Мен 81 жастамын. 48 жыл мұғалім болып істедім. Алдымен қатардағы мұғалім, кейін 24 жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. Тегісшіл ауыл округінен екі рет селолық Кеңестің депутаты болып сайландым.
1989-жылы мектеп ұжымы мені «Еңбек ардагері» деген медальге ұсынып, аудандық білім бөліміне жазбаша тапсырған. Кейін тапсырылған құжаттар сол күйінде жабулы қалды.
Мен медальді бірнеше жылдар бойы күттім. Ақырында 2016-жылдың қазан айында аудан әкімінің орынбасарына жолығып, жағдайды айтқан болатынмын. Олар мені аудандық оқу бөліміне ұсыныс жіберіңіз деп шығарып салды.
Арада бір ай өткен соң сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Махановқа жолықтым. Ол кісі мені кадрлар бөліміне апарып, Айбек Тұрсынбаевқа жолықтырды, оған мәселенің мән-жайын айтты. Ол жігіт қандай құжаттар керек екенін қағазға жазып берді.
Айтылған құжаттарды мен екі-үш күнде жинап, арнайы папкаға салып, А.Тұрсынбаевқа өткіздім. Бұл өткен жылғы қараша айы болатын. Содан бері ай сайын барып тұрдым десем, артық болмас. А.Тұрсынбаев: «Мен сіз берген құжаттардың барлығын облысқа өткіздім, енді менің жұмысым бітті», – деп мені шығарып салды.
Содан облыстық білім басқармасы кадр бөлімінің басшысы Әсілов Сейтжанға бірнеше рет телефон соққанымда ол: «Аты-жөніңіз кім еді?» – деп сұрап алды да, кейін телефон тұтқасын көтермей қойды. Бар мәселе осымен шектелді.
Жоғарғы жақтағы мырзалар халықтың арыз-шағымына нақты жауап бермейтініне қынжыламын. Әлде олар менен пара дәметіп отыр ма деген ой келді. Мен ол «Еңбек ардагері» медалі үшін пара бермеймін. Ол маған нан болмайды. Тек балаларым, немерелерім, яғни ұрпағым көрсе екен деген ниет қана менде.
2015-жылы маған Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сондай-ақ Сарыағаш ауданының Құрметті ұстазы медалін алдым. Облысқа еңбек сіңіргенім үшін медаль, Конституцияның 20 жылдығына, Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығына, Ардагерлер ұйымының 20 жылдығына шығарылған медальдер алғанмын. Ал еңбекке терім сіңсе де «Еңбек ардагері» медалі берілмей отырғаны түсініксіз.
Ендігі жерде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке, ОҚО білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мырзаларға жазуға тура келеді-ау деймін. Осыларға жазған хаттарымнан бір қорытынды шықса деп үміттенемін.
Пернебай ТЕМІРБЕКОВ,
Сарыағаш ауданының
Құрметті азаматы, байырғы ұстаз.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!