Өзіме куртка алуды кейінге қалдырдым

20.12.2017
Қаралды: 446

Көктемде куртка алайын деп базарға барғанмын ғой. Көктемде киетін курткам ескіріп қалып еді. Содан бауырымның ержетіп қалған баласы да ере шықты. Оның да курткасы тозып қал­ған екен.

Іздеп жүрміз. Бірнешеуін киіп көрдік. Бір кезде ініме бір әдемі куртка кездесе кетті. Киіп көріп еді, жарасып тұр. Керемет куртка екен. Екеумізге де ұнады. Қуанып тұр. Бағасы да қымбат екен. Баланың көңілін қимай, бағасына қарамай алып бердім. Үйге көңілім тоқ, риза болып қайттым.

Інімді сол курткамен көрген сайын көңілім көтеріліп, қуанамын. Өзім аламын деп жүргенде жаз да болды. Енді күз келіп қалды да, тағы да сол мәселемен кеше базарға бардым. Анам көрпе құрайтын маталар аламын деген соң бірге бардық. Мен біраз куртканы көрдім. Өзіме ұнағанын киіп, айнаға қарасам, жарасып-ақ тұр. Анам да: «Алсайшы, әдемі екен», – дейді. Кенет ойыма анамның да күздік киім алмағанына біраз болғаны түсе кетті де: «Жоқ, ұнамайды», – деп алмай қойдым. Сосын анама сол жерден әдемі күздік киім әпердім.

«Өзіме тағы да бір сәті түскенде аламын ғой», – деп әрең көндірдім. Үйге көңілім тоқ болып қайттым. Анамның қуанғанын көріп өзім де ризамын. Өзіме киімді кейінірек алармын. Ең бастысы – жақындарымның қуанышы, солардың амандығы. Қалғаны түк те емес.

Ләззат КЕРІМБЕКҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ