Мен қалай облыс әкімі болдым?

26.12.2017
Қаралды: 397

«Адам шіркін не көрмейді түсінде, жатыр екем бір күн қабір ішінде» деп мұңданған екен бір кезде авар ақыны Расул Ғамзатов. Мен де мұңлы жан едім. Ал мына түсімде тіпті мұң жоқ. Керемет түс, қолға түспейтін түс.

Түсімде әкім болыппын. Әкім болғанда да үлкен әкім, облыс әкімі. Прези­денттің өзі келіп қойып кетті. «Бұл жігітті көптен сынап жүр едім. Бүгін реті келді, қойдым. Мен қойдым, ол жұмыс істейді. Бұның үстінен түскен арызды қарамаймын», – дегені. Апыр-ай, ә! Менде облыс басқаратын қабілет бар ма өзі? Әкім болуға қабілет керек пе?

Жұмысқа қабілеті болмаса да жеуге қабілетті талай әкімді көрмедік пе? Бұрын­ғы әкіміміз Пифагор Мұхамедкереев бес жылда облысты опырып жеп, тағы бір облысты басқаруға кетті. Алматыны басқарған Храпунов қаланы үйітіп жеп, 500 миллион долларға сатып алған ұшағымен пәлен тонна зат тиеп, жолаяғын жасап талтүсте Швейцарияға ұшып кетті. Алтынтау облысын басқарған Мергей мен Сергей де облысты үптеп жеп, құйрығын ұстатпай кетті. Соғыс министрі боп тұрған кезінде бомба жемей, доллар жеп шетелге қашып кеткен Данияр Рахметовты Шыңғырлау облысына әкім етіп жібердік. Аузы күймеген. Әлі жеп жүр.

«Адам сана» деп берген 800 миллион теңгесін алып қашып бара жатқан жерінен ұстап әкеліп Жанат Елшібаева деген қызымызды соттадық. «Менің жегенім 800 миллион-ақ теңге. Ана миллиардтап жегендерді неге ұстамай отырсыңдар? Аз жегендерді соттайтын ауруларың бар ма?» – деп шырылдап жатыр байғұс. Қайтсін-ай, сөздің реті ғой. Қазақстаннан 4 мың адам миллиардтап жеп, шетелге қашқан екен. «Жалғыз мен неге сотталуым керек?» – дейді ғой.

Иә, анда-санда көз қылып әлдекім­дерді осылай соттайтынымыз бар. Менің байқағаным, біздің елде жеудің үш түрі бар екен. Опырып жеу, үйтіп жеу, үптеп жеу. Жегесін үптеп жеген дұрыс қой. Мен түбіне жеткізіп, үптеп жеймін. 

Біреу: «Бүгінгі әкім – шайтаннан кейінгі қолы бос адам» деген екен. Ұят-ай! Біреу естіп қалмасын. Рас екен. Қолым бос, тек ойға батасың да отырасың. Кім не әкеліп береді, қанша әкеледі? Қайыршы емеспін, теңгені алмаймын. Евро, доллар керек! Көмекшіме қап, дорба арқалап келе жатқандарды бірінші кіргіз деп қойғанмын. Неден қорқамын, қорғаушым бар.

Біреуге қызмет керек – ақшаңды әкел! Біреудің бизнес жасағысы келеді – ақшаңды әкел! Біреуге жер керек – ақшаңды әкел! Біреуге әкімдік керек – ақшаңды... Күнде осылай ақшаға көміліп қаламын.

Көп ақшаның уайымы да көп болады екен. Мына ақшаны қайда қоямын? Жерге сияр түрі жоқ. Өзіміздің банктер қауіпті. Еуропа, Америка банктері сенім­сіз. Олар ертең арам ақшаны иесіне бермеуі мүмкін. Панама, Бермуд, Гонконг, Сингапур, Қытай... Ойдан басым айналады. Гипертония болдым. 

Көмекші:  «Төрехан Мөреханұлы! Сізге облыстық оқу бөлімінің бастығы кіргісі келеді». «Кім?! Оқу бөлімінің бастығы? Қайыршы! Оған не керек екен? Дорбасында бір тиыны жоқ, ауру мекеме. Уақытым жоқ, қабылдай алмаймын. Орынбасарға барсын!»

«Облыстық мәдениет басқармасының бастығы келіп тұр». «Мәдениет? Әлеу­ләйлім! Ақымақ! Әнін салсын да жүре берсін. Менде шаруасы болмасын. Солай айт, көзіме көрінбесін!»

«Тас жолдар басқармасының бас­тығы да отыр». «Тас жолдар? Әлгі ақшасы көп мекеме ғой! Иә,иә, кірсін».

«Ассалаумағалейкум, Төрехан Мөреханұлы!» «Уағаләйкумуссалам! Иә, тас жолдар төресі, не шаруамен жүріпсің?» «Жоспар бойынша облыс орталығынан Шалқыма, Мойыл, Нарқамыс аудандарына дейін тас жол салуымыз керек еді ғой?» «Саламыз! Бөлінген ақшаның жартысын менің есеп-шотыма аудар». «Онда жол салынбайды ғой». «Неге салынбайды? 10 сантиметр асфальтты 3 сантиметр ғып саламыз, қалған ақша өзіміздікі емес пе?» «Онда келесі жылы қайта саламыз, 3 сантиметр тесіліп қала береді». «Тесілсе тесілсін! Біз тесілмейміз. Қайта саламыз. Әлде сенің жұмыс істегің келіп жүр ме? Жұмыс істеп көзге түскің келеді екен ғой. Ертеңнен бас­тап сені жер қазатын жұмысқа жіберейін. Күрекпен өзің жер қазасың. Сосын көзге түсесің, өсесің. Мүмкін менің орныма тұрып кетерсің. Шық кеңседен! Жұмыстан боссың. Иттің баласы! Қарай гөр мұның адамсуын! Көрсетермін саған адамсуды!»

«Көмекші-і-і! Тас жолдардың жаңа басшысын шақыр!» «Келді». «Кірсін!»

«Балақай, жаңа қызметің құтты болсын!» «Сіздің арқаңыз...» «Менің тапсырмамды білесің ғой. Маған ақша неге керек? Алмасаң-бермесең, жемесең-жегіз­бесең бір күн де жұмыс істетпейді. Бұл ақшаның көбісін мен өзімнен жоғары тұрған адамдарға беремін. Шетінен мешкей, тоймайды-ау, тоймайды. Әкесі аштан өлгендер!..»

«Көмекші-і-і! Ертеңнен бастап менің қабылдауыма аудан әкімдері келсін!»

«Шалқыма ауданының әкімі келіп тұр», «Кірсін!» «Төрехан Мөреханұлы, үй-іш, бала-шағаңыз сау ма? Жеңгейдің көңілі шат па?» «Шат-шадыманбыз. Шаруаңды айт». «Менің шаруамды өзіңіз білесіз ғой. Шалқыма көлі...» «Шалқыма көлінің асты-үстін тазалау керек. Күрделі жөндеу жүргізген боламыз. 4 миллиард теңге бөлдім. Оған жарты миллиард жетіп жатыр. Көлдің астын сүңгіп ешкім тексере қоймас. Айналасын тазалап, шлюзін сырла. Қалған ақшаны менің есеп-шотыма...»

«Көмекші! Тағы кім бар?» «Мойыл ауданының әкімі». «Кірсін!»

Біздің елде жеу, пара алу – қылмыс емес. Жемейтін, пара алмайтын басшы бар ма, көрсетші. Музейге апарып қоя­йын. Премьер-министр Берік Рахметов пара алу үстінде ұсталғанда президент: «Балабақша меңгеру­шісінен бастап, премьер-министрге дейін түгел жемқор, парақорсыңдар демеді ме? Сонау 2000-жылдары президент өзінің нөкеріне қарап-қарап тұрып: «Мен сендерді шет­теріңнен сотқа сүйреп апара аламын, бірақ апармаймын ғой», – дегені көз алдымда.

«Шіркін, ақша жолда жатса» деген екен бір аш ақын. Аш емеспін, ақша, алтын жолымда жатыр. «Болған соң өзім батыр кімді аяйын?» дегендейін, болған соң өзім әкім нені аяйын? Алты қанат – алты қабат ақорда үй салып алдым. Тар үйде тарығып қалған бала-шаға, немерелер асыр сап ойнап жатыр. Лифтімен әткеншек тепкендері қандай әдемі! Жасырынбақ ойнайтындар біріне-бірі таптырмағанына мәз. Тума-туыс, құда-жекжаттарды тойындырдым. Америкадан сатып алған «Воинг-747» әскери ұшағым ауламда тұр. Енді не істеу керек? Қашу керек. Қашып кеткендер ақымақ емес.

...Алып ұшақты алтын-күміс, бриллиантқа толтырып, қап-қап доллар, евроны қаттап, бала-шағамды, бәйбішемді жұмсақ креслоға отырғызып, «Швейцария қайдасың?» деп ұшып келеміз. Көз тоймайды екен. Көп тиеппіз. Ұшақ ауырлап, төмен тартады. Альпі тауларының найзадай тік сүйір басы шабымызды түртіп келеді.

Ұшақ шайқалды. Ойбай! Тауға соқтық! Қирадық!

Дауыл ұлып тұр. Ақша ұшып аспан-жерді алып кетті. Ұшақ өртенді. «Ақшаң құрысын, ақшаң құрысын, бала-шағамды айтсайшы!» деп шашымды жұлып, еңіреп жылап жатыр екенмін. Оянып кеттім. Баяғы жаман үйімде жатырмын.

Қожанасыр көсілгенде аяғы шығып жататын күркесін «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!» деген екен. Мен де «кең сарайдай боз үйіме» жылап қосылдым. 

Уа, Жасаған! Өмір бойы әділет іздеп, оны таппаған, аузы жауыр жазушыдан жемқор жасамақ болғаның не қылғаның? Мен саған өкпелімін. Түс берсең де дұрысын бермейсің бе? 

Төрежан МӘНДІБАЙ.

Ақтөбе қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ