Жемқорлықты қайтсек жоямыз?

20.12.2017
Қаралды: 645

Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау болып, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жем­қорлықпен күресудеміз. Осы жемқорлықтың  түп-тамырына қалай балта шабуға болады деген сауалға жауап іздеп көрейікші.  Жем­қорлық дертіне қалай душар болдық? Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?

Қазіргі  көпшіліктің  басты арманы – бай болу.  Баю үшін ар-намысынан баз кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына  айналды.

Жемқорлықтың да бастауы осыдан. Осы қағиданы  бұзбай  қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз.  Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдарынан.  Сондықтан біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті азаматтардың  жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам жемқорлықтай  лас  істерден жанын таза ұстайды. 

Рухани азғындау баласының әкесін, шешесін өлтіруге, баладан бас тартуға, тағы да басқа жантүршігерлік істерге әкеліп соқ­тырып жатыр емес пе? Рухани байлық пен материалдық байлықты тең дәрежеде ұстай алғанымызда  ғана қоғамымыздың дамуы орнықты болары сөзсіз.

Жеке тұлғаның адамгершілік санасының биіктігі оның алған тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайтын өлшем болып табылады. Әрбір тұлғаның өзіне тән барлық адами  қасиеттері рухтан нәр алады. Ал жаман, жағымсыз қасиеттер – нәпсінің көрінісі.

Міне, осы себепті де біз жемқорлықпен күресті рухани сананы тазартудан бастасақ, әрбір адам нәпсінің тұтқынынан босап, елі мен жеріне адал қызмет ететін азаматқа айналар еді.  Сол мақсатқа жету үшін  әрбір отбасында,  балабақшада тәрбиеленетін, мек­тепте білім алатын баланың бойына иман­дылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезім­ді тереңінен сіңіруіміз қажет. Сон­да ғана біз оны қоғамымызға қауіп төн­діріп, орасан кесел келтіретін жемқорлықтай келеңсіз әлеу­меттік құбылыстан арашалай аламыз.

Жалпы, тәрбие ісіне селқос қарамау керек. Қайта бар назарымызды жас ұрпақ тәрбие­сіне шоғырландыра алсақ, жарқын болашаққа  сенімді әрі нық қадам басарымыз анық.  

Ж. ЕСБЕРГЕНОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ