Сонда қазақ тілінде кім сөйлейді?

20.12.2017
Қаралды: 763

Кеше кешкісін ата-аналар жиналысына қатысқан едім. Ата-аналар коми­тетінің төрайымы – қазақ қызы орысшалап сөйледі. Басқалар да оны орысша қолпаштап жатыр. Жиналысқа қатысушының бәрі қазақтармыз, арамызда басқа ұлттан адам жоқ.

Тек мұғалім ғана маған жалтақтай қарап: «Ата-аналар, мүмкін болса, қазақша сөйлейік», – деді. Мен де қалыспай: «Не  айтып отырсыңдар? Бәріміз қазақпыз ғой, неге орысша сөйлейсіңдер? Айтатындарыңды қазақша айтпайсыңдар ма?» – деп едім, төра­йым қыз: «Сіз қазақша жақсы. Ренжімеңіз, мен қазақша жақсы білмейді...» – деп мәймөңкелеп келе жатты. Сонда апай: «Қазақша білмесеңіз, міне, мүмкіндік туып тұр. Басқа ата-аналардың бәрі қазақша біледі. Мен үйретемін. Келер жылға дейін қазақшаны таза сөйлеп кетесің», – деп еді, сол жердегі екі-үш ата-ана бұл сөздерді қостады. Төрайым уәде бермесе де біздің министрлер секілді «тырысамын» дегендей қылды.

Бәрі бір маған жалтақтаса да жиналыстың жарымы орыс тілінде өтті. Кетерде төрайымға: «Бұдан былай «Уатсапқа» қазақша жаз. Сен орысша бастайсың да, барлығы орысшалап кетеді. Сен қазақша бастасаң бәрі қазақша жазады. Қазақша сөйлейік», – дедім.

...Міне, қазақ тілінің жағдайы осындай. Бір орысша сөйлейтін адам үшін бәріміз орысша сөйлейміз. Сонда қазақ тілінде кім сөйлейді?

Еркін АСХАТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ