2018-жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қандай болады?

28.12.2017
Қаралды: 4379

Еліміздің 2018 – 2022-жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде қалыптастырылған «2018 – 2020-жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес, елімізде 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап, әлеуметтік төлемдер саласында біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 мың 284  теңге

2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап, тағайындалған зейнетақы төлемдерін, соның ішінде әскери қызметте болған қызметкерлерінің зейнетақы төлемдерін 8 пайыз көлемінде арттыру жоспарлануда.

Алдағы 1-қаңтардан айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2405 теңгеге дейін, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 33 мың 745 теңгеге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 15 мың 274 теңгеге дейін жоғарылайды. Сондай-ақ жаңа тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 110 мың 630 теңгені (46 АЕК х 2405 теңге) құрайтын болса, ең жоғарғы жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшері 82 мың 973 теңге болады. (46 АЕК - 75%).

Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, сонымен қатар әлеуметтік-медициналық және түзету мекемелерінде тұратын азаматтар үшін  берілетін төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өсіріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың 284  теңге болады.

Жәрдемақы мөлшері өседі

Еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдар үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақының, бала туғанда берілетін біржолғы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері, арнайы мемлекеттік жәрдем­ақылар тағайындалуы мен артылу мөл­шері АЕК көрсеткіштің мөлшеріне, яғни 2405 теңгеге сүйене отырып артылады. Мәселен, №1 тізім бойынша арнайы жәрдемақы сомалары 22 мың 655 теңгені, ал №2 тізім бойынша 20 мың 154 теңгені құрайды.

Ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға берілетін немесе мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін  жәрдемақылардың тағайындалуы мен арт­тырылуы 1,05 ең төменгі жалақы мөлшерінен алынып (ең төменгі жалақы мөлшері – 28 мың 284 теңге), 29 мың 698  теңгені құрайтын болады.

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала 1 жас­қа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері АЕК артуына байланысты болады. Демек, бірінші, екінші, үшінші балаға – 91 мың 390 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 151 мың 515 теңге (63 АЕК) төленіп беріледі.

Сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай са­йынғы төленетін жәрдемақы мөлшерінің төлемі мынадай болады: бірінші балаға 13 мың 853 теңге, екінші балаға – 16 мың 379, үшінші балаға 18 мың 880 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 21 мың 405 теңге төленеді.

Зиянды өтеу жағы да есепте

Сонымен қатар Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан 2018-жылғы 1-қаңтардағы жағдай бойынша алушы болып табылатын тұлғаларға еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 16 па­йызға арттыру көзделген.

Банкроттық салдарынан таратылған және қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған заңды тұлғалардың бұрынғы қызметкерлеріне зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатын ақшалай төлемдерін алушылар үшін 6 пайызға арттырылады.

 Көпбалалы аналарға

арналған көмек

«Қазақстан Республикасындағы арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999-жылғы 5-сәуірдегі № 365-І Заңына сәйкес, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» «Батыр ана» ретінде марапатталған және І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орден­дерімен марапатталған көпбалалы аналар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдем­ақылар тағайындау тәртібі ҚР «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына ауыстырылады. Сонымен қоса, бір төлемнен басқа төлемге ауыстыру үшін қайта рәсімделуі автоматты түрде алушылардан ешбір жаңа өтініш алынбай жүзеге асырылады.  Ал 2018-жылдың 1-қаңтарынан аталған төлемдер мөлшері 15 мың 392 теңге болады.

Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды 2018-жылдың 1-қаңтарына дейін ғана тапсыру құқықтарына ие. Яғни 2018-жылдың 1-қаңтарынан кейін бұл жәрдемақыны мемлекеттік корпорация бөлім­шелері арқылы тағайындау күшін жояды. Есесіне, 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап, жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Әлеуметтік атаулы көмек», «Мемлекеттік балалар жәрдемақысы» және «Көпбалалы отбасыларға арнал­ған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы» жаңа форматтағы әлеуметтік көмек қарастырылуда. 

Мүгедектер мәселесі де ескерілген

2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап Байқоңыр қаласының тұрғындары болып табылатын І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар және 16-дан 18 жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедек балалар үшін тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар Ресей Федерациясы Заңнамасына сәйкес тағайындалатын болады.

Сондай-ақ келер жылы мүгедектігіне байланысты тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріліп төленеді. Жалпы төленетін сомалары мөлшерлерінің төмендеуіне жол берілмейді, керісінше, әкімшілік тәртібі қысқартылады.

Әйелдердің зейнеткерлік жасы өзгере бастайды

2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап 2027-жылға дейін әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Яғни 10 жыл аралығында жыл сайын 6 айдан қосылып тұратын болады. Сәйкесінше, 2018-жылы әйелдер 58 жас 6 ай толғанда ғана құжаттарын зейнеткерлікке даярлайды.

Бақыт БАСЫМБЕК,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік

корпорациясы» коммерциялық емес

акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысы 

бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді

ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ