Таудан төмен шаңғымен заулаған қандай!

18.12.2017
Қаралды: 967

Қыстың да өз қызықтары бар. Әсіресе қар қалыпты деңгейде  жауып тұрса. Мұндайда ауа тазарады, төңірек ақ мамыққа оранып, жанды жадыратады. Ал осы кезде тауға шығып, шаңғы тепсеңіз, тіпті де тамаша! 

Төлеби ауданындағы тау шаңғысы базасына апарып келумен айналысатын азаматтарға хабарлассаңыз, олар табиғат аясына шығып бір сергіп қайтуыңызға жағдай жасайды. Шымкенттік Ержігіт Жұмаділ де – сондай жандардың бірі. Кешегі аптада біз онымен хабарласып, біраз жайлар жөнінде білдік.

«Биыл тауға қар жақсы түсіпті, – дейді Ержігіт. – Алдағы уақытта да сондай болып тұрса, талай адамның ол жаққа барып, шаңғы теуіп қайтуына мүмкіндік туады. Өткен сенбі-жексенбі күндері біз шаңғы базасына екі мәрте адамдар апардық».

Ержігіт осылай дейді. Ол айтып отырған «Алатау» шаңғы базасы қаладан 52 шақырым қашықтағы «Тау самалы» демалыс аумағында орналасқан. Яғни ол жақта демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті бір күн қонып қайтам десеңіз де болады. Онда екі адамдық орынды бір күнге 30 мың теңгеге жалға алуға болады екен. Ал коттедждердің бір тәулікке ақысы 35 мың мен 60 мың теңгенің арасында, бұған жатын орын мен бір мезгіл берілетін таңғы тамақ ақысы кіреді. Кешке дейін тоқ жүргіңіз келсе, онда сондағы дәмхана, мейрамханалардан тамақтанасыз.

«Демалыс аумағына кірген ақысы үшін жеңіл көлікке – 1000 теңге, «Газельге» – 2500, автобусқа 5000 теңге төлейсіз, – дейді Ержігіт. – Шаңғы базасы таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Шаңғыны прокатқа бір күнге 3000 теңгеге, шананы 2000 теңгеге аласыз. Тау басына канатты жолмен бір ретке шығу ақысы 500 теңге тұрады. Арнайы киімді 3000 теңгеге алуға болады. Бұдан басқа да ақылы қызмет түрлері бар».

...Ержігіт Жұмаділ туралы біз газетіміздің өткен жазда жарық көрген нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. («Замана», «Шыңға шығаратын Ержігіт»). Ол туристерді облысымыздың киелі саналатын жерлеріне, тарихи орындарға, тауға апарумен айналысады. Биылдыққа туристерді 20-дан аса мәрте зияратқа, тарихи орындарға, 47 мәрте тау ішіне апарып қайтыпты.

Ержігіт өткен демалыс күндері «Алатау» шаңғы базасына 50 шақты адамды апарып келгенін айтады. Өздерінің жайлы, жағдайы жасалған жеке автобусы бар. Шаңғы базасына апарып келген ақысына үлкендерден – 3000 теңге, балалардан 2500 теңге алады екен.

Таудың таза ауасында белсенді түрде қимылдап жүргесін адамға қосымша калория керек. Осы орайда Ержігіт тауға шығатындарға өздерімен бірге тамақ алып шығу жағын да ескертіп отырады екен.

Жалпы, тау деген – адамның жан-тәнін сергітіп, шаттық сыйлайтын ғажап аумақ. Әсіресе таудан төмен шаңғымен заулаған бір керемет! Ұмытылмастай әсер аласыз. Сондықтан мүмкіндік болса, тауға шығып, бір ауық сергіп қайтқанның кімге де болса артықшылығы жоқ дер едік.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ