Артық салмақтан арылыңыз, ағайын!

26.12.2017
Қаралды: 834

Семіздік немесе артық салмақ деп ағзада майдың мөлшерден тыс көп болуын айтады. Май тері астында, жасұнықта, бүйрек айналасында, жүректің бетінде, қабырғаларда, мойында, жалпы, ағзаның барлық тұсында да жинала береді. 

Ал семіздік денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Оған қоса артық салмағы бар адамдар ауыр психологиялық қиындықтарға душар болады. Өйткені біздің қоғам сымбаттылық пен арықтықты бағалайды. Бұл әсіресе әйелдер мен жасөспірімдерге қиынға соғады.

Семірудің мынадай себептері бар: Үнемі артық тамақтану, мешкейлік. Ата-әжесінің, әке-шешесінің немесе нағашысының біреуі толық болса, олардың ұрпағы да семіздікке бейім тұрады, яғни оның тұқым қуалаушылық әсері де бар. Сондай-ақ ішкі секреция бездерінің, әсіресе гипофиздің, қалқанша без бен  жыныс бездері қызметінің бұзылуы салдарынан зат алмасу процестерінің интенсивтілігі күрт төмендеген жағдайда да адам семіреді. Сол сияқты, аз қимылдау және тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы, кейбір психикалық ауытқулар да семіруге себеп бола алады.

Ғалымдардың айтуынша, адамның миындағы гипоталамус деген без семіздікке тікелей қатысты. Ол жоғарғы ми жүйесінің жұмысын бағыттап тұрады. Сонымен қатар, бездің жұмысына серотонин, дофамин және «бақыт гормондары» деп аталатын эндорфин тәрізді заттардың да қатысы зор. Дәмді тағам жемей-ақ оны көргендегі қуану кезінде адамның миындағы рахаттану орталықтарының жұмысын жоғарыдағы заттар қамтамасыз етіп отырады. Әр адамдағы осы бездің жұмысы семіздерде ерекше белсенді. Содан олар тойғанын білмейді, үнемі тамақ ішкісі келіп тұрады.

Қазір арзан әрі калориясы көп нан-жарма, кондитер өнімдері көп. Оны үнемі қолдану семіртіп жібереді. Ал семірудің 4 дәрежесі және 2 кезеңі болады: дене салмағы үнемі өсіп тұратын үдемелі кезең және артық салмақ болса да ары қарай үлкеймейтін тұрақты кезең. І дәрежелі семіздікте дененің нақты салмағы идеал массадан 29 пайызға дейін, ал ІІ дәрежелі семіздікте  30 – 40 пайызға дейін асады. ІІІ дәрежелі семіздікте 50 – 99 пайызға дейін, ІV дәрежелісінде айырмашылық 100 пайыздан жоғары болады.

Семіздік әрқашан ағзаның жұмысын тежейді. Одан жүрек жұмысы ауырлайды, қан айналымы бұзылады, демікпе пайда болып, адам тез шаршайды, инфекциялардан қорғанысы әлсірейді. Ал артық салмақты өз бетіңізбен толық емдей алмайсыз, алдын-ала дәрігермен кеңескен дұрыс. Мүмкін семіздік белгілі бір аурудың салдары шығар. Бұл жағдайда сол ауруды емдеу керек.

Семіздікті емдеудің тәсілдері бар. Олар мынадай: Дәрі-дәрмексіз тәсілдер. Калориясы төмен азыққа негізделген диета мен жүйелі дене жаттығулары. Барлық диеталар келесі талаптарға сай болуы қажет: калорияның айқын тапшылығын қалыптастыра отырып, денсаулыққа зиянын тигізбеу үшін тиімді және үйлестірілген тағам пайдалану қажет. Бірде-бір дәрігер өте аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін диетаны құптамайды. Семіздіктен біртіндеп арылу қажет.

Ал дәрі-дәрмекті тәсілде дәрігер тәбет қашыратын және құнарлы заттардың сіңірілуін азайтатын немесе гормоналды жағдайыңызды қалыпқа келтіретін препараттарды жазып беруі мүмкін.

Сондай-ақ хирургиялық мынадай тәсілдер қолданылады: Липосакция, яғни тері астынан артық майды алу; Асқазан көлемін кішірейту үшін кигізілетін арнайы сақиналарды асқазанға орнату операциясы; абдоминопластика – салбырап қалған немесе тым үлкен қарынды жоятын ота.

Есіңізде болсын! Дәрігерлер аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балаларға арықтауға рұқсат бермейді. Әдетте балалар дене қимылының аздығынан семіреді. Дұрысы, томпақ балақайдың бойы салмағын «қуып жеткенше» бір қалыпта ұстауға тырысу керек.

Семіздіктің алдын алу үшін саламатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, азыққа көкөніс пен жемістерді көбірек жеу керек. Ет және сүт өнімдерін, малдың майын  тәттілерді (кәмпит, қант, т.б) нан, ботқа және картопты аса көп қолданбаған жөн, тәбетті күшейтетін дәмдеуіштер мен ащы нәрселерді де шектеп, тұзды өте аз мөлшерде пайдалану керек. Өйткені тұз тәнде су жинайды. Қара нан немесе ірі тартылған ұннан жасалған тоқаш жеу керек. Майсыз ет, балық, майы алынған қатық, сүт, сондай-ақ көкөністердің барлық түрін қолдануға болады. Тамақтану тәртібі қатаң сақталуы тиіс.

Егер де тым семіріп кетсеңіз, артық салмақтан арылуда осы айтылған кеңестерден қайран болмаса, онда дәрігерге көрінгеніңіз жөн.

Г. ЖАҚСЫБАЕВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы қоғамдық 

денсаулық сақтау басқармасының санитариялық-гигиеналық

 қадағалау бөлімінің бас  маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ