«Замана» 20 жасқа аяқ басты

27.12.2017
Қаралды: 788

Тәуелсіз қазақ елінде не көп, газет көп. Бірақ мен солардың ішінен тек 5 газетті – «Замананы», «Қазақ үнін», «Жас Алашты», «Сәтті» мен «Қазақ әдебиетін» ғана үзбей оқимын. Маған қажеттінің бәрі солардан табылады. Егер осы газеттерді оқымасам, ауырып қаламын.

Мен үшін «Замананың» орны бір бөлек. Оның жарық көре бастағанына 2018-жылдың мамыр айында 20 жыл толады. Бұл – бір жігіттің өмірі. «Замана» да өсті, толысты, толықты, ақылды басылымдар қатарынан орын алды, аға газеттер қатарында әрбір оқырманның төріне озды. Беделі асып, халықтың іздеп жүріп оқитын газетіне айналды. Қазір жұрт сот, прокуратурадан бұрын «Заманаға» жүгінетін, жүгіретін дәрежеге жетті. Бұл оның басшысының тынымсыз ізденуінің, адал еңбегінің арқасы. Сол үшін «Замананың» барша шығармашылық ұжымына мың да бір алғыс айтамыз! Алдағы уақытта газеттің оқырманы көбейіп, таралымы 100 мың данаға жеткей!

Мен де 2000 – 2002-жылдары «Заманаға» жүздеген мақалалар, сөзжұмбақтар, аудармалар, қызық деректер жазғанмын. Оларды газет түгел жариялады. Сол жылдары газет редакциясы біз сияқты штаттан тыс тілшілерге де қомақты қалам­ақы төлеп, қаламгерлерге үлкен жақсылық жасаушы еді. Талай тілші «Заманадан» түлеп ұшып, тәжірибе арттырып, бөтен басылымдарға тілші болды. «Замана» – өмір мектебі, кадрлар ошағы, көптеген жастар үшін Журналистика академиясы қызметін атқарды.

«Заманада» маған «Мерей», «Иман», «Өмірдің өзі», «Ойтүрткі», «Анау-мынау», «Түйткіл», «Құмсағат», «Әлеумет», «Күн тәртібі» және тағы басқа да айдарлармен жарияланған түрлі құнды материалдар ұнайды. Ашық пікірлесу, мәселелерді оқырмандардың көп болып талқылауы көңілімнен шығады. Пікірталас шындықты тудырады, ойды ой қозғайды, оқырманды ойландырады, толғандырады, жылатады, күлдіреді, көңілдендіреді.

«Замана» газетінен біз, оқырмандар көп нәрсені білдік, түйдік, үйрендік, әлі де үйренудеміз. Газеттің әр нөмірі бір кітап іспетті. Ол республикамыздың энциклопедиясы сияқты, оқысаң сана-сезімің өседі, білімің артады, көкжиегің кеңейеді, көзің ашылады.

«Замана» алдағы уақытта да заманмен үндесіп, оқырманға әлі де көп нәрсе береді. Біз сенімен әрқашанда біргеміз, «Замана»!

Мақсат МҰХАНОВ.

Сарыағаш қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ