Жарық бағасы тағы да қымбаттай ма?

26.12.2017
Қаралды: 645

Қызық жағдай болып жатыр. 15-желтоқсанда Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайында  жарықтың бағасын көтеру туралы жиын болып өтті. 

Оған облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Б.Аталықов төрағалық етті. «Энергопоток» ЖШС директорының міндетін атқарушы Рустам Ахметов 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап жарық тарифін 14 пайызға (20,1теңгеге) көтеру туралы ұсынысын айтты. (Бұрынғы тариф –13,53 тг).

Осы жиынға жергілікті әкімдік өкілдері, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қала тұрғындары қатысты. 100-ден аса адам жиналды.

Жалпы, алдын-ала баспасөз беттерінде хабарлама жасамағандықтан қала тұрғындарының көпшілігі бұл жиналыстың болатынын білмей де қалған. Кейбір адамдар ол туралы кездейсоқ естіген. Ал жиылысқа қатысқан жүзден аса адамның 90 пайызға жуығы «Энергопоток» ЖШС-нің жұмысшылары мен қызметкерлері болды.

Қала тұрғыны Гүлдана Қазкеева ханым тариф көтерілуін бұдан әрі халықтың қалтасы көтермейтінін айтып, өз наразылығын білдірді. Оның сөзін көптеген адамдар қолдап, өз пікірлерін айтты.

Қала тұрғыны Лес Тілеулестің: «Жарықты 100 пайыз сату үшін «потеряны» тағы үстіне не үшін қоясыздар?» – деген сұрағына «Энергопоток» ЖШС директорының міндетін атқарушы Рустам Ахметов мардымды жауап бере алмады. Ал облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Б.Аталықов «Энергопоток» серіктестігін шыр-пыр болып қорғап, сол мекеменің адвокатына айналды.

Қоғам белсенділері Шаруа Пірмат, Ибрахим Әлсерке және Ержан Қалдыбаев мырзалар да тарифтің көтерілуіне қарсы екендерін айтты. Олар: «Тарифті қандай негіздерге және кімнің бұйрығы бойынша көтересіздер?» – деген сұрақтарына қанағаттанарлық жауап ала алмады.

Жиылыс соңында облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов та тарифтердің көтерілуі халықтың наразылығын тудырып отырғанын айтып өтті.

Екі сағатқа жуық болған жиылыстың соңында Бақтияр Аталықов жарық бағасын көтеру мәселесі комитетте әлі зерттелетінін айтты. 

Ардақ ӘШІМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ