«Вахтадағы» 15 күн

20.12.2017
Қаралды: 1414

(«Вахтада» жұмыс істеп жүргендерге арналады)

 

Үйден, достан, сүйгенімнен жырақта,

Өтіп жатыр мәнсіз күндер, құр апта.

«Вахтадағы» күндер мәнсіз болғанмен,

Айлық алар сәті жақсы-ау бірақ та.

 

Өтер емес ұзақ күндер, ұзақ түн,

Әр күнімді санауменен ұзаттым.

Уақыт өтпей, міне, тағы отырмын,

Түскен жандай шырмауына тұзақтың.

 

«Вахта» жайлы пікір айтпас жөнді ешкім,

(Табыс жақсы болғаннан соң көнбес кім?)

Ауылдағы он бес күннен, меніңше,

Ұзағырақ «вахтадағы» он бес күн.

 

«Вахта» мәнсіз болсын, мейлі, шыдаймын,

Шүкір деймін бергеніне Құдайдың.

Жүргеніміз шалқып-тасып өмірде,

Деп ойлаймын арқасында мұнайдың.

Наурызбек ЕРМАНОВ.

(Айбын Жарқынұлының әлеуметтік

желідегі парақшасынан алынды).

Пікір қалдыру

1000 символ