Қазақ жастарын қан қақсатқан күндер

18.12.2017
Қаралды: 631

Патшалық Ресейдің езгісін көрген, дербестік алмақ ойы жүзеге аспаған қазақтың бойында отаршыларға өшпенділік ізі қалғаны рас. 

Екінші Дүние­жүзілік соғыс алдындағы қолдан жа­са­лын­ған ашаршылық, Хрущев кезіндегі Қазақстанды бөліп жіберуге ұмтылған большевиктер тірлігі халықтың есінде. 1955 –1960-жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің арқасында ғана қалды емес пе ұланғайыр осы жерлер бөлшектенуден? Ол аздай, 1979-жылы Целиноград жақтан неміс автономиясына жер бөліп бермек болуы өз алдына бөлек әңгіме.

Міне, сондықтан да 1986-жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының бас көтеруі орынды еді. Әрі бұл көтеріліс алып империяның ыдырауына басты себепші де болды. Біз олардан неге қалуымыз керек деген ой сол кезде большевиктер құрсауында жүрген талай мемлекеттің өз тәуелсіздігін алуына түрткі болғаны рас.

Қазақ жастары сол 1986-жылғы империя пиғылындағы билік өкілдеріне қасқая қарсы тұра білді. Олар өрт сөндіру машинасынан атқылаған судан, айнала тұрған қасқыр алатын иттерден қаймықпаған соң жер-жерден алдырылған басқа ұлттан құралған жасақтар сойыл мен сапер күрегіне кезек бергені де жасырын емес. Жұлын­ған шаш, жыртылған киім аздай, сол кездегі Брежнев атындағы алаңда «адам қаны суша ақты» деп айтып жүр кезінде сонда болғандар. Соңында қуғынға түскен 2500-дей жастардың 100-ге жуығы сотталып, екеуі ату жазасын алғаны белгілі.

Әрине, ол кезде «мұның барлығына кім кінәлі» деген сұрақтан аттап өтетін кезең еді. Себебі большевиктік партия өз артын жабу үшін «Алаңға маскүнемдер мен нашақорлар шықты» деп жылы жа­уып қоюға ұмтылған болатын. Бірақ өтірік өрге баспады.

Сол кезде талай азамат психикалық ауруға ұшырады, бірталай жастың өмірі күрт өзгерді. Әрине, бұл туралы әлі талай парақ ақтарылар, талай жайттың беті ашыла да жатар.

Бірақ көпке жасалынған қиянат еш жазасыз кетпесі анық. 

Қазір, Құдайға шүкір, егеменді ел болдық. Етек-жеңімізді жинайтын жағдайға да жеттік. Ендеше неге сол Желтоқсан оқиғасын кең көлемде атап өтпеске. Билік неден үркеді? Неге, мысалы, соларды еске алу жылда Шымкенттегі «Желтоқсан» көшесіндегі Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіш-тақтасы орнатылған үй жанында құран оқумен ғана аяқталады? Неге оған бар-жоғы бір топ қоғам бел­сенділері ғана қатысады? Неге сол белсенділерді торуылдап, әр жерден жылтыңдап полиция жүреді? Шымкентте сол күні алаңды қай-қайдағы жын-ойнаққа айналдырғаннан гөрі облыс әкімшілігінен, қариялардан патриоттық әңгімелер неге айтылмайды? Неге еске алынбайды боздақтар?

Мақұл, 1986-жылғы желтоқсандағы қазақ жастарын қан қақсатқанын келмеске кеткен империалистік Кеңес Одағының тірлігіне сілтерміз. Ал кешегі 2011-жылғы Жаңаөзендегі қанды қырғынға кім жауап береді? «16 мұнайшы өлді» делінеді ақпаратта. Дәл сол 16-ның барлығы қан­ішерлер емес еді ғой?  Олар тек өз құқықтарын (бар талабы – айлық жалақыларын көтеру ғана)  қорғап тұрды емес пе алаңда? Қолдарында жұдырықтай тасы да жоқ сол қарусыз мұнайшыларды неге қырып салды?

Әрине, мұның да жауабы бір заманда табылар. Алайда қаншама азаматтың жазықсыз опат болып кеткені қынжылтады. Небір ақылды бастар қоғамды басқарып отырғандар қатыгез, қанішер болып кетпесін деп демократияны ойлап шығарды. Сонда біздің демократиялық ел екендігіміз рас болса, неге мұндайға жол берілді?

Иә, сол жылдардағы желтоқсан айы осындай тірліктерімен қазаққа өте ауыр тиді.

Ал біз болсақ Жаңа жылға дайындалумен жүреміз. Қазақ халқының неше ғасырлардан бері сағын сындыра жүріп қолы жеткен тәуелсіздігін қайдағы бір шыршамен неге көмкереміз біз? Неге Тәуелсіздік күнін «Жаңа жыл» дегеннің тасасында қалдыруымыз керек?

Әуелхан НАЗАРҚАСЫМҰЛЫ.

Арыс қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ