Иран халқы нені талап етіп жатыр?

08.01.2018
Қаралды: 602

Иранда халық толқуы жүріп жатыр. Ол өткен 2017-жылғы 28-желтоқсанда басталған болатын. Бұл елдің бірқатар қалаларында бас көтерген жұртшылық алғашында жаппай жайлаған қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа, айлық жалақының кешіктірілуіне қарсы талаптарын білдірген еді, кейін «Мен өз бауырымды өлтірген адамды өлтіремін!», «Диктаторға – өлім!», «Сирия мен Газаны асырағанымыз жетеді, өз халқыңның жағдайына қараңдар!» деген сияқты саяси ұрандар көтере бастады.

Алғашында бейбіт түрде басталған шерулер соңы полициямен қақтығыстарға ұласты. Шеруге шыққандар арасынан біреулер полиция бөлімдеріне шабуыл жасап, қару-жарақ иеленуге тырысты. Қақтығыстар кезінде шерушілерден 20-дан аса адам қаза болды, күш құрылымдарынан бір офицер оққа ұшты, 3-еуі жарақат алды. Алғашқы екі-үш күннің ішінде ғана 1000-нан аса адам қамауға алынды.

Иранда басталған бұл оқиғаға ашықтан-ашық «алақайлап» жатқандар бар. Мысалы, АҚШ Президенті  «Твиттердегі» парақшасында Иран үшін өзгерістер уақыты келді деп, өзінің оны қолдайтынын білдірді. Ұлы­британия, Израиль, сондай-ақ Сауд Арабиясы сияқты Иранмен бұрыннан қырғи-қабақ елдер де бұл өте дұрыс болды дегендей сыңай танытып отыр. Яғни олар Иран билігінің құлауына мүдделі екендерін жасырмайды.

Ал Ресейге Иранда қазіргі билікке қарсылардың күш алуы аса жайсыз тиері анық. Өйткені Иран Ислам Республикасының Ресейге сыртқы саясатта көп жағдайда одақтас болып келгені белгілі. Яғни Иранда билік батысшылдардың қолына өтсе, онда Ресейді қыспаққа алған шеңбер тағы да тарыла түспек.

...Иран Ислам Республикасының халқы 80 миллиондай адам, оның 50 пайыздан астамын жергілікті ұлт өкілдері – парсылар құрайды. Халықтың 16 пайызы – әзірбайжандар, 10 пайызы – күрділер, одан басқа да көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Мемлекеттік діні – Исламның шииттік ағымы, оны халықтың 85 пайызы ұстанады.

Бұл елді Рахбар (Жоғарғы Басқарушы) басқарады. Қазіргі Рахбар – аятолла Али Хаменеи (әзірбайжан ұлтынан). Ол – Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы, әскери барлаудың бастығы – Мемлекет басшысы. Діни лауазымының атауы «Алланың нышаны, көрінісі» дегенге саятын дін маманы – аятолла бұл елдің жалпы саясатын жүргізіп отырады.

Президент – Конституция кепілі, атқарушы билік басшысы. Ол ішкі-сыртқы саясаттағы істерді Рахбардың мақұлдауымен жүргізіп отырады. Қазіргі Президент – Хасан Роухани.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ