Солтүстікке көш, қазағым!

25.12.2017
Қаралды: 1325

Жақында ақпарат құралдарынан «Не өл, не кел!» деп жазылған ба­уырымыздың жанайқайын оқып, оған үн қосқым келді. Иә, шет елде не сол елге сіңіп бордай тозасың, не қайыршы болып келсең де өз еліңде бала-шаға өсіріп, үрім-бұтағың өсіп, жеті атаңның алғысын аласың. «Ер – туған жерінде, ит – тойған жерінде» деп қазақ шетелдегі қазақтарға айтқан. Орал, бауырым!

...1989-жылғы 23-мамырда Мәскеуде КСРО халық депутаттарының бірінші съезі басталды. Тікелей эфирден бір минутын да қалдырмай қарап отырдық. Алғашында Балтық жағалауы елдерінің өкілдері тәуелсіздік жөнінде, Армения мен Әзірбайжан «Сумгаиттегі қанды қырғынды» айтса, Грузия кинорежиссері Э.Шенгелия сол жылдың 9-сәуірінде бол­ған Тбилисидегі оқиғаны, литвалықтар «Вильнюстегі көтерілісті» айтып, КСРО-ның зымиян саясатының бетін ашып, арпалысып жатты.

Ал біздің қазекеңдер жым-жырт, 1986-жылғы «Желтоқсан көтерілісі» болмағандай. Съезд бітіп барады, жанымызды шүберекке түйіп, тағат таппай күтудеміз. Соң­ғы күн, үміт үзілуге жақын. Жо-жоқ! Соң­ғы минутта Шаханов жарқ етті. Мұх­тар сөйлеп тұр. Телеоператор камераны Қазақстаннан келген депутаттарға бұрып қойды. Олардың түр-түсі бұзылып, ауыздары жыбырлап, қолдары ербеңдеп, жұдырықтары түйіліп, айқайлап, Шахановты атарға оқ таппай жанталасып жатты. Біздің тұла бойымызды сөзбен айтып жеткізе алмайтын бір бұла күш кернеп, желтоқсанда көмусіз қалған жастарымызды жоқтап, көзімізден жас парлап тұрды.

Мұхтар Шахановтың жанайқайы біздің көзімізді ашып, есімізді жиғызды. Мәскеу маңындағы облыстарда тұратын, оқитын, жұмыс істейтін жастар бас қосып, ақылдастық.

1998-жылы Әзірбайжанның Армения­мен шектесетін Таулы Қарабақ автономиялы облысында тұратын халықтың 90 пайызы армяндар болатын. Армяндар бір түнде көтеріліп бұл облыста тұратын әзірбайжандарды қырып  салып, Таулы Қарабақ облысы түгелдей Арменияның қарамағына өтіп кетті. Әзірбайжан елі «қайтарамыз» деп соғысқанымен ештеңе шығара алмай, 20 пайыз жерінен айырылып қалды.

Осы кезде Мәскеу саясаткерлерінің арасында «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс Ресейдің жері, онда тұратын халықтың 90 пайызы орыстар, қайтарып алуымыз керек» деген әңгіме жиі айтылып, баспасөз беттерінде дүркін-дүркін жарияланып тұрды. Яғни Кеңес Одағы бойынша ұлтаралық жағдай ұшығып тұрған  еді.

М.Шахановтың дауысы санамызға мықтап кіріп, Отанға, елге көмек керек, ұлтымызды сақтау үшін елге оралу керек деген бір ғана оймен бәріміз де Қазақстанға қайтатын болып шештік. Ресейде жүрген қазақ жастарына «Қазақстанға, солтүстік өңірге қайтыңдар, орыс­тар аламыз деп отырған бес облысты қолға қару алып соғыссақ та бермеу үшін кету керек!» деген хабар тараттық.

Қазақстанға барғанда бірінші міндет – елімізді, жерімізді бермеу үшін қазақтардың басын қосып қарсы күрес ұйымдастыру болды. Сол бес облыста тұратын орыстарға жер қазақтың жері екен­дігін дәлелдеп, қараны көбейтуді мақсат еттік. Бұл өңірлерге шетелдегі қазақтарды шақыруды ойладық.

Сонымен қазақша балабақша, мектеп ашу деген оймен төрт жігіт бір күнде жиналып, Целиноградқа оралдық.

Ол кезде қазақтарды қалаға кіргіз­бейтін саясат күшінде, бізді бір совхозға мал бағуға жіберді. Целиноградта не туыс не таныс ешкімді білмейміз, қаптаған қалың орыс. Сонымен өзімізге-өзіміз келгенше деп мал бақтық, қол босағанда қалың орыстың қорасын тазалап, үйін жөндеп, терезе салып, төбесін жауып, етігін жамап, не жұмыс істемедік десейші!

Күндіз-түні жұмыс істей жүріп, әскерде бірге болған өзбекстандық қазақ досым арқылы Науаи облысындағы қазақтарға Ашық хат жаздым. Сол кездегі Тамды аудандық газетінің тілшісі Роза Алдашова деген жас қыз менің хатымды газетіне жариялап, радиодан хабарлаған. Содан өзбек еліндегі қазақтардың көші Целиноградқа қарай ағылды. Біз тұрып жатқан Егіндікөл ауданы, «Ұзынкөл» совхозына да он отбасы көшіп келді. Олар келген бойда орыс мектебі мен бақшасынан қазақша бір-бір топтан аштырдық. Бір баламызбен қолымызда бір ғана шабаданмен келген едік. Бір жылда толық үй болып шыға келдік.

Кейін Целиноград ауданындағы «Софиевка» ауылына қоныс аудардым. Тұңғышым да дүниеге келген. Ресейдегі оқуымды, жұмысымды тәрк етіп, «қазақ боламын» деп келген басым оншақты ғана қазақ отбасы бар, оның бесеуі орыс­танып кеткен, қалың орыстың ортасына күмп ете қалдым. Өз елімде жүріп жойылып кетемін бе деген қорқыныш бойымды биледі. Содан қазақ болғысы келетін пікірлес тауып, орыс балабақшасынан әр жастағы қазақ балаларының басын қосқанда оншақты болды, қазақ тобын әупірімдеп әрең аштырдық. Қазақша білетін бір апайдан меңгеруші болуды өтіндік.

1991-жылы тәуелсіздікпен бірге шет елдегі қазақтар Отанына орала бастады. Сол жылдары Целиноград облыстық партия комитетінің иммиграция бөлімін басқаратын Зейнолла Аймышев деген ұлтшыл, намысты қазақ үндемей жүріп-ақ қазақ мүддесі үшін көп іс тындырды. Біз жаққа Монғолиядан келген қазақтар қоныстана бастады. Баламды балабақшадан шығарып, солардың балаларына қосып жібердім. Алғашқыда балам қазақша сөйлейтін қазақтарды түсінбей, олар менің «орысымды» түсінбей жүрді, бірақ тез үйренді. Ауылда тұңғыш қазақ сыныбы ашылып, балам қазақша мектеп бітірді.

Монғолиядан, Өзбекстаннан көшіп келген қазақтардың арқасында қазақ болдым. Жалғыз мен емес, солтүстік өңірдің тоқсан пайыз қазағы оралмандардың арқасында қазақ ұлтына қайта оралғандар. Аты – оралман, заты – қазақ бауырларымыздың ықпалымен қаншама қазақша мектеп, колледж, кәсіби лицей, жоғарғы оқу орындары ашылып, іс қағаздары қазақша жазыла бастады. Солардың арқасында ашылған «Софиевка» орта мектебінің қазақша оқып, бітіріп жатқан қазақ балалары қатарынан соңғы бес жыл бойы Целиноград ауданының алды болып «Алтын белгі» алып келеді.

...1980-жылдары «Отанымыз» деп жүрген Кеңес Одағының бір зымиян сая­саты есіме түседі. Шымкент облысындағы Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің әрбір санында Ресейге жұмысқа, оқуға шақырған жарнамалар толып жүрді. Сонымен қатар арнайы адамдар келіп, жастарды жинап әкетіп, Ресейге барған соң барлық жағдайды жасап отырды.

Ал Ресейге барғасын байқап қарасам, керісінше, жергілікті орыстарды Қарағанды, Целиноград, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына жұмысқа шақырған жарнамалар толып жүрді. Біз Қазақстан бойынша оңтүстік, солтүстік облыстарда жұмыс болмаған соң Ресейге шақырып жатыр деп ойлайтынбыз. Ресей орыстарын қаптатып Қазақстанға әкетіп жатқанда елімізде, оңтүстікте жүргенде бізді неге Қазақстанның солтүстік облыстарына шақырмаған деген ой билеп алды.

Қысқасы, орыс саясатының басты мақсаты Қазақстандағы қазақтарды азайтып, орыстарды қазақ жерінде көбейтіп, жерді тартып алу екенін тәуелсіздік ал­ғанда бір-ақ түсіндік. Содан бері 26 жыл өтсе де қауіп әлі сейілер емес.

Солтүстікке көш, қазағым!

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ