2018-жылы әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы ұзара бастайды

01.01.2018
Қаралды: 843

Алдағы 2018-жылдың 1-қаңтарынан Қазақстандағы әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы кезең-кезеңімен ұзартыла бастайды. Елімізде әйелдер осы уақытқа дейін «пенсияға» 58 жасында шығып келген болса, енді олардың зейнеткерлікке шығу жасы әр 1 жыл сайын 6 айға ұзартыла отырып, 2027-жылы 63 жасқа жетеді.

Әбденовті әбігер еткен еді

Қысқасы, бұл зейнеткерлік жасының кестесі мынадай болмақ:

2018-жылғы 1-қаңтардан бастап әйелдер зейнеткерлікке 58,5 жасында шығады. 2019-жылы – 59 жастағылар, 2020-жылы – 59,5 жастағылар, 2021-жылы 60 жастағылар... 2027-жылы 63 жастағылар, яғни 1964-жылы туылған әйелдер зейнеткер атанады.

Ал бұған қатысты Заң елімізде оңайшылықпен қабылдана салмағаны белгілі. Алдымен оны жоғарыдағы депутаттар қарады, заң жобасын әзірледі, кейін ол Президентке ұсынылды.

Әйелдердің зейнеткерлік жасы 2014-жылдан бастап ұзартылмақ болған. Оған жұртшылық наразы болып, тегеурінді қарсылық көрсетті. Президент те осыны түсініп, заң жобасын кейін қайтарды, халыққа түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізбедіңдер деп Үкіметті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін қатты сынады, тіпті сол кездегі басшылықта бір жылға жетер-жетпес қана уақыт отырған Серік Әбденовті орнынан алып тастады. Бұл азаматқа әйелдердің «пенсия» жасын өсіруді түсіндіруге қатысты болған жиын кезінде біреулердің жұмыртқа лақтырғанын, «Патамушта, патамушта» деп оспақтайтын ән шығарғанын да жұрт ұмыта қоймаған шығар.

Осындай айтыс-тартыстардан кейін әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап ұзарту жөнінде шешім қабылданған еді. Енді, міне, алыстағы сияқты көрінген сол мерзім де келіп жетті.

Басқа елдерде қандай?

Сонымен, Қазақстандағы әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы біртіндеп ерлердікімен теңеспек. Ал бүгінде бұл мәселе өзге елдерде қандай екен, соған көз жүгіртіп көрелік.

ТМД елдерінен бастасақ, мынадай: Өзбекстанда және Ресей мен Белоруссия­да ерлер «пенсияға» 60 жасында, әйелдер 55 жасында, ал Әзірбайжанда ерлер – 62, әйелдер 57 жасында шығады.

АҚШ пен Канадада ерлер мен әйелдер бірдей, 65 жасында зейнеткерлікке кетеді екен. Испанияда, Швейцарияда, Бельгияда, Польшада ерлер 65 жасында «пенсияға» шықса, поляк әйелдері 60 жасында, бельгиялық әйелдер – 62, испания­лық әйелдер – 63, швейцариялық әйелдер 64 жасында зейнеткер атанады. Франция мен Италияда ерлер – 67, әйелдер 65 жасында зейнеткер болады. Ұлыбританияда ерлер 68 жасында, әйелдер 60 жасында зейнетке шығады. Данияда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасы бірдей – 67 жас. Албанияда ерлер 69,5 жасында, әйелдер 64,5 жасында зейнеткер атанады. Ал Жапонияда еркектер де, әйелдер де зейнеткерлікке 70 жасында шығады екен.

Кімнің «пенсиясы» көп?

Кейбір жарияланған деректерге қарағанда, бірқатар әлем елдеріндегі зейнет­ақының орташа көрсеткіші мынадай (доллармен есептегенде):

Грузияда – 40 доллар, Өзбекстанда – 55, Молдавияда – 80,  Украинада – 142, Белоруссияда – 175, Әзірбайжанда – 202, Қазақстанда – 210, Ресейде – 285, Литвада – 298 доллар. (Бұл – бұрынғы КСРО құрамында болған елдер бойынша).

Польша, Венгрия, Италия, Канада, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Швеция, Швейцария елдерінде зейнетақы көлемі 380 мен 874 доллардың арасында.

АҚШ-та «пенсия» мөлшері 1164 доллар, Испанияда – 1190, Германияда – 1200, Израильде – 1350, Норвегияда –1542, Финляндияда – 1900, Данияда – 2800 доллар.

...Міне, әр елдегі зейнеткерлікке шығу жасы мен берілетін зейнетақы көлемі осындай екен. Әрине, зейнет жасының және оның мөлшерінің әртүрлі болуы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және тағы басқа жағдайларына қарай орын алатыны белгілі.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ