«Ішім от боп жанып жатса да ылғи күліп жүремін», – дейді әшекей бұйымдарын жасайтын қыз

27.12.2017
Қаралды: 1727

Қызылорда қаласының тұрғыны Айман Махамбетованың арманы асқақ еді. «Тұрмысқа шықтым, енді үбірлі-шүбірлі болып, солардың қызығына бөленемін» деп қиялдайтын. 

Бірақ 2015-жылдың тамыз айында жол апатына түсіп, өмірі күрт өзгеріп сала берді. Жол апатының салдарынан есту қабілетінен айырылып қалды. Дәрігерлер оған «Ми қан айналымының бұзылуы, нейросенсорлы кереңдіктің 4-сатысы» деген диагноз қойды. Әдетте мұндай диагнозбен ауырған науқастар уақыт өте келе сөйлеу қабілетінен де қала бастайды екен. Алайда Айман өзінің мықты жігерінің, өмір сүруге деген құлшынысының арқасында сөйлеу қабілетінен айырыл­ған жоқ.

«Мен университетті бітірген соң статистика, банк салаларында жұмыс істедім, – дейді Айман. – Ата-анам менің екі жоғары білім алуыма жәрдемдесті. 5 тілде емін-еркін сөйлей алатын дәрежеге жеттім. Уақыт өте өзім ұнатқан азамат­қа тұрмысқа шықтым. Бірақ әлгі жол апаты менің өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді.

Жаратушының үлкен бір сынағы болар, есту қабілетін жоғалтқан соң қатты қиналдым. Бірақ қанша қиын болса да осы қалыпқа үйрену керектігін түсіндім. Әдет­тегідей үйреншікті жұмыспен емес, басқаша іспен айналысу қажеттігі туындады. Сөйтіп қолөнер бұйымдарын жасай бастадым. Қазір түрлі-түсті тастардан әшекей бұйымдарын жасау менің сүйікті ісіме айналды. Оны «Айзере» қолөнер бұйымдары» деген атаумен әлеу­меттік желілер арқылы сатылымға шығарып, ем-домыма қаражат жинап жүр­мін».

Айманның есту қабілетін жақсарту үшін бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Өз еліміздегі ең мықты дейтін невролог, лор-дәрігерлерге көрінген. Тіпті Бішкекке, Ташкентке де барған. Израиль мен Оңтүстік Кореяның білікті дәрігерлерінің онлайн-қабылдауында болып, кеңес алған. Соңыра түсінгені, мұндай дертті Израильдегі емханалардың бірінде емдеуге болады екен. Алайда оған кететін шығын 50 мың доллардан асатын көрінеді. Екі жылдан бері талай жерге қыруар қаржысын шығындаған қыз енді осы емі үшін әшекей  бұйымдарын сатып жүр.

«Мен жасаған қолөнер бұйымдарымның арқасында түрлі көрмелерге қатыса бас­тадым. Таяуда ғана Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнал­ған республикалық қолөнер көрмесіне қатысып, әшекейлерім басшылар тарапынан оң бағасын алды.

Өмірде әке-шешеңнің «айналайын», «құлыным» деген сөздерін ести алмаудан, айналаңдағы адамдардың сың­ғырлаған үнін бір естуге зар болудан артық азап жоқ шығар. Осыларды ойлағанда жаным күйзеліп кетеді. Ондайда әшекей жасауға немесе сурет салуға тырысамын. Бір сөзбен айтқанда, менің өнерім менің халықпен қайта араласуыма, өзімді кем санамай алға қадам басуыма себепкер болуда.

Кей адамдар он екі мүшесі сау бола тұра «Жұмыс жоқ» деп сылтауратып босқа сенделіп жүр. Осы кісілерді түсінбеймін. Күн көремін, бай-қуатты боламын дегенге істейтін жұмыс көп. Ерінбеңіз, ізденіңіз. Жоқтан бар жасауға тырысыңыз. Мысалы, бізді ата-анамыз ешкімнен қарыз алма, масыл болма, наныңды адалдап же деп тәрбиеледі. Кезінде мен де білдей бір мекемеде тәп-тәуір қызмет еттім. Қолымнан заңгер­ліктен басқа ештеңе келмейді деп отыра берсем, қазіргі күнім қалай болар еді? Адам кез келген өмірге бейімделе білуі тиіс. Барға да, жоққа да сабырмен қарау керек. Өнерді серік етіңіз, әртүрлі іспен шұғылданып көріңіз. Соңынан өзіңізге ұнаған істі кәсіпке айналдыруға болады.

«Денсаулық – терең байлық» деген сөз текке айтылмаған екен. Оны барында қадірлей біліңіздер. Саламатты өмір салтын ұстаныңыздар. Аурудың бәрі жүйке жүйесіне салмақ түсуден басталады. Орынсыз ашулану, болмашыға күйгелектенуді тоқтату керек. Бұл өмір тым қысқа. Ал оны ашу-аразбен өткізу дұрыс емес.

Айналаңыздағы адамдарды бағалай біліңіз. Әсіресе ата-анаңызға, бауыр­ларыңыз­ға, жолдасыңызға жақсы сөздер айтыңыз. Олармен кездескенде, қоштасқанда соңғы рет көрісіп тұрғандай ықылас танытыңыз. Бес минуттан кейін жағдайыңның қалай боларын білмейсің. Кейін бәрі кеш болуы мүмкін.

Менің әр түнім тілекпен аяқталып, таңым қорқынышпен атады. Себебі кез келген уақытта сөйлей алмай қалуым мүмкін. Тіпті төсекке таңылуым да ықтимал екен. Десе де ертеңіме сенемін, жақсылықтан күдер үзген емеспін. Ішім от боп өртеніп жатса да ылғи күліп жүремін. Көңілді жүруге тырысамын. Жаратушыдан күдер үзген емеспін. Сіздер де солай етіңіздер. Бір тылсым күштің болашақта өміріңізді жақсы арнаға бұрарына сеніңіздер», – дейді Айман.

...Айманның өмірге деген құш­тарлығына қарап-ақ он екі мүшесі сау адамдардың тағдырға шағым айтқаны ұят сияқты. Қолда бардың қадірін білейік, ағайын!

P.S. Айтпақшы, Айман Махамбетоваға қаржылай жәр­дем беремін дейтін кісілер болса, онымен «Уатсап» ар­қылы 8-707-207-07-26 телефонына хабарласа алады. Ал «Қазком­мерцбанктегі» оның есеп-шот нөмірі: 4003032706 781947, KZ870826402816.

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ