Көршінің қызынан көңіліміз қалды

20.12.2017
Қаралды: 604

Таяуда көршімізбен арада жағымсыздау бір оқиға орын алды. Мұны көпшілікке жарияламай-ақ, жылы жауып қоя салуыма да болар еді. Алайда бұл оқиға өзгелерге сабақ болсын деп жаз­ғанды дұрыс көрдім.

Өткен жексенбіде жасы 2-ден енді асқан баламды 11-сыныптағы қызыма тапсырып, шаруаларыммен кетіп қалғанмын. Біраздан соң қызым телефон шалып, сыныптас құрбысы туған күніне шақырып жатқанын, бұл бармаса ренжитінін айтты. Сосын оған баламды қарсы беттегі көршіге дайындап кетуіне рұқсат бердім.

Негізі үйге тез барып қаламын деп ойлағанмын. Алайда кейінге қалдыруға болмайтын тағы бір шаруалар шығып, кешке дейін жүріп қалдым. Бөгелетінімді білгесін қызыма қоңырау шалып, үйге ертерек қайтуы керектігін айтқанмын. Бұған дейін қызым айтқанымды екі етпегендіктен мен оған сенген едім.

Кешкісін үйге келсем, іргелес тұратын көршінің кішкентай қызы балаңыз біздің үйде дейді. Мен оларға тапсыр демеген едім. Қызыңыз бізге дайындап кетті дейді. Барып, баламды көтеріп келдім. Ойымдағым орындалмай, өзім күйініп келе жатқан едім, қызымның мына тірлігіне ашуландым.

Біраздан соң қызым келді. Кетерімде 30 мың теңге ақшаны қызыма тығып қой деп дайындап кеткенмін. «Соны тауып бер де, туған күн тойлауды әрі қарай жалғастыра бер!» – деп ашуландым. Ол залға кірді де, сәлден соң: «Он мың теңгесін сіз алдыңыз ба?» – деп жиырма мың теңгені әкеліп тұр. «Мен алсам саған тауып бер деп сұрамаймын ғой!» – деп айқайлап едім, көршінің үйіне қарай жүгіріп кетті.

Қызым кешігіп кеткесін көршінің үйіне барайын деп сыртқа шықсам, ол дарбазаның алдында теріс қарап жылап тұр екен. Оны көршінің үйіне ертіп бардым. Ондағы ойым, бала ғой, ақшаға қызығып кетіп, алған болса, соның мың теңгесін бере салайын, қалғанын қайтарып берсін деп айтайын дегенмін. Алайда қыздың апасы (қыздың анасының шешесі) мен кіргеннен бет бақтырмай айқайлап, сөз бермеді. «Бұлардың үйінде ақша деген долларлап тұр. Сенің он мың теңгеңе қарап қалыпты ма? Мен де мұны ұрып жатырмын біреудің баласына неге қарайсың деп. Ақшаны қойшы, баласына бірдеңе боп қалса қайтер едің деп. Қызың туған күнге барса өзі алды да!» – деп айқайлап кеткесін қайтадан кері қайтып кеттім. Көрші отырып ақшаға бола ренжіскім келмеді.

Жалпы, қызымның ол ақшаны алмағанына сенімдімін. Өйткені оның «копилкасында» өз ақшасы бар. Одан бөлек, бірер күн бұрын ғана жолкіресі мен тамағына екі мың теңге бергенмін. Соның бір жарым мың теңгесі тұр, соны әкетемін деген.

Ал көршімнің қызынан күмәнданған себебім, атасы бірер күн бұрын ғана осы қыздың інісі апасының әмиянынан сұрамай бес мың теңге алып, дүкенге жаратып келгенін айтып шағымданған. Оның алдында апасы да жиендерінен күйіп жүргенін, бейшара қызының тоз-тоз боп жүріп тапқан ақшасын қыздары сұраусыз алып жарататынын айтушы еді. Мен де ұрлады деуден аулақпын, бала ғой, қызығып алса алған шығар, қайтарып берер деген үмітпен барғанмын. Атасы мен апасы да мені қоштап: «Аманатқа қиянат жасамайды, балам. Алсаң қайтарып бере ғой, біз ұрыспаймыз», – деп үлкендігін көрсетер деп ойлағанмын. Сөйтсем әңгімесі жоғарыдағыдай болды.

Мейлі ғой, мен ол кісілерге рен­жі­меймін. Ақшаны көзге түсетін жерге қойған және үйді кім көрінгенге сеніп тапсыр­ған өзіміз кінәліміз. Сондықтан үндемей қоя салдым. Бұдан несібеміз кеміп қалмас, бірақ өрімдей қыз апасының қыз­ғыштай қорып, сөзін сөйлегеніне арқа сүйеп, менің осы әдетім жақсы екен ғой деп ұрлыққа бейім болып кетпей ме? Мені осы сұрақ мазалайды.

Қазіргі көп ата-аналарға ортақ бір қателік – баланың өтірігін, кейбір жағымсыз қылықтарын көре тұра бүркемелеп, сөзін сөйлейді. Әрине, ешкім баласын жаман көрмейді. Бірақ бала кінәлі ме, ата-анасынан тиісті жазасын алуы керек. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген, анасынан таяқ жесе жесін, өмірден таяқ жемесін деп тілеңіз. Жал­ған намысқа еріп, баланың жаман әдеттерге бейімделуіне жол ашып бермеңіз дегім келді.

Тағы бір айтарым,  көп әйелдер күндіз-түні жұмыс істеп, балаға көңіл бөлуге уақыт таппайды. Көршінің қызы да солай, күйеуінен ажырасып, әке-шешесінің жанына көшіп келген. Балаларын сол кісілерге дайындап, өзі демалыссыз жұмыс істейді. Әкесінің орнын білдір­меймін дей ме екен, қыздарына жаратуға ақшаны көп береді деп естимін анасынан. Ал олар болмайтын майда-шүйдеге жаратады дейді. Әкенің орнын көп ақша да, нағашы да, тіпті  айтқанын екі етпей өбектеп отырған ананың өзі де баса алмайды. Сондықтан әйелдер қолынан келгенінше барын салып шаңырағын сақтап қалуға әрекет жасаса екен.

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ