Өзі қытаймен көңіл қосып, туған сіңлісін де қытайға көндіріп жүр

21.12.2017
Қаралды: 1131

«Фейсбукте»  Райхан Олжасқызы деген келіншектің мына бір жазбасын көшіріп алып,  сіздерге жолдап отырмын. Ол көтеріп отырған проблема бүкіл қазақ­қа ортақ  секілді. Оқып көріңіздерші.

Ғаламторды ақтарып отырып, мынадай дерекке кез болдым: «Соңғы 10 жылда 30 мыңдай қазақ қызы  шетел азаматтарына тұрмысқа шығыпты.  Оның ішінде өзгесін былай қойғанда, қытайларға тиген қыздар да  аз емес екен.  2016 жылы 62 қытай біздің елге күйеу атанса, биылғы жылдың қарашасына дейін  тағы  41 қытай жігіті қазақ қыздарын  қатын етіп алыпты».

Осыны  оқып отырып, күліп жібердім. Өйткені бұл ресми ақпарат шығар, бірақ нақты емес.

Қазір қазақтың  қаншама  қызы ресми тұрмысқа шықпай-ақ, Қазақстанда талтаңдап жүрген қытайлардың қатыны, ой­насы болып жүр. Тіпті бала сүйіп, атын қытайша  қойып жатқандар қаншама? Айтқым келгені осы жайында еді.

Көршіміз бар. Байдан шығып келген жас келіншек. Отызға әлі толмаған. «Барахолкада» сатушы. Қазақстанға келіп сау­дамен айналысып жүрген қытайлардың тауарын сатушы.

Жағдайы жаман емес. Жалғыз тұрған соң ба, ара-тұра шүлдірлеп қытайлар келіп-кетіп жүреді. Көрші болған соң аралас-құраласпыз. Бірде ол маған шай үс­тін­де сырын ақтарды.

«Жүкті болып қалдым. Фу қуанып жүр балалы боламын деп. Не істерімді білмей­мін. Босанып алсам ба, әлде...» – дегені бар.

«Қойшы, қытаймен жатып, соның ұр­пағын көбейтпексің бе? Туғың келсе баяғы байыңнан неге тумадың? Әп-әдемі қазақтың баласы емес пе еді? Айырмасы – қалтасы жұқа, құрылысшы, ал мына қы­та­йың қалталы коммерсант. Бірақ басқа ұлт, басқа діннің өкілі. Өз қазағыңа жет­пейді бәрібір. Бірақ өзің шешесің ғой», – дегенмін.

«Рас, күйеуімнің бір табысы бір табысына жетпейтін. Жетіспей жүргенде қалай бала туамын? «Обал болады асырай алмасақ. Кейін жағдайымыз түзелгенде туып аламыз. Әлі жаспыз» деп күйеуім екеуіміз жүре беріппіз. Уақыт өтіп жатты. Бірақ күйеуімнің табысы өспеді.  Жетіспей күн кештік. Кедейдің өмірі белгілі ғой. Жетіспейді. Содан айтыс-тартыс басталды. Ақыры ажырасып тындық.

Қаладағы кітапханалардың бірінде жұмыс істеуші едім. Ондағы табыс белгілі ғой. Айтсам  ұят тағы. Содан азын-аулақ нәпақа табатын жұмысты тастап, базар­ға шықтым. Сөйтіп жүріп осы қытайлармен танысып, солардың тауарларын сата бастадым. Мына екі бөлмелі пәтерді алуға осы Фу көмек берді ғой. Әйтпесе пәтер алу қайда мына заманда? Ал осындай жақсылық жасаған қытайға қалай «отказ» бере аламын? Ол мені ұнатты.

Жағдайымды жасаған соң мен де оған кет ары дей алмадым. Қазір бауыр басып қалдым.  Міне, содан бала көтеріп отырмын. Қайтейін енді, қазір маған қа­йыршы қазақтан қалталы қытай артық болып тұр.

Босанатын болсам үйде отырып қа­ламын ғой. Сауда тоқтап қалады. Содан ауылдан қолы бос сіңлімді шақырып алдым. Қазір жанымда. Сіңлім де өзіме тартқан сымбатты, сұлу қыз ғой. Биыл он тоғызға толып жатыр. Оқуға түсе алмай, ауылда қалып еді. Қазір сауда жасап жүр. Байқаймын, Фудың досы қырындап, соңынан қалмайды. Жасы үлкен. Елуге тақап қалған. «Қарсыласпа. Қайта жақындап ал. Жағдайыңды түзеп аласың. Әйтпесе жүрдің ғой ауылда жұрттың ішкені мен тышқанына қызығып. Қалталы қытайдың жамандығы жоқ. Қазір баяғы заман емес тек қазаққа ғана тұр­мыс­қа шығамын дейтін. Заман өзгерген. Ақшаның заманы. Так что, болашағыңды ойласаң, осы қытайдан айырылма. Жұрттың сөзін қайтесің? Мен де өлген жоқпын. Міне, Фудың арқасында Алматының ортасынан ойып тұрып пәтер алдым. Бала туып берсең машина алып беремін деп жүр», – деп сіңліме ақыл айтып қоямын. Басында бұлтақтап еді, ақшаның дәмін  татты ма, әлгі қытаймен қа­­зір аралары тым жақсы», – деп көрші келіншек біраз сырын айтқан.

Ештеңе дей алмадым. Рас, қазір ақша билеген заман. «Бірақ ақша үшін тәніңді өзгеге сатып өмір сүруге бола ма?» – деп ойладым да қойғанмын.

Міне, дәл осы менің көршім секілді некеге тұрмай-ақ шетелдіктердің әйелі, көңілдесі болып жүргендер қаншама? Соның ішінде қытай десе бүйрегі бұрып тұратын, болашағын ойлағысы келмейтін жеңілтек қыздар қаншама?»

...Бұл – Райханның  «Фейсбуктегі»  жазбасы. Бірақ осы жазбаның өзегінде түбі қазақты өкіндіретін өзекті мәселе жатқаны белгілі.

Ғалым ШАЛҚАР.

(365-инфо).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ