Жарық, халық, нарық...

28.12.2017
Қаралды: 812

Әуелі ең соңғы хабарларға назар аударайық: Жаңа жылдан бастап жарық пен жылудың бағасы тағы да қымбаттайтын болыпты...

Және бір жаңалық: Жаңа жыл қарсаңында министрлер мен әкімдер, олардың орынбасарлары екінші, үшінші ордендермен марапатталыпты... Ал олардың кейбіреулері кеудесіне алтыншы және жетінші медальдарды тағыпты...  

 

Қымбат қып жылу мен жарықты,

Қинады-ау тағы да халықты.

...Ел қамын ойлайды дегендер,

Қос-қостан орденді тағыпты...

                   Көбейтті айыппұл, салықты,

                   Кей адам нан таппай тарықты.

                   ...Ал сөзі жылтырақ әкімдер,

                   Жалтырақ медальдар тағыпты...

Көтеріп баға мен нарықты,

Мойынға ілді ғой қамытты.

...Жұрт сенген төрелер төсіне,

Тізілтіп төсбелгі тағыпты...

                   Басынан кешкендей тамұқты,

                   Қайран ел қалжырап, қамықты.

                   ...Билікте сап құрған серкелер,

                   Самсатып салпыншақ тағыпты...

Шындықты іздеп ел зарықты,

Шаршады, қажыды, жалықты.

...Көргендей болып жүр бұл халық,

Басынан шіріген балықты...

Иса ОМАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ