Жезқазғандық студенттер де Желтоқсанда бұлқынған

18.12.2017
Қаралды: 307

Талай жанды ұйқысынан оятқан, талай жанның шынайы бет пердесін ашқан әйгілі Желтоқсан көтерілісіне 31 жыл толып отыр. Біздің Созақ ауданында да сол көтеріліске қатысқандар баршылық. 

Өкініштісі, таукенттік Қанат Бекжанов, жартытөбелік Асан Мәнтайұлы, абайлық Айтбай Рыскелдиев бүгінде арамызда жоқ, өмірден өткен. Ал Гүлсім Қарауылқызы, Шарап Жандәулетов, Байғали Елшібеков басқа аудан, облыстарға қоныс ау­дарған.

Бүгінде сол кездегі оқиғалар жайлы айтып беретін жандардың бірі – Шолаққорғандағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Раушан Рахымжанова арамызда бар.

Раушан  1965-жылы  Көкшетау облысындағы Степняк қаласында дүниеге келген. Мектепті сол кездегі  Щучинск қаласында бітірген. Сосын Жезқазғандағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факуль­тетін тәмамдаған.

1986-жылғы 16 – 17-желтоқсанда ол құрбыларымен бірге қолдарына ұран жазылған плакатты ұстап жастарды Жазқазғанның орталық көшесінде бейбіт шеруге шығуға үндейді.

«Клара деген құрбым Атыраудан, ал Дина Жетісай қаласынан болатын. Филология факультетінің жатақханасында тұратынбыз. Бәріміз 15-желтоқсан күні жиналдық, 5 курс студенттері бірнеше данадан үндеулер жаздық. Содан 16 желтоқсан күні таңғы 6-да институттың алдына жиналдық, бірнеше студент лозунг ұстап көшеге шықтық. Көше толы студенттер, көбісі  филология, физика, математика факультеттерінен, арасында политехтың студенттері де бар. Институт басшыларының «Тараңдар!» дегеніне қарамастан,  ұрандап келеміз. Бір уақытта құқық қорғау органының қызметкерлері келіп жетті. Олар бізді шетімізден қуалап ұстап, қолымызды қайырып әкетіп жатты, Ұсталғандардың ішінде Клара досым да кетті. Клараны құтқарам деп әрекеттеп жүрге­німде екеуімізді қоса күштеп автобусқа кіргізіп жіберді. Содан милиция мен тергеушілердің қаһарына ұшырап, апталап сұралдық. Ақырында комсомолдан шығарылдық. Бұл жағдай ата-анама ауыр тиді», – дейді Раушан өткен күндерді еске алып.

Раушан өзінің еңбек жолын 1987-жылы Целино­град облысының Краснознаменск ауданындағы Қоңыртөбе мектебінде бастапты. 1990-жылы біздің Шолаққорған ауылына келін болып түсті. Отбасында жақсы тәрбие алған ол ауылдастар мен ағайынға тез бауыр басып кетті. Шолаққорғанда бір жылдай М.Калинин атындағы орта мектепте істеді, ал 1991-жылдан бері А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінде жұмыс істеп келеді. Жұбайы Қайрат Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернатта алғашқы әскери дайындық пәнінен ұстаздық етеді. Қыздары Нұргүл мен Салтанат өз алдына  бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр.

Бүгінде Қайрат пен Раушан екі қызынан төрт немере сүйіп отырған бақытты әулеттің бас иелері.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ