«Бұл іс әдейі жасалған қастандыққа ұқсамайды»

09.01.2018
Қаралды: 830

«Замананың» оқырмандарына Ардақ Әшім есімді қоғам белсендісі жақсы таныс деген ойдамыз. Біз осыдан біраз уақыт бұрын әлеу­меттік желі арқылы елдегі орын алған оқиғаларға ашық әрі батыл пікір білдіргені үшін ол кісінің үстінен іс қозғалғаны туралы жаз­ғанбыз. 

Жалпы, Ардақ Әшімнің басынан бұған дейін де талай рет құқық қорғау саласы қызмет­керлері тарапынан полиция бөлі­міне күштеп әкету, арнайы шақыртуды (повестка) жіберместен келуін талап ету сынды жағдайлар өткен екен. Таяуда ол тағы да бір келеңсіз оқиғаға тап болыпты. Ол жөнінде біз өзінен сұрадық.

– Ардақ ханым, сіздің таяуда жол-көлік оқиғасына түскеніңіз туралы естіген едік. Жағдайыңыз қа­лай?

– Жағдайым, шүкір, жақсы.

– Оқиға қалай болды, жалпы?

– 23-желтоқсан күні кешке қарай өзімнің жеке автокөлігіммен Шымкент қаласындағы Адырбеков көшесінің бо­йымен келе жатып, жол-көлік апатына ұшырадым. Майлықожа көшесімен қиылысқан тұста «Гольф-3» маркалы көлікпен соқтығыстым. Заң бойынша басты жол менікі болатын. Яғни әлгі көлік иесі мені өткізіп жіберуі тиіс еді. Бірақ олай болмады. Екпінмен келіп соғысқан көліктің салдарынан менің машинам 30 – 40 метрге дейін сырғанаған күйі айналып барып әрең тоқтады. Көлігімнің арт­қы доңғалағы ішіне кіріп, жүк салғышы майысып, әжептеуір зақым келді.

Менімен соқтығысқан көліктің иесі жол ережесін бұзғанын және өзінің кінәлі екенін мойындады. Осы сәтте «Достық» қонақүйінің алдында тұрған жол-пат­рульдік полиция қызметкерлері жүгіріп келді. Олар әлгі әйел екеуміздің сөйле­суімізге барынша кедергі жасап, оның құжаттарын алып қойды. Сол кезде мен «102»-ге телефон соғып, арнайы мамандарды жіберуін сұрадым. Әлден уақытта шақыртумен жол-патрульдік полиция қызметкері келіп жетті. Не арнайы «жетоны», не кеуде­сінде бейнекамерасы жоқ біреу екен. Талапқа сай өзін таныстыр­ған да жоқ, тек қызметтік куәлігін бірер секунд көрсетті, атының Арман екенін оқи алдым. Ол полицей маған дөрекі сөйлей бастады. «Сендерді мен соғыстырдым ба?! Жалпы, бұл көшеде неғып жүрсің өзің?» – деген сөздерін қалай түсінуге болады?

– Содан кейін не болды?

– Оның осы сөзінен кейін мен де ашуланып, оның астындағы көлік пен алатын жалақысы мен сияқты қарапа­йым халықтың салығынан алынып отырғанын, сол себепті қызметін дұрыс­тап атқаруы керегін есіне салдым. Сонда барып әлгі полицейдің екпіні басылғандай болды. Жол-көлік оқиғасы орын алған жерді сызып, хаттама толтырып, барлығын заң талаптарына сай орындай бастады.

– Мұны әдейі ұйымдастырыл­ған деп ойламайсыз ба?

– Бастапқыда сондай күдік болды. Неге? Себебі әлгі кінәлі әйел бас-аяғы 10 – 15 минуттың ішінде жиырмашақты еркекті айналасына жинап алды. Олар кімдер? Аяқ астынан келе сал­ғанының өзі көңілге күмән туғызады. Сосын олардың: «Не істей аласың? Бәрібір дәлелдей алмайсың!» – деп мені қорқытып-үркітпек болғаны тағы бар. Бірақ кейін мұны кездейсоқ жағдай шығар деп топшыладым. Себебі егер әлдекімдер маған қандай да бір зиян тигізбек ниетте болса көлікте ер адамның отыруы мүмкін еді. Әйел адамның мұндай іске араласуы неғайбыл деп ойлаймын.

– Жалпы, мұндай жағдай кез кел­ген­­нің басына түсуі мүмкін ғой. Осы рет­те сіз қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен алдымен мүмкіндікті мүлт жібермей өз пайдасына асырғысы келе­тін полицейлерге деген ренішімді айта кетейін. Әлгі «Достық» қонақ­үйінің алдында тұрған ЖПП қызмет­керлері менің «102»-ге телефон шал­ғанымды да аса жақтырмады. «Өзіміз шешеміз» дегендей әлгі әйелдің құжаттарын алып қойғанының өзі заңсыздық емес пе? Ал екінші келген ЖПП қызметкерінің өктемси сөй­легені қызметін асыра пайдалану деп білемін.

Дұрыс айтасыз, мұндай жағдай кез келгеннің басынан өтуі мүмкін. Ондайда сабыр сақтап, оқиғаны бақылауда ұстаған жөн. Сезімге ерік беріп, поли­цейлердің ығына жығылып кетпе­ңіздер. Олардан құжаттарын талап етіңіз. Сосын сөзбұйдалыққа салынбай, апат орын алған жердің сызбасын сызып, құжатты толтыруын сұраңыз. Ал лажы болса жылдамдықты асырмай, көлікті аса мұқият айдаған жөн.

– Осыдан екі ай алдын үсті­ңізден іс қозғалды деп газетке жа­зып едік. Соның соңы не болды?

– Жалпы, менің сол істің соңына дейін жететініне күмәнім бар. Шамасы, билік басындағы кейбір кісілер мені 16-желтоқсанда, яғни Тәуелсіздік мере­кесінде тыныш отырсын, тергеумен басы қатып, бүлік шығармасын деген оймен осы істі қозғаса керек. Тергеуші: «Жазбаларыңызды арнайы сараптамаға жібердік. Жаз­ғандарыңыздың ішінен қылмыстың құра­мы бар ма, жоқ па, соны анықтатамыз», – деген еді. Әлі сараптама қорытындысын алмапты. Сондықтан оның  да қалай шешілетінін дөп басып айта алмаймын.

– Ендеше, бәрі оң шешімін тапсын деп тілейміз. Аман болыңыз!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ