Әділетті қоғам идеясы – ешуақытта өлмейтін идея

18.12.2017
Қаралды: 296

Таяуда ХХ ғасырдың ең басты оқиғасы – Ұлы Қазан төңкерісіне 100 жыл толды. Аталмыш мерейтой біздің елімізде жым-жырт күйінде өтіп кете берді. Тіпті большевизмнің ізбасарымыз дейтін қазіргі халықтық коммунистердің өздері де жарытып ешнәрсе айта алмады. Осыған байланысты біз тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек Саховтан пікір сұраған едік.

– Бұл күндері большевизм мен коммунизм ізба­­­­сар­ларының үнін шығармайтындай себебі көпшілікке белгілі. «Соци­алистік экспе­римент» тарих қойнауына кет­ті. Ол теориялық тұрғыдан да, іс-тәжі­­рибелік тұрғыдан  да әлемдік даму үде­рісінің объективтік талап-тілектеріне сәй­кес­тене алмады. ХХ ғасырдың жойқын ғылыми-техникалық және қоғамдық-экономикалық прогресін қатардағы еңбеккерлер мүддесіне әділдік негізінде шешуге мүмкіндіктері жетпеді.

Әлемдік деңгейдегі  коммунистік идея­лардың теоретиктері мен прак­тиктері жұрт тыңдайтындай ештеңе айта алмай жат­қан­­да басты мақсаты есебін тауып Мә­жіліс депутаттығынан айырылып қалмау­ды ғана діттеген «халықтық» коммунистсымақтарымыз не айтсын?

– Сонда орта ғасырлардан бері ке­ле жатқан «әділетті еңбек қоғамын» арман­­даушылардың  ойлары шынымен-ақ утопия болғаны ма?

– Бірден-бір ақиқат есебінде олай тұжырымдай салуға болмайды. Адам тек адам ғана емес, пенде де ғой. Әділетті қоғам идеясы – еш уақытта да өлмейтін арман. Оның үстіне өмірде пендешіліктен гөрі азамат деңгейіне қол жеткізуге қабі­лет­ті адамдар саны да жеткілікті. Олардың ішінде ойшылдар да, күрескерлер де, қайраткерлер де әрқашанда болған, бола береді де.

Сондықтан да 1917 жылдың қазанында бастауын алған «әділетті еңбек қоғамына» қол жеткізудің алғашқы «эксперименті» мұндай әрекеттің соңғысы емес. Адамзаттың даму дәрежесіне мүмкіндігінше сәйкестендірілген теориямен қаруланған, өткендегі ауыз күйдірген іс-тәжірибені кеңінен ескеретін, тіршіліктің ұйытқысы болуға лайық азаматтар бастайтын әрекеттер алда.

Тап осы уақытта өткендегі күйреп жеңілуден соң аталмыш идея әлі есін жиған жоқ. Десек те әжептеуір плацдарм болатындай жұрнағы бар. Мысалға ал­ғанда  – Қытай. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде социализм орнатамыз деп іс жүзінде не орнатқанын өздері білмейтін диктаторлардың  сорақылықтарын ескерген, жеке тіршілігі қарапайым, ойшылдығы ұлы, еңбегі ұшан-теңіз Дэн Сяопин мен жақтастарының арқасында. Бір жарым миллиардтан астам халқы бар, жері мен табиғи ресурстары тұрғын санына сәйкес емес, бұрынғы коммунист көсем­дері тоз-тозын шығарған алып елді осылайша социалистік тәртіп пен нарықтық қатынасты тели білудің арқасында әлем­нің алдына салудың әзірге басқа сара  жолы жоқ еді. Бүгінде дүниежүзілік экономикалық көрсеткіште АҚШ-тан кейін­гі екінші орындағы бұл ел өздерін социа­листік қоғам орнатудың алғашқы кезеңін­деміз деп есептейді.

Тағы бір мысал келтіру керек болса, ол – Швеция. Табиғаты қатал солтүстікті мекендеген бұл елдің әлеуметтік-экономикалық тәртібін «социализмнің шведтік моделі» деп те атайды. Орта білім беретін мектептерінің өзінде, тіптен шет елден жұмысқа келген гастарбайтерлердің де балаларын тегін оқытып, оларға стипендия да береді. Бұрынғы  социалистік елміз дегендердің өздері таңдана да қызғана қарайтын әлеуметтік артықшылықтар. Есесіне миллиардер, олигарх, жоқ жерден есепсіз байыған топтар жоқ есебі. Қылмыс, жемқорлық, коррупциялық құбылыстар, ұрлық естіле де бермейді.

– Социализмнің, «әділетті еңбек қоға­мының» болашағы бар деп есеп­тейсіз бе?

– Әрине. Бұл әлеуметтік даму перспективасы қоғамның даму ерекше­лік­теріне тікелей байланысты заңдылық. Тіпті тарихи даму мезгілінен ертелеу бол­ғанына қарамастан Қазан төңкерісінің болмауы мүмкін емес еді. 1917-жыл: Жеке адамның билігіне лайықтастырылған Ресейдің әбден шіріген феодалдық империялық монархиялық билігі, қоғамдық та, мемлекеттік те дамудың мызғымас тежеуішіне айналған мемлекеттік тәртіп, жарақтануы мен ұйымдастыруы артта қалған агроөнеркәсібі мен шетел капиталына тәуелді өнеркәсіп, шегіне жақындап қалған кедейлік, халқының жартысынан көбі орыс емес ұлттар және соған қарамастан ұлыдержавалық, ұлыорыстық шовинистік мемлекеттік саясат, тағы осы сияқты жағымсыз қоғамдық нышандардың жалғасы. Осының бәріне жауапты ел билігі жерде жатқан керексіз заттай күйге енді. Сондықтан да большевиктерге билікті ұстап тұру қиын болғанымен, қолға алу еш қиындықсыз-ақ іске асты.

Әлеуметтік теңдікті (құқықтық теңдікті ғана емес) аңсайтын социалистік идеялардың болашақтағы қайтып оралу мүм­кін­дігі басқа да әлемдік тарихи факторларға байланысты деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Жер бетінде адамзат ұрпағының саны 7,5 миллиардтан асты. Тап бүгінгідей өндіріс мәдениетімен, табыс бөлу тәртібімен және тұтыну әділет­сіздігімен тіршілік алға жылжи берсе, онда саяси-экономикалық, экологиялық, демо­графиялық, миграциялық, тағы басқа да әлемдік проблемалар асқына түседі. Бір шетінде тұрғындардың бір мысқалдайы миллиардер, бірнеше мысқалы миллионер, олардың ұрықтары мен қолына су құюшылары  жалғанды жалпағынан басса, қарсы шетінде еңбектері қаналған миллиондаған кедей-кепшіктер, жұмыссыздар, аш-жалаңаштар, итшілеп күн көрушілер. Әлемдік болсын, аумақтық болсын мұндай тұрмыстық жағдайдың түбі жақсылыққа апармайтынын ешкім де жоққа шығара алмайды.

– Бұл тығырықтан шығу жолы қандай болуы мүмкін?

– Біріншіден, тарихта орын алғанына жүз жыл толған Ұлы Қазан төңкерісі кезінде әлемнің мен деген елдерінің өзін әлтек-тәлтек қылғанын естен шығармай, қайталанбайтындай әлеуметтік-экономикалық алдын алу шараларын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, еңбекшілердің экономикалық талаптарына мемлекеттік күшпен басу шараларымен жауап беруді қай елде, қай жерде болса да ұмыту керек. Тарих көрсеткендей мұндай шара тек катализатор ролін атқарады. Үшінші­ден, мемлекеттік реттеуден қуат алатын рыноктық экономикалық қатынас ат төбеліндей бай-манаптарды одан әрі қарай үдемелі түрде байыта беретіні, ал   халықтың негізгі бөлігінің талап-мүддесіне кері кете беретіні көрініп тұр. Көзі тірісінде шексіз баю «ауруына» сөзсіз ұрынатын әлем байлары адамзаттың глобалды проблемаларына басын ауыртып, өз «аппе­тит­теріне» тоқтау сала алмайды. Сондықтан да жоғарыда келтірілген Қы­тай модернизациясын, «швед социализмін», басқа да қоғамдық-әлеуметтік проблемасы төмен елдердің тәжірибесін терең зерттеп, жаңа әлеуметтік тәртіп формациясына өтуді бүкіләлемдік масштабта қарастыру керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – М. ТЕМІРОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ