа «Нива» машинасын Дүрбақтың өзі айдап, Еңсебай  екеуі мініп кетті.

Арада он бес күндей өтті. Кей күндері кейбір отарларға, көрші үлкен ауылдың дүкеніне барып келгені  болмаса Гүлшапақ көбінше кеңсесінде   отырады. Қолым бос мен оның  кең­сесінде, столынан алыстау қойылған­ орындықта отырамын. Анда-санда  анаған барып кел, мынаны алып кел деп жұмсайды. Мен тез айтқандарын орындап келіп баяғы орныма отырамын. «Шіркіннің келбеттісін-ай» деп Гүлшапаққа сұқтана қараймын. Бір күні:

– Әй, бала, неге сонша маған қарай бересің, маған ғашық болып қалғаннан саумысың, жап-жас болып?  – деген ол маған қарап күлімсіреді. Даусы қандай әсем күмістей сыңғырла­ған, неткен көрік, неткен жымиыс деп тамсана ойлаған мен:

– Қарасам не бопты, сұлулық қарау үшін жаратылған емес пе? –  дедім.

Ақыры арам ойын жүзеге асырыпты

Көмекші қызы бір жерге шығып   кеткен, екеуміз оңаша отыр едік.

– Солай де, сөзің дұрыс, соншалықты сұлумын ба?

– Айтпаңыз, жеңге,  сізден  келбетті  әйелді  әлі көрген емеспін. Көрмейтін де шығармын.

– Қателесесің, сұлу қыздар көп қой. Байқамай жүрген болсаң керек. Ауылды жерде тұрасың, былай-былай шықпағансың. Қалаға барып көрсең, мені жолда қалдырып кететін не  бір сұлуларды кездестіресің.

– Жоқ, жеңгей, сізден өтер сұлу әйел бар деп ойламаймын. Ойлағым да келмейді.

– Әй, сен шынымен ғашықсың-ау деймін маған?

– Өлердей ғашықпын, жеңге, жасыңыз үлкен болса да айтайын. Менің бар арманым – аузыныздан бір сүйіп, тамағыңыздан иіскесем деймін. Күндіз- түні ойлайтыным сол, – деп ем ол:

– Не деп былжырап отырсың? Менің күйеуім бар, бала-шағам бар, ол не дегенің? Сол айтып отырған ауыз, тамақтың Құдайдан кейінгі егесі  сол, – деді түсін суытып.

Суретті көрсететін кез келген сияқ­ты деп шешкен мен не де болса тәуекел деп:

– Және сол жерлеріңізді пайдаланатын көңілдесіңіз бар емес пе? –  дедім түйеден түскендей еткізіп.

Маған жанарын тіктей жалт қараған ол:

– Әй, бала, не деп отырсың, көңілдесің не айтып отырған? – деді  реңі бозара түсіп.

– Менің жаңағы талаптарымды  орындамасаңыз, мынаны тиісті адамға­ көрсетуім мүмкін, – деп суреттің  біреуін алдына қойдым. «Тәуекел»,- дедім ішімнен. Дүрбақ келгенше әлі  бір ай бар ғой. Оған дейін тірлік   біржақты болар. Жеңгей ашуланса   ашуы басылар. Мүмкін менің айтқаны­ма­ көнер деп те үміттеніп тұрмын.

Суретті көрген Гүлшапақтың реңі  сұп-сұр болып кетті. Ұзақ қарап ойланып отыр. Бір кезде ойша бір шешімге келгендей реңі жайына  келді де түрегеліп тұрған маған:

– Мықтап тұрып аңдыған екенсің, жүгермек! Сөз жоқ, бұл бұлтартпайтын дәлел! Орныңа барып отыр, –  деді жайбарақат сөйлеп.

Мен алдында тұрған суретті лып еткізіп алдым да орныма  отырып:

– Жеңгей, мені кешіріңіз. Ғашықтық адамды ессіз етеді екен. Басқа амалым болмады, – деп едім:

– Сен де қызық екенсің. Байы бар, бала-шағасы бар қатынға ғашық  болып, қыз құрып қалды ма немене? – деді ол өткір жанарын қадап. Оның жақтырмай қараған жанарының­ өзі маған нұр жауып тұрған жанардай сезілді.

– Дүрбақ ше, ол тіпті бала- шағасы бола тұрып сізбен ашық-  машық ойынын ойнап жүрген жоқ па?

– Дүрбақтың жөні бір басқа, оны  білмейсің. Білмеген соң айтып отырсың.­

– Менің өтінішіме не  дейсіз?

– Түстен кейін екеуміз көрші ауылдағы үлкен дүкенге барып қайта­мыз. Жауабын сонда, жолда бара жатып беремін, – деген ол орнынан тұрып шығуға ыңғайланды. Түскі үзіліс  мезгілі болып қалған еді.

Көрші ауыл 20 шақырымдай жерде.­ Баратын жол екеу. Біреуі әжептеуір тегіс, бірақ сәл айналыс жасайды. Екіншісі 4-5 шақырымдай келте.  Есесіне тегіс емес қотыр жол. Бұл жолмен көліктер сирек жүреді. Өзі көмескілене бастаған.

Гүлшапақ «Ниваның» арт жағында отыр. Мен рульдемін. Ауылдан шыға  бергенімізде:

– Төте жолмен жүр, – деді жай  сөйлеп. Мен бас изедім де төте  жолға түстім. Жеті-сгіз шақырымдай  жүрген соң кең жазыққа шыққан кезімізде:

– Машинаңды тоқтатып, өшір де менің қасыма келіп отыр, – деді  сыңғырлай сөйлеп. – Талаптарыңды  орындамақшымын.

Жүрегім жарылардай қуанып кеткен­ мен, машинаны жолдан аулақтау шамаға тоқтатып, өшіре сала дереу  оның қасына барып отыра кеттім де  бетіне қарадым.

Ол көзін жұмып мені иығымнан құшақтаған бойы аузын ұсынды...

Осы жерге келгенде Еңсебай шыдай алмай: «Ой-нәлеті-ай?!» деп жіберді. 

– Бірдеңе дедіңіз бе? – деді  Ұзақбай  мұның  сөздеріне түсінбей қалып.

– Жоқ, әшейін, бірдеңе десем деген шығармын, кісінің делебесін қоздырып жібердің ғой. Әңгімеңді жалғай бер, – деді ызасын  басып  өзіне-өзі әрең келген Еңсебай. Ұзақбай­ жарты пияладан астам  арақты  сілтеп  жіберді де:

– Қай жерге келіп едім? мдеді Еңсебайға тұмандана бастаған жанары­мен қарап.

– Тамағынан иіскей бастадым деген жерге келіп едің, сен өзі осы бөсіңкіреп  кеткен жоқсың ба?

– Жоқ, жәке, имандай шыным, бір өтірігі жоқ, – деп сөздерін растап алған Ұзақбай әрі қарай көсілді.

– Содан кеудесін қатты қыса  құ­шақ­тай алған бойы тамағына тұм­сығымды тыға сүйіп жатырмын. Анда-санда жүзіне көз қиығымды саламын. Көзі жұмулы. Бір рахат сезімде отырғандай еді ол да.

– Шіркін еркектің иісі-ай! Оо, айналайын Құдай, ер мен әйелді  бір- біріне осынша құштар  етіп қойған  сенің құдіретің шексіз ғой, – деп  мекірене  сөйлеген ол терең  тыныс  алды.

¬ысқасы, ол өз күйеуімді сүйетінін, бірақ Дүрбаққа да ғашық екенін айтып бар сырын жайып салды.

«Алғашқы балғын махаббатым. Екеуміз бір мектепте, бір партада  отырып оқыдық. Мектеп бітірген соң  ол ауылда қалды. Мен оқуға түсіп  кеттім. Мен оқуда жүрген кезімде ол үйленді. Мен нәсіп екен, Еңсебайға тұрмысқа шықтым. Кейін тағдыр талқы­сымен бір ауылда кездесіп, ауылдас  болдық. Онымен әр кездескен сайын уайым-қайғысыз, ойын-күлкімен өткен  балалық шағымды еске аламын.  Махаббаттағы көңілім сәл суып, жабыр­қау­ тарта бастаса ол сезіміме  лау­лап жанардай от беретін тамызық! Сондықтан оған жол беремін» деді ол.

– Екі еркек барып жүрген жерге  менде  барып көрсем қалай болар екен деп едім де? Айдала, ешкім  көріп  тұрған жоқ. Көкпарды соңына  дейін шапсақ дұрыс емес пе, жеңгей, – дедім жалына  сөйлеп, оған  қиыла қарап.

– Жоқ, көңілі кеткен көрінген  еркекке құйрығын тосатын мен жезөкше емеспін. Біреудің заңды  әйелімін. Дүрбақтың жөнін жаңа айттым, оны  естідің, түсінген боларсың? – деді ол үсті-басын түзеп болып.

– Менің өтініштерімді артығымен  орындағаныңыздан сүйсініп ол жаққа да рұқсат ететін шығар деп едім. –  дедім одан әлі де үмітімді  үзбей.

– Күйеуімді, Дүрбақты сағынып жүрмін. Содан соң сенің өтініштеріңді  орындауда біраз артықшылық бердім. Әсіресе Дүрбақты қатты сағындым.  Ол ерекше еркек қой! Төсек қатынасында әйелдің еркін толық билеп  әкетедіғой. Не әрекет етсе еркіңнен  тыс көне бересің. Өзі де жаныңды   жай табатындай етіп баурап алады! Оған жетуге саған әлі көп уақыт керек, – деген ол. – ¬ой, машинаңды оталдыр, жүрейік, – деді бұйырасөйлеп.

– Айтпақшы, суретті бер маған, айтқаныңды орындадым ғой.

Оған суреттің біреуін бердім. Екіншісін бермедім. Оқтын-оқтын  көріп  жүру ниетінде едім. Содан соң қи­пақтай сөйлеп соңғы үмітке жармастым.

– Жеңгей, бүгінгі маған көрсеткен  рахатыңыз үшін көп-көп рахмет! Арманыма қол жеткізуге мүмкіндік  бердіңіз, ол үшін және рахмет! Бұл соңғысы емес деп сенуіме бола ма?

– Болады, еркекті аңсаған кезімде  ретін тауып өзіңе айтамын, – деген  ол суретті алып сөмкесіне салды да. – Осы бір-ақ сурет қой? – деді  маған жанарын тік қадап. – Негативі қайда?

– Осы біреу-ақ. Палороидпен түсі­рілген. Полороидтта негатив болмайды. Суретті бірден шығарып береді,- дедім одан жүзімді тайдырып әкетіп, машинамды оталдырып отырып. Бір тәуірі, ол арт жағымда отырған  болатын. Егер қасымда отырып  көзіме  көзі түскенде, менің өтірік айтқанымды біліп қоюы мүмкін еді.

Аңдамай бар сырын жайып салды

Машинаны оталдырып жүріп кеттік.  Көңілім көтеріңкі. Жеңгей бұл туралы  Дүрбаққа айтпайтыны белгілі. Ал мен  әлгідей рахат сезімге және қол жеткізетін болдым. Содан бастап  Гүлшапақты көрсем құшақтап  сүйе  бергім келетін де тұратын болды.

– Кейін ше кейін не болды? –  деді Еңсебай  Ұзақбайға асығыс  сұрақ қойып.

– Кейін талай рет әлгіндей әрекетпен рахаттана ләззат алып  жүрдім. Көрсем құшақтасып, сүйісіп амандасамын. Той-жиында тек менімен  билейді. Билемесіне қоймаймын. Сүйре­ылеп­ алып  шығамын. Ол қойсай деп жалынышты қарағанына, ішіп алған мен назар аудармаймын. Баяғы  айыбын білемін, сондықтан тым  еркінсимін. Анау-мынау дейтіндей  болса, баяғы деп ескерту жасаймын. Ол үндемей айтқаныма көне береді.  Бір-екі тойда күйеуімен сөзге келіп те қалып жүрдім. Ол не істеуші еді? Сыпсың әңгімеден басқа не біліп, не көрді дейсіз Еңсебай байғұсты, – деп әңгімесін аяқтаған Ұзақбай  Еңсе­байға мақтана қарап. – Бір жерінен  сипай алдың ба дейсіз? Сипамақ түгілі жаңа  естігеніңіздей болған, бір емес талай рет, – деді мақтанышпен.

– Осы айтқаныңның бәрі рас қой? – деді Еңсебай оған соңғы  пияла арақты құйып беріп отырып.

– Бір өтірігі жоқ. Егер бір өтірік  сөз қоссам Ұзақбай атым басқа бол­сын, жәке!

– Өзіңдегі суретті қайда  жібердің?

– Қайда жібердің дегеніңіз не? Ол сурет күндіз-түні жанымда жүреді. Үйде қалдыруға сенбеймін. Әмияным­ның құпия қалташасы бар, сонда  сақтаймын, – деген Ұзақбай қалтасы­нан  әмиянын алып, бір қуыс қатпарының сырмасын ашты да. – Міне, қараңызшы, қандай көрініс, көрген сайын  жүрегім атша тулайды. Көңілім жабыр­қау тартқан кейбір кездерде әйелім  бола тұрып, алып қарап бір рахат  сезімге берілемін, – деп суретті   Еңсебайға ұсынды. Еңсебай суретті қолына алып зер сала қарады.

Иә, бұл, дәл Ұзақбай суреттеп  айтқаннан бір ауытқуы жоқ жағдайда Дүрбақпен бірге жатқан Гүлшапақ еді!

«Оһ, айуан, опасыз» деді іштей  суретке қарап отырған Еңсебай ызасы­ басына қайнап шығып. Көз алды тұманданып, маңайы шыркөбелек айланып кеткендей болды. Көзіне  жас та келіп қалған болатын. Осы  кезде оның көңілін тырс етіп тапшаннан жерге түсіп кеткен бірдеңенің  дыбысы бөліп жіберді.

¬аупалақтай орнынан тұрып  тап­шаннан түскен Ұзақбай әдемі бір жүзік алып шықты. Әмиянынан түсіп кетсе керек. «Арақты жақсы көтереді екен нәлеті, бөтелкені ішіп тауысса да әлі мықты, анау айтқандай  өлесі  мас емес, есін толық біледі» деп  ойлап отырған Еңсебайдың көзіне, орнына келіп отырған Ұзақбайдың   қолындағы жүзік оттай басылды. Иә, бұл Гүлшапақтың бір туған күніне  Еңсебайдың арнайы тапсырыспен істетіп сыйға тартқан жүзігі еді!

– Әй, тіпті керемет екен, мұны  қайдан алдың? – деген Еңсебайға:

– Ә-ә, бұл сол Гүлшапақ жеңгейдің   жүзігі еді. Естелік болсын, көзімдей  көріп жүрерсің деп берген болатын, –  деді риза кейіпте күлімсірей  сөйлеп.

– Солай де. Әбден жүрегін жаулап алған екенсің. Мынандай қымбат  жүзікті қиып берудің өзі оңай емес қой. Бұл қазір 70-80 мың теңгедей  тұрса керек. Қай уақытта беріп еді?

– Жүрегін жаулап алыпсың ғой дейсіз? Талай мәрте еркекке аңсары  ауған сәттерде мені оңашаға шығарып алатын. Бағанағы айтқандай,  әбден илеуін қандырып беремін. Дәті  өте берік, одан артыққа барған  емес. Мен де, ол да осы әдіске әбден  үйренісіп кеттік. Содан олар қалаға  көшетін болып жүргенде, бір кезекті  жаңағыдай кездесіп құшақтасып жатқанымызда:

– Асыл жеңге, аппақ жеңге, кететін болдыңыздар ғой. Көңілім қатты   жа­бырқайтын болды. Маған естелікке бір нәрсе беріп кетсеңіз болар еді деп жыларман болып өтінгенімде, ойланбастан осы жүзігін қолынан шешіп берген-тін. Көзімдей көріп жүр деген еді.

Ұзақбай ат-шапан айыбын төледі

«Оңбаған сайқал, бір жолы жүзігің қайда деп сұрағанымда, жоғалтып алдым, үйдің бір жерінде жүрген шығар деп жалтарып еді. Міне, кімге не үшін бергені енді мәлім болды. Тұра тұр, бәлем, суретті көрсетіп, жүзікті Ұзақбаймен сүйіскен ерініңе басып тұрып сазайыңды бермесем қара да тұр» деп іші удай ашып  ызалана ойланды Еңсебай сол кезде,-«көрейінші» деп Ұзақбайдан сұрап алған қолындағы жүзікке қарап отырып.­

– Не ойлап кеттіңіз? – деді Ұзақбай Еңсебайдың бетіне қарап.

– Жаңағы әйелді, Гүлшапақты айтамын,  соншалықты жақсы көрген  екенсің ғой? Ол да сені тәуір көрген сияқты ма қалай?

– Айтпаңыз, жәке. Оған әлі өлердей ғашықпын! Үйленіп балалы- шағалы болсам да еш есімнен шығара алмадым. Сағынған кезімде мына жүзігіне ұзақ қараймын. Ол күлімсіреп   көзіме елестейді. Сағынышым бір мезгіл   басылғандай болады. Оның да мені тәуір көргенін мына қолыңызда тұрған жүзігін ойланбай естелік дкп бергенінен байқауға болмай ма?!

– Егер ол күйеуінен бөлініп, саған тиюге ниет білдірсе, жасы  үлкендігіне қарамай тоқалдыққа алар ма едің?

– Ойланбастан!

– Әй, үйіңдегі келін ше, ол қарсылық етіп жүрмей ме?

– Ой ол, аузынан сөзі, қолтығынан бөзі түскен бір бейшара. Барып   тұрған сылбыр. Азаннан кешке дейін  екі тапа нанды әрең жауып үлгереді. Бар тірлігі сол. Әйтеуір, еркектің  қойнында  жатуды, бала тууды біледі байғұс. Бір емес, екі тоқал алсам да  қарсылық етпейтініне көзім жетеді.

– Солай де. Ендеше оған ұсыныс  жасауыңа болады. Оның қазір басы бос есепті.

– Кімге?

– Гүлшапаққа. Өткен жылғы құ­даның тойындағы  екеуіңнің құшырлана­ сүйісіп амандасқандарыңнан көңілімде күдік туындап, үйге барған соң ол әйелді қыспаққа алғанмын. Бұрын бірдеңе болса болған шығар, оның  несін қазбалайсың деп шет жағасын  шығарғанмен бар шындықты айтпаған­ соң ұрып-ұрып сұлатып тастаған едім. Содан үйде үлкен әңгіме болып, балдарым шешелерін жақтап, үйден мені қуып жіберді. Әзір әр жерде  сандалып жүрмін.

– Сіз кімсіз? – деді көздері бақырайып, мастығы тарқап кеткен Ұзақбай Еңсебайға тесіле қарап.

– Иттен туған, оңбаған нәлеті! Әкең Жүзкенді жақсы танитын едім, өте иманды жақсы адам еді. Содан сендей жылмақайдың туылғанына  қайранмын. Мені танымадың ғой. Мен Еңсебаймын!

– Жоқ-ей, жәке, мүмкін емес, жаңа  есімім Жақсылық деген жоқсыз ба? Мен танитын Еңсебайға түріңіз де  келіңкіремей тұр ғой.

– Сен нәлетіні бірден таныдым.  Әйелім айтпаған сырды осы білсе керек деп ойлап, сыр тарту үшін  есімімді басқаша айттым. Ойым  дұрыс   шықты. Бәленің бәрін білетін болып шықтың. Барлық жерді ылаңдап жүрген  сен екенсің. Ойша менің мына қауғадай қаулап өскен сақал-мұртымды алып  тастап түріме көз жүгіртші, кімге  ұқсар екенмін?! Мына бетімдегі тыртықты  алақаныммен басып отырайын. Бұл тыртық та сенің кесіріңнен болған. Ал жөндеп қара тереңірек  көңіл аударып.

– Япырай, сақал-мұртыңыз болмаса шынында да Еңсебай  жәкеме   ұқсайды екенсіз. Бірақ даусыңыз басқа ғой?

– Бұл да сол  сенің кесіріңнен болған. Үйден кетіп бара жатып аварияға ұшырап тамағымды бірдеңе  езіп кеткеннен даусым өзгерген. 20 күн қатты қиналдым.  Әйтеуір,  Құдай сақтап,  аман қалдым. Соған шүкіршілік. Еңсебай екенімде күмәнің болмасын. оңбаған ит!

Еңсебай екеніне толық көзі жеткен­ Ұзақбай, екі беті құлағына дейін қып-қызыл болып кетіп үнсіз төмен қарап отырып қалды.

– Әңгіме былай, – деді сөзін ары  жалғаған Еңсебай. – Сен сүттей  ұйып отырған отбасымның жарығына   көлеңке түсірдің. Сені сотқа беріп  5 миллион теңге талап етемін. Моральдық өтемақы есебінде. Төлесең бәлкім құтыларсың. Төлемесең, біреудің  жанұясының шырқына нұқсан келтір­генің үшін 5 жыл отырасың. Сандалып жүріп тиісті құжаттарды, түсініктерді түгелдеп қойғанмын, – деген Еңсебай­ Ұзақбайды сескендіру үшін ішінде өлең жазылған 5-6 парақ бүктеулі қағазды қалтасынан алып көрсетті де. – Менің қандай адам екенімді  білетін едің. Менің алған бетімнен қайтуым қиын. Дегенін қалайда  орындайтындығымнан хабарың болса керек. Заңды жақсы білемін. Так что,  біреудің әйелін байының көзінше  құшырлана сүйіп, арқасынан сипап,  құйрығынан қағудың қымбат болатынын­ білетін боласың бұдан былай. Кетер қатын кетіп тұр. Ендігі 7-8 жыл  өмірді қатынсыз-ақ сүрермін. Даңғаза  әңгіме болса бола берсін. Ондай  әңгіме туындаса Гүлшапақ пен сен  ілінесің жұрттың аузына. Дүрбақ өліп қалды, оған енді бәрібір. Маған келер-кетері жоқ. Өйткені мен ешқандай­ әйелмен көңілдестік жасап немесе  біреудің балалы-шағалы әйеліне  ғашық болған емеспін. Мына жүзік пен сурет  менде қалады. Бұл тергеушіге айғақтық­ заттар ретінде беріледі. Қалай, істі  бастаймыз ба?

Ұзақбайда үн жоқ. Сүмірейген бойы бүкшиіп отыр. Еңсебай сөзін ары жалғады.

– Өзіңе жолығып,  алдыңнан  бір өтейін деп жүр едім. Жақсы кездестің. Осыдан көзіңді темір тордың арғы  жағынан жылтитпасам қара да тұр! Ол оп-оңай. Моральдық шығыннан бас тартып, жазалансын деп талап  етсем сені міндетті түрде қамап жібереді.

Сауатсыз, заң-зәкүннен түк хабары­ жоқ Ұзақбай сорлы не айтарын білмеді. Басы салбырап төмен қарап тұқшиып отыр.

– Неге үндемейсің? – деді Еңсебай­ бір кезде  оған зілдене үн қатып. Селк ете қалған Ұзақбай басын көтеріңкіреп:

– Не деймін, көкетай, басқа бір жолын қарастырсаңызшы! Не де болса орындайын, – деді жыламсырай  сөйлеп.

– Не десем де орындайсыңба?

– Орындаймын, – деді көңілінде  бір үміт жылт еткен Ұзақбай басын көтеріп Еңсебайға қарап.

– Онда былай. Сен маған қазір  қалтаңдағы ақшадан бір миллион  теңге санап бересің.  Мен әйеліммен жарасуға ұрынып көремін. Әй, оңайлықпен иліге қоюы қиын. Дегенмен  көндіруге тырысамын. Яғни оның  кінәсінің бәрін мойнына қойған соң  барлығын кештім, барлығын  жұттым  деп уәде етемін. Сурет пен жүзіктен басқа сенің әңгімеңді түгел «соткаға»  жазып алдым. Оны естіген соң  кінәларын сөзсіз мойындауы керек.  Солардың бәріне кешірім берсем   менімен қайтып қосылуға көнеді деуге  болады. Онда ешқандай тергеу, сот  болмайды. Дағмаза әңгімеде болмайды. Бәрі бәз-баяғы қалпында қалады.­ Тек бұдан былай біреудің қатынын байының көзінше құшақтап сүймейсің,  арқасынан сипап құйрығынан қақпайтын  боласың. Қартайған шағымда әйелімді дақпырт әңгімеге ұшыратып, 5 миллион теңге өндіргенше бір миллион теңгемен тынып, қанағат еткенімді  дұрыс көріп отырмын. Егер мақұл десең, – деген Еңсебайдың сөзі  аяқталмай жатып, беліндегі орамалды шешіп алып орауын жазған  Ұзақбай бір миллион теңгені санап  Еңсебайға ұсынды.

– 50 қой саттым дедің бе жаңа?

– Иә.

– Қаншадан сатып едің?

– 30 мыңнан.

– Жарайды, әлі жарты миллион ақшаң бар екен ғой. Мына маған   берген ақшаны қайда кетті дейсің?

– Кімге?

– Әйеліңе, бала-шағаңа.

– Ой, Еңсеке, балдарымның менде­ ісі жоқ. Ал әйелім ақша қайда демек түгілі, ақшаның нөмірін де танымайды. Мыңға жуық қойым бар, нешеуін  сатып, не істеп жүргенімде оның ісі  болмайды.

– Солай де, – деген Еңсебай. –   Келіннің қадіріне жете  білгенің мақұл, жобасына қарағанда алтын адам  тәрізді ғой, көп жасағыр. Жаудай  жағаласқан қатыннан гөрі, ондай   қатыныңның барына  шүкіршілік етіп  одан айналып кетсең жарасады емес пе! – деді Еңсебай Ұзақбай берген ақшаны, сурет пен жүзікті қалтасына  салып жатып.

Дәуіржан мен Кеңесбек жылқыларды, Күләй апаның үш ісегін сатып болып, 25 шаруа қой сатып  алып жолға шықты.

Жолда Еңсебай естіген, білгендеріне  сараптама жасап үлкен ой үстінде келе жатты. Дүрбақ пен Гүлшапақ жақын қатынаста болып жүр-ау деп бұл да күдіктенетін.

Бір-екі рет әйеліне:

– Дүрбақтың қарамағында  істеге­ніңді қойсаң қайтеді? – дегенде әйелі:

– Ой, Еңсеке, бірдеңеден күдіктеніп қызғанып жүрсің бе? Мен ақпын. Көңілің жай болсын. Дүрбақ ондай   адам емес, ұяты бар, арлы жігіт. Ай сайын алып отырған 45 мың теңгені   бізге кім береді? Бекерге қайдағы  бір келеңсіз сезімге бой ұрып қайтесің,- деп өзіне де,  Дүрбаққа да шық  жуытпай шыр пыр болған еді.

Әйелімен жарасатын болды

Міне, бүгін олардың қатынастары   ап-анық расталды. Яғни. әйелінің күнәһарлық істері толық дәлелденді. Бірақ осыдан 4-5 жыл  бұрын  Дүрбақ қайтыс болып кетті. Оны әйелінің  бетіне шіркеу еткенмен не пайда? Әйелі мен екеуінің арасы алшақтай  түскеннен артық не болушы еді? Одан кейін әйелінің басқа біреулермен   қылмыңдасқанын сезген емес. Оның үстіне жасы да келіп қалды. Қылымситын кезден өтіп кетті емес пе? Ұзақбайдан күдіктеніп еді, оның әйе­ліммен сүйісіп, жаласқаннан басқа­ әрекеті болмағаны белгілі болды. Ол бөтен біреуге айтып отырмын деп, мұның әйеліне қатысты басынан өткен істерді, мұның өзіне өз аузынан  айтып берді. «Яғни, ендігі қалған  өмірімде әйеліммен жарасып, қартайған шағымызда шал, кейуана, былайша айтқанда, ата-әже болып, балдардың, немере-шөберелердің алдында, бір-бірімізге сүйеу болып жарастықты  өмір кешкеніміз жөн-ау. Баяғыда үйленер кезде, оған 4 жігіт болып  таласып  жүргендерімізде:

– Қандай оғаш қылығың болмасын кешіріммен қараймын. Төбеме  қойып өмір бойы көтеріп жүруге  дайынмын, – деп жігіттік уәдемді  беріп, көңілін өзіме аударған едім. Енді сол берген уәдемді орындағаным дұрыс болар. Дүрбақпен қандай  есеппен жақындасқаны Гүлшапақтың тек өзіне мәлім. Әйтеуір, балаларым мен қыздарымның барлығы өзіме  тар­тып туылғанына еш күдіктенуге  болмайды. Ол жағынан еш қиянат  бол­мағаны  белгілі болып тұр. Гүлшапақтан бір пендешілік өткен шығар, неге кешірмеске!

– Енді ауылыма қайтып  әйеліммен  татуласқаным оңды болар. Балаларым, әйтеуір, әнеукүнгі іздеп  жүрген­деріне қарағанда, кешірім сұрап, жақсы қабылдайтын шығар, – деген қорытынды жасап  ойын  түйіндеген  еді Еңсебай.

Немерелерімді сағынып кеттім, ертең мына жігіттермен есептесіп, тез қайтайын деген шешімге келді ол ойларынан арылып.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ