100-ден астам қыздың жасауын дайындаған

20.12.2017
Қаралды: 551

Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында тұратын Зоя апайды білмейтіндер кемде-кем. Өйткені он саусағынан өнері тамған Зоя апайдың зерлі қолтаңбасы әрбір шаңырақтың көрпе-төсегінде бар.

Бала кезінен машықтанған бұл өнерін есейе келе шеберлікпен шыңдап, кәсіпке айналдырып отырған Зоя Аймағанбетқызының негізгі хоббиі – ісмерлік, қыз жасауын дайындап, көрпе-төсек тігу.

Ісмерлік өнер Зоя апайға анасынан дарыған. Анасы тігінші болатын. Анасының күнделікті айналысатын тірлігін көзімен көре жүріп, зердесіне тоқи білген Зоя да 13-14 жасынан бастап түйме қадап, көйлектің етегін қайыруды, оңай тігістер жүргізуді үйрене бастайды.

Оның бұл кәсіпке шындап ден қойған кезі 2000-жылдан басталады. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында Шәкен деген келіні тігінші болып жұмыс істейтін. Нарық заңы өмірге дендеп еніп, қиын-қыстау шақ – қысқартулар бастал­ған кезде Шәкен де жұмыссыз қалады. Солай екен деп қол қусырып қарап отыра алмайды, әрине. Бала-шағаны асырап, жеткізу керек. Қолынан келетін өнеріне сенген Шәкен үйде отырып тігін тігуді бастайды. Ұзатылатын қыздың жасау-жабдығын әзірлеп, көрпе-төсектер тігеді. Жұмысы жақсы қарқын алып, жалғыз өзі үлгере алмайтын болған соң Зоя апайға да қолқа салады. Зоя апай тәуекел деп іске кірісіп кетеді.

Қазір бұл кәсіппен дендеп айналысқанына 10 жылдан асыпты. Қанша қыздың жасау-жабдығын әзірлегені есінде жоқ, барлығын үш дәптерге тізіп қойған екен. Ұзын-ырғасына қарасақ, 100-ден асыпты. Міне, өнер деп, шеберлік деп, еңбек деп осыны айт!

Өмірге 4 ұл, 2 қыз әкелген ардақты ана өмірлік қосағы Мұсаев Төлебекпен бірге немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Есеп-қисап саласында жұмыс істеген Төлебек ақсақал да қазір зейнеткерлік демалыста. Зоя апайдың тәтті шайын ішіп, немере, шөберелерінің қуанышын қызықтап отыр. Зоя апайдың өзі 4 ұл, 2 қыздан 20-дан астам немере сүйгенін, шөберенің қолынан май жалағанын айтып, бұл күндеріне шүкіршілікпен тәубе дейді.

Зоя апай тапсырысты сапалы бітірумен қатар тұтынушыларға ақыл-кеңесін де беріп отырады екен. Яғни көрпе мен көрпешені қандай матадан тіктірген жөн, бір көрпешеге қанша килограмм мақта кетеді дегендей... Осының барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, өлшемдерін қағазға жазып береді. Ысырапқа жол беріп, босқа шашылмауын қадағалайды.

Әңгімелесу барысында Зоя апайға: «Бұл кәсіптің де біз білмейтін қағидалары бар шығар, бұған не дейсіз?» – деген сауал қойдым. «Әрине, бар. Біріншіден, қыздың жасауы көз тартарлықтай әдемі, ұлттық нақыштағы оюлармен көмкерілген сапалы маталардан тігілуі керек. Екіншіден, көрпе мен көрпешеге тігісті көлденеңінен жүргізбейміз. Мұның мәнісі ұзатылатын қыздың яғни болашақ ананың жолы ашық болып, жүктілік кезеңінде бала көлденең бітпей, жеңіл босансын деген ниетті меңзейді. Содан соң көрпе-көрпешелерін дайындап, иесіне берер кезде: «Игілігін көріңіздер, рахатқа пайдаланыңыздар, бала-шағаның аяғында тозсын!» – деген жақсы тілектерімді айтып шығарып саламын. Әйтеуір қолыңнан шыққан дүние жақсылыққа жараса, сол отбасына қуаныш, шаттық әкелсе деп тілейсің ғой», – деді Зоя апай ағынан жарылып.

Қалдыгүл МҰРАТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ