Апострофты пайдалануға ерте екенін ескертті

03.01.2018
Қаралды: 331

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қа­зақ сөздерін латын әрпінде бел­гі­леуде апостроф қолдануға әлі ерте екенін ескертті.

«Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша нақ­ты шешімге келген жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», – деп жазды ол кісі өзінің «Твит­тердегі» аккаунтында.

Сенат төрағасының бұлай деуіне, әрине, еліміздегі кейбір науқаншылдардың, әйтеуір ертерек көзге түсіп қалу үшін барын салатындардың әрекеттері себеп болса керек. Мысалы, Президент Н.Назарбаев әріптерге апостроф қоятын нұсқаны дұрыс көрді деген хабар шығысымен еліміздегі кейбір мемлекеттік және тәуелсіз аталатын газеттер бір-бір нөмірін латын әрпінде шығарып тастағаны белгілі. Оны солардың төңірегіндегілер мақтап, көкке көтеріп жатты. Латын әрпіндегі қазақша жазулар еліміздегі түрлі нысандардың да маңдайшасында пайда бола кетті. (Мәселен, Шымкенттегі Абай саябағының атауы, тағы басқа).

Жалпы, еліміздің 2025-жылға дейін толықтай латын әліпбиіне көшетіні жөнінде шешіліп қойғаны белгілі. Биылғы жыл соңына дейін жан-жақты ойлап-пішілген түбегейлі нұсқа бекітілуі тиіс. Елбасы 2018-жылдан мамандар дайындаудың қолға алынуы қажеттігін, қабылданған әліпбидің баста­уыш сынып оқулықтарына осы жылдан бастап енгізілуі керектігін айтқан. Осыған орай биыл тіл саласының ғалымдары латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын әзірлеген болатын. Соның ішінде қазақ тілі қолданысындағы 9 әріпті апострофпен (әріптің жоғарғы жағына қойылатын орфографиялық белгі – үтірмен) белгілейтін нұсқасы қабылданған еді.

Әрине, бұған қарсылар аз болған жоқ. Себебі латын әрпінде апострофпен жазылған қазақтың кей сөздері ебедейсіз, тіпті күлкілі болып көрінеді, енді бірі әдепсіз сөздерге ұқсап та кетеді. Әлеу­меттік желілерде бұған көптеген мысалдар («сәбіз», «шығыс», т.б.) келтірілгені де белгілі.

Дегенмен бізде әйтеуір көзге түсіп қалу үшін қандай да бір бастаманы дұрыс-бұрыстығына, пайда-зиянына қарамай іліп ала жөнелетіндер тіптен көп.

«Твиттерде» пікір білдіргеніне қарағанда, Сенат төрағасын сондайлардың әрекеті қатты алаңдатқан болса керек. Әйтпесе ол кісінің басқа жұмыс­тары да жетіп жатыр ғой.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ