Жемқорға жем болсақ та тәуба дейміз

28.12.2017
Қаралды: 513

Менің бұл өлеңді жазамын деген мүлде ойым болған жоқ еді. Таңертең үйдегі қоқысты контейнерге тастауға далаға шыққан едім, подъездегі қоқыс жәшігін бір ер адам (қазақ) ақтарып жатыр екен.

Біз «мусорды» тастағанда қалдық тамақты бөлек қалтаға салып, жәшік тұратын жердің бұрыш жағына бөлек қоямыз. Себебі күнделікті тамақтың қалдығын жинап жүретін панасыз жандар келеді. Соларға арнап әдейі бөлек қоямыз.

Мен қолымдағы тамақ қалдығы бар пакетті әлгі адамға беріп: 

– Мереке құтты болсын! – дедім. 

– Рахмет! Шіркін, осындай мерекелер жиі болып тұрса ғой! Мұндайда біз де бір тойынып қаламыз. Өйткені мереке дастарханынан қалдық көп қалады ғой. Бүгін бірнеше күннің азығын жиып алдым. Бұған да тәуба! – деді әлгі панасыз.

Мен қолымдағыны қоқыс жәшігіне тастап, әлгі жерден тез кетіп қалдым. Панасыздың «тәуба» деген сөзінен кейін тамағыма бірдеңе кептеліп, көзіме жас толып кетті. Мен оның алдында өзімді кінәлідей сезіндім. Содан үйге келгесін осы өлеңді жаздым. Бұл өлең үшін кесем десең, тілім – міне!

       Тәуба дейміз Советке тарап кеткен,

       Ең соңында Бостандық бізге жеткен.

       Тәуба дейміз таңына Тәуелсіздік,

       Үш ғасырдай бабалар арман еткен.

                   Тәуба дейміз триллион шашқан текке, 

                   Халқы кедей, өзі бай Үкіметке.

                   Мұнайшы мен шахтерлер, қара халық 

                   Жанайқайын естімес Парламентке.

       Тәуба дейді қазағым, тәуба дейді. 

       Қытай келсе бас иіп, «Хаума» дейді. 

       Орыс келсе, жері мен төрін беріп, 

       «Оян, қазақ!» – дегенді жау ма дейді.

                   Тәуба дейміз банктер тонаса да, 

                   Пайызбенен халықты қанаса да. 

                   Газ, мұнайдың «қызығын» Қытай көріп, 

                   Аспан, жерді орыстар уласа да.

       Тәуба дейміз қыздарға тәнін сатқан, 

       Он үш жастан бұзылып, бала тапқан. 

       Жетімдерді саудалап, зар жылатып, 

       Ата салттан аттадық, Құдай атқан.

                   Тәуба дейміз тойып ап «тарс» еткізсек, 

                   Қарыз алып той жасап, жарыс өткізсек. 

                   Аштан өлмес жалақы, зейнетақы, 

                   Тәуба дейміз келесі айға жетсек.

       Тәуба дейміз қара шай, қара нанға,

       Кертіп жейтін қазы мен жая қайда? 

       Егінін сап, жалданып малын бағып, 

       Күн кешсек те құл болып бек пен байға.

                   Тәуба дейміз жұмыссыз қаңғып жүріп, 

                   Қоқыс жәшік қалдығын қорек қылып. 

                   Парақор мен жемқорға жем болсақ та, 

                   Тәуба дейміз қоғамға мына былық.

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ