Жүрген жері мерекелі, берекелі Мейрамбек

20.12.2017
Қаралды: 309

Таяуда теледидардан «Ән тербеген Сарыағаш» атты облыстық сазгерлер байқауының қорытындысы бо­йынша өзімнің көршім, жақын тартып жүрген інім Мейрамбек Тұяқбаевтың 1-орын иеленіп, Сарыағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 120 мың теңге сыйлығын ұтып алғанын, сонымен бірге аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталғанын көріп қатты қуандым. Ол облыстан қатысқан 14 үміткер – сазгерлердің арасынан суырылып алға шығыпты.

Жалпы, Мейрамбек мәдениет саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келеді. Ол «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ұлт аспаптары ансамблін басқарады. Бұл ансамбль облысымызда өткен байқауларда үнемі жүлделі орындардан көрінеді. Оның Татьяна Бурмистрованың ұйымдастыруымен әр екі жылда бір мәрте өтетін «Шаянға барсаң, әншімін деме» атты халық әндерін орындаушылардың облыстық байқауында барлық аудандардан барған әншілерді сүйемелдейтінін жұрт біледі.

Бұл ансамбльдің «халықтық» деген атау алуына Мейрамбек көп еңбек сіңірген. Ол 110-нан астам шығармаларды ансамбльге лайықтап түсіріп, партитураларын жазған. Оның қатарында халық әндері, халық композиторларының, әлем композиторларының әндері, халық күйлері, халық композиторларының күйлері, классикалық шығармалар, әлемнің классикалық туындылары бар. Оның жүрген жерін мерекелі, берекелі десек болады.

Мейрамбектің «Сарыағашым менің!» деп аталатын патриоттық әні (сөзін жазған – Кендебай Мұртазаев) көпшіліктің көңілінен шыққан, ол жергілікті радиодан күн сайын беріліп тұрады. Осы ән жарыққа шыққасын Мейрамбек қызмет істейтін Қабыланбек ауылындағы мәдениет үйіне барып, оны арнайы құттықтаған едім.

Өзінің айтуынша, Мейрамбектің бірнеше әні бар екен. Бірақ оларды көпшіліктің назарына ұсыну үшін әбден електен өткізіп алады. «Әнді күштеп шығаруға болмайды. Ол жүректен шығып, көпшіліктің жүрегінен орын алуы керек. Сондықтан да әнімді жұртшылық назарына ұсынарда көп ойланып-толғанамын», – дейді ол.

Мейрамбек бүгінде аталған мәдениет үйіндегі «Дәстүрлі ән», вокал, 6 ішекті гитарада ойнап, ән айту, клавишті аспапты игеру және балалар вокалды-аспапты ансамблі үйірмелеріне жетекшілік етеді. Оның шәкірттері ауылдың барлық мерекелік іс-шараларында, аудан көлеміндегі сахналарда өнер көрсетеді. Оған өзіміз талай мәрте куә болғанбыз.

Мен Мейрамбек інімнің отбасына, оның Алматыда оқитын екі ұлына, тұрмыстағы екі қызына және немерелеріне амандық-саулық тілеймін. Мейрамбек ініме Алла тілеуіңді берсін, халыққа адал қызмет ете бер деген тілегімді білдіремін.

Тынысбек СӘБДЕНОВ,

зейнеткер.

Қабыланбек ауылы. Сарыағаш ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ