Оғыз Доған «Эйр Астананы» сотта жеңіп шықты

25.12.2017
Қаралды: 426

Биылғы жаз соңында «Эйр Астана» әуе компаниясының қызметкерлері мен Түркияда қазақ және түрік тілдерінде шығатын «Қазақ елі» журналының Бішкек қаласында тұратын тілшісі, журналист Оғыз Доғанның арасында даулы оқиға орын алғаны белгілі.

О.Доған ұшақтағы жолсеріктердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен, ал қарсы жақ оны тәртіпке шақырған ескертуге құлақ аспады деп кінәлаған болатын. Компания оған тіпті айыппұл да салған еді. Біз осы оқиғаға байланысты «Замана» тілшісінің О.Доғанмен болған сұхбатын газетімізде жариялағанбыз. (Оғыз Доған: «Тіл дегенде тік тұрыңдар, қазақтар!», «Замана», №37).

Өзінің әділетті түрде айтылған талабына, кейін бейбіт түрде жіберген ұсыныстарына құлақ аспағасын Оғыз Доған «Эйр Астана» компаниясын сот­қа берген еді. Қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрасын деп, моральдық шығын есебінде символикалық тұрғыда 1 теңге төлеуін  талап еткен. Сол кезде қорғаушысы Абзал Құспанов оның жеңіске жететініне сенімділігін білдірген болатын.

Түрлі себептерге байланысты бүгінгі күндерге дейін созылған осы сот ақырында Оғыз Доғанның жеңісімен аяқталды. Бұған қатысты істі қараған Алматы қаласындағы «Түрксіб» аудандық сотының судьясы Айгүл Тұрсағұлова «Эйр Астана» компаниясының қызметкерлерін кінәлі деп тауып, оларды мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеу, талапкер О.Доғанға көрсетілген көлемдегі моральдық шығынды төлету жөнінде шешім шығарды.

«Бұл – менің емес, бүкіл қазақтың, қазақ тілінің жеңісі. Қазақ тілі – менің ана тілім. Біз баяғыда жеңуіміз керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды. 26 жыл бұрын жеңіске жетуіміз керек еді», – деді Оғыз Доған осыған орай берген сұхбатында.

Иә, сонымен әділдік жеңіске жетті, Оғыз Доған қазақ тілінің абыройын қорғап қалды. Бұған біз де қуаныштымыз, оған деген өз ризашылығымызды білдіреміз. Қазақтың әр азаматы мемлекеттік тілді, өзінің ана тілін дәл осылайша қорғап, қолдап жүрсе ғой, шіркін!

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ