Сусылдаған жігіттің кесірінен шығынға батып отырмын

20.12.2017
Қаралды: 663

Осы бір жайды жазсам, орысты мақтадың деп ренжитіндер тағы да табылады-ау.

Үйді газбен жылытатын пешім бұзылып, бір жөндетіп ал­ғанмын. Бір жап-жас қазақ жігіт екен, тек көріп бергеніме 2 мың теңге аламын деді. Жөндеу жұмысына 5 мың алды. Пештің бұзылған жері  18 мың теңге тұрады екен. «Тәтелеп» майда сөйлеп, іші-бауырыңа кіріп кеткенде ақшаңды тү-үк ренжімей бере салады екенсің.

«Мына пешіңіз жарамайды, жаңасын алыңыз. Қатты суықта бұзылса, қиналып қаласыз», – деген соң осыдан екі күн бұрын жаңасын сатып алдық. Дүкен сатушысы пешті құрып беруге өз ұстасын жіберіпті. Құрып беруі – 15 мың теңге.

Келген – орыс жігіт екен. Ол бұрынғы пешті қарап көрді де: «Мынауыңыз жұмыс істеп тұр ғой, не үшін ауыстырасыз?» – деді. «Ішін ашып көріңізші, бұзылайын деп тұр дегесін алып едім», – дедім. Ашып көріп: «Бәрі дұрыс, әлі біразға жарайды», – дейді.

Сонымен дүкеннің иесімен хабарласып, пешті қай кезде қоссақ, «гарантиясы» сол кезден басталатынын анықтап алып, әлгі жігіт қайтуға жиналды. «Еңбекақыңызға қанша берейін?» – десем: «Қажеті жоқ. Мен ештеңе істеген жоқпын ғой», – деп қызарып кетті. Бір ұялшақ жігіт екен өзі.

Әлгі Әли деген жігітіміз тек көріп кеткеніне ғана 2 мың теңге алғанына үйреніп қалған мен мына орыс жігітіне расында таңқалдым.

Солай, сусылдаған жігіттің кесірінен үйге 230 мың теңгеге пеш сатып әкеліп, енді соның бетіне қараа-а-ап отырмын.

Біз осы не болып барамыз?..

Райхан ТОҚСАНБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ