Жоғалған әмиянымды қайтарып берді

20.12.2017
Қаралды: 776

Жақында Түркістанда тұратын төркініме қыдырып, ертесіне «Әзірет Сұлтан» кесенесіне зияратқа барған едім. Жанымда бес жасар қызым бар. Екеуміз кесенені асықпай араладық. 

Қызымның сұрағы таусылар емес, оның кей адамның ойына келе бермейтін қызық сұрақтары мені тәнті етті. Күн жарқырай шығып, аппақ қармен шағылысып, ол да өз алдына  керемет бір күй сыйлады.

Жолай кесене аумағындағы әжетханаға кірдік. Ақысын шығар кезде төлеп, аялдамаға келіп қоғамдық көлікке отырдық. Түркістандағы қоғамдық көліктерде жол ақысын түсер кезде төлейсің. Сол әдетпен мен автобусқа отырысымен әмиянымды іздей қоймаған едім, ал түсер кезде сөмкемді ашсам, әмияным жоқ. Соңғы рет әжетханадан шығарда алғаным есіме түсіп, жүргізушісіне жағдайымды айтып, кері қайттым. Қалтада көк тиын жоқ, жағдайымды айтып түсіндіріп, бір таксиге отырдым. Ол кесене маңынан түсіріп кетті. Келе қызымды әжетхана алдындағы дүкенге кіргізіп (ол жерге де кіргенбіз), өзім кассирден сұрасам, ол басын шайқап, ештеңе көрмегенін айтты.

Қайда барарымды, кімнен жәрдем сұрарымды білмей сасып қалдым. Сәл есімді жиған соң ініме қоңырау шалып, жөнімді айтып едім: «Тез арада аудандық ішкі істер басқармасына бар да, әмияныңды жоғалтқаныңды, ішінде жеке куәлігің барын айтып, анықтама алып кет.  Сосын үйге келіп, жолкіреңді әкет», – деді. Өзіне кел дейін десем, жұмыста. Келінім де бір жиынға кеткен. Қолымда көк тиын жоқ, Аудандық ішкі істер басқармасына дейін біраз жер, жаяу бара алмайсың. Дегенмен бөлімге барып арызымды жазып, талон-анықтамамды алып, түстен кейін Шымкентке қарай қайтып кеттім.

Бар ақшамды салып әкетпей,  қалғанын үйге тастап кеткенім дұрыс болған екен деп мәз боп келе жатқанмын. Үйге келсем, тағы он мың теңгем жоқ. Қатты ашуланып,  сабырға енді келіп отырсам Түркістандағы әпкем сүйінші сұрап қоңырау шалды. Ол кісіге жаңақорғандық бір әйел хабарласыпты. Әмиянымның ішінде «Билайнның» сим-картасы да бар еді, соны телефонға қосып, әпкемнің нөміріне телефон соққан.

Жеделдетіп, әпкем берген нөмірге қоңырау шалдым. Айжан Бейсенбаева деген 55 жастағы апай Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы Сунақ ата ауылында тұрады екен. Ол кісі менің әмиянымды әжетхананың шыға берісіндегі баспалдақтан тауып алғанын айтты. «Сенің жаныңда кішкентай қызың бар ма еді? – деп сұрап, әңгімесін  жалғады. – Өзім де сен-ау деп ойлап едім. Менің үстімде сары пальто бар еді ғой, біз әжетханаға кіріп келе жатқанда сендер шығып бара жаттыңдар. Шықсам, баспалдақ үстінде әмиян жатыр. Кері кіріп, кассир әйелге әмиян тауып алғанымды айтып, оны тастап кетейін десем, алмады. Тым құрығанда құжатын тастайын десем оған да көне қоймағасын әкетіп қалдым. Ақшаң да, өзге заттарың да түгел тұр. Келісімен интернетке салып жатыр едік біз де, кейін сим-картаң барын көргесін соны қостық», – деді ол.

Кесенеде жүргенде мен де ол әйелді байқағанмын. Екі-үш әйелмен бірге жүрген. Адалдығына риза болдым. Сүйінші беремін десем, керек емес, ол ақшаңды балаларыңа жарат дейді. Сосын ол кісіге газет арқылы алғыс айтуды жөн көрдім.

Айжан апайға Алланың нұры жаусын! Ол кісі секілді адал жандар көп болсыншы деп шын жүректен тілеймін. Бар болыңдар, көп болыңдар, адал, әділ адамдар!

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ