Қазаққа қымбат Төлеген еді, Ғажап сезімге бөлеген еді

25.12.2017
Қаралды: 438

Қазақ кино және театр өнерінің майталманы, ұлттық өнер мен мәдениетімізге мол үлес қосқан актер, Қазақстанның Халық әртісі Құман  Нұрмағанұлы Тастанбеков жасы 73-ке қараған шағында өмірден өтті. 

Талай жұрттың таңдайын қақтыр­ған әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкерлердің бірі – Төлеген батырдың ролін сомдаған, аты сол арқылы еліміздегі балалардан бастап, қарияларға дейін мәлім болған абзал азамат мәңгілік сапарына аттанды. Сүйікті актерін бүгінде бүкіл халық болып жоқтап жатыр. Әлеуметтік желілерде ол кісінің отбасына, туған-туыстарына көңіл айтып жатқандар өте көп. Тіпті ұлты басқа, тілі өзге азаматтар да қайғыра көңіл айтуда.

...Құман Тастанбеков бүкіл халықты қуанышқа бөлеген Ұлы Жеңістің алдында ғана, 1945-жылғы 10-наурызда өмірге келген. Сол кездегі Талдықорған облысына қарасты Сарқан ауданындағы Екіаша ауылында, жылқышының отбасында өскен. Бала кезінен сырнайда (гармонь) шебер ойнайтын, әншілік қабілеті бар бозбала ауылда бір-екі жыл жұмыс істегесін Алматы Мемлекеттік өнер институтына, актерлік факультетке оқуға түскен. Оқуын бітіре салысымен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа қабылданады. 1968 – 1970-жылдары түсірілген «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген батыр – оның кино саласындағы тұңғыш ролі.

Қ.Тастанбеков содан бері 200-ден астам фильмдер мен спектакльдерде көптеген рольдерді сомдаған. Өмірінің соңына дейін сергек, белсенді күйде жүріп, академиялық драма театрында 50 жыл­ға жуық уақыт еңбек етті.

Ол кісі – Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген әртіс, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, КСРО кинематографистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік сыйлығының, «Құр­мет», «Парасат» орден­дерінің, бірнеше медальдардың иегері, Қазақстан Республикасының Халық әртісі.

Құман Тастанбеков өзінің жан жары – «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің ролінде ойнаған актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі  Меруерт Өтекешовамен бірге Жібек, Фараби, Қарлығаш есім­ді ұл-қыздарды өмірге әкелген. Балалары бүгінде өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр. Ал Меруерт апамыздың жасы қазір 66-да. Кезінде «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильм» студияларында талай киноларға түскен ол кісі бүгінде М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі, сонда 1973-жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол кезінде Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер институтын бітірген.

Құман ағамыздың Меруерт апамызбен танысып-табысуын да өз алдына кино етіп түсірсе болардай. Олардың жұп құруында осы «Қыз Жібек» фильмі үлкен роль ойнаған. Сол кездері Жібектің роліне кастинг жарияланып, оған 500-дей қыз қатысқан екен. Кино мамандары солардың ішінен Алматыдағы №66-мектептің 11-сынып оқушысы Меруерт Өтекешованы лайық көріпті. Орал қаласында туып-өскен Меруерт апамыз сол кезде 16 жаста болған. Мектепте орысша оқыса да бойынан қазақ қызына тән қасиеттер молынан аңғарылған Меруерт атқа да еш қорықпастан мініп, атпен жүруді, атқа шабуды 1 айдың ішінде-ақ меңгеріп алған екен.

Құман ағамыз Меруертке алғаш көргеннен-ақ ғашық болыпты. Кейін екеуі түсінісіп, көңіл қосқан. Жастардың үйлену тойы «Қыз Жібектің» алғаш­қы тұсау­кесері болған күні өтіпті. Онда марқұм Әнуар Молдабеков («Қыз Жібектегі» – Шеге ақын) кинодағыдай күйеу жігіттің басы-қасында жүрсе, Асанәлі Әшімов (Бекежан батыр) тойдың көрігін қыздырып, асаба болыпты.

...Қазақ кино өнерін көкке көтерген сол жылдар халықтың жадында. Жұрт «Қыз Жібекті» қанша тамашаласа да жалықпайды. Өйткені ол – «Қазақфильмнің» шоқтығы биік туындыларының бірегейі.

Сол сияқты, Құман ағамыз да – халық сүйген, өнеге тұтқан атпал азамат. Ол кісінің жарқын бейнесі жұртшылықтың есінде әрдайым сақталары анық.

Осы орайда біз Меруерт Өтекешова апамызға, ұл-қыздары мен туған-туыстарына халық құрметтеген ардақты азамат Құман Тастанбековтің өмірден өтуіне байланысты қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Бақұл бол, Құман аға! Құдайым жаныңызды жәннаттан, топырағыңызды тор­қа еткей!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ