Гонконг бардық, не көрдік?

14.12.2017
Қаралды: 1371

Гонконг қаласында жүргеніме үш ай болды. Көрген, көңілге түйген қызық дүние көп енді. Соның өзіме қызық болып көрінгендері туралы жазбақпын.

Спорт алаңдары күндіз-түні ашық тұрады

Гонконг қаласы – әлемдегі ең тығыз қоныстанған жерлердің бірі. Басы артық жер жоқ. Құжынаған халық. Ресми санақ 7,4 миллионға жуық деп жазады. Бірақ кейінгі кезде бүкіл көшені алып кеткен Азия-Тынық мұхиты аймағынан келген заңдысы бар, заңсызы бар мигранттарды қосса, сол 8 миллионға жетіп қалады-ау деп қоямын.

Енді мені таңқалдырғаны – осындай тар жерде тұрып патырлатып спорт алаңдарын салып тастағаны. Әр аулада десем өтірік болып кетеді енді, бірақ сол біздің «Құлагердей» ауданда, әй, бір 4-5 алаңқай бар-ау!

Сапасын көрсең, енді керемет! Қоршауының өзін білектей-білектей темірден өрген. Күндіз-түні ашық. Тегін. Кір де, ойнай бер.

Университет, мектептерінің спорт алаңдары мен спорт сарайларын айтсам әңгіме көбейіп кетеді. Университеттің стадионына қорықпай Чемпиондар лигасының финалын өткізе берсе болады.

Сосын балаларды қабылдайтын спорт үйірмелерінің көптігіне таңқалдым. Қайдағы жоқ теңізде жүзетін кішкентай қайықтардың 99 түріне арналған үйірмелерге шейін бала топырлап жатыр. Е-е, бұқаралық спорт деген осындай болады екен ғой деп қоямын.

Бізде қаланың бір жеріне турник, брусья орнатып, топырлатып журналистерді шақырып, әкім келіп өзі ашады. Бұқаралық спортты дамытып жатырмыз деп сөз сөйлейді. Жаңағы аулалардағы алаң­қайларды көрген сайын доптарын құшақтап, аулаға толып кеткен машиналардың арасында жүріп-жүріп, ойнайтын жер жоқ деп қайтып келетін балаларым есіме түседі.

Байлары білім мен өнерді өркендетеді

Мен келген университет – Гонконг политехникалық университеті. Қысқартып «PolyU» деп атайды, солай жазады. Университетің қалашығы Коулун түбегінің ең тығыз қоныстанған жеріне орналас­қан. Жер аз. Сондықтан кішкентай жерге бәрін сыйдырған. Біздің КазҰУ-дің төрттен біріндей бола ма, болмай ма?! Керемет жоспарлаған.

Менің таңқалғаным, әр ғимараттың шекесіне үлкен қылып адамның аттары жазылған. Сөйтсем, осы университеттің қалашығын соғуға ақша берген  Гонконг байларының аттарымен аталады екен. Жиған-терген ақшасын ғылымға, білімге, өнерге салатын байлар көп екен мұнда. Тіпті ғылыми жобалардың көбісін солар қаржыландырады екен.

Ішкі Қытайдың көп университетінде болдым. Онда да осындай ғимараттар болды. Бірақ бірен-саран ғана. Мүмкін батыста оқығандар үшін таңсық емес шығар. Әуезов атындағы, Бекмаханов атындағы, Мәжиденова атындағы аудиториясы ғана бар ҚазҰУ-дің мұғалімі ретінде маған таңсық. Енді бізде де Тимур Құлыбаев атындағы, Болат Өте­мұратов атындағы, Владимир Ким атындағы ғимараттар болса, иә? Елестете аласыздар ма?

Төбенің бәрі – ну тоғай

Жалпы, қала Гонконг және Лантао деген екі үлкен арал мен Коулун деген материктік Қытаймен жалғасып жатқан түбекке орналасқан. Одан бөлек, 200-ден аса майда-шүйде аралдар бар. Осы аралдар мен түбекте Көктебеден биік, Көкжайлаудан аласа төбелер көп. Жазық жерлеріне қала соғылған.

Гонконг десе бірінші бұлтпен талас­қан биік ғимараттар ойыңа келеді. Ол рас енді. Әшейін тұрғын үйдің өзі 40 қабат. Жер аз болғасын төбеге қарай өскен.

Біздің түсінігімізде тас пен шишадан соғылған қала сияқты. Алғашқы келгенде мен де солай ойладым. Сөйтсем, жаңағы төбенің бәрі орман екен. Орман болғанда да, ертегіде жазатын «ит тұмсығы батпайтын» орман. Соның бәріне үй соқпай, алып қалған. Соға алмағандарынан емес. Жындары келсе оған да биік-биік ғимарат салып тастау түк емес екен оларға. Көрдім ондай да жерлерін. Тек, қаланың экологиясын бұзбау үшін жындарын келтірмейді екен.

Әр төбенің басы – туристер баратын жерлер мен қала тұрғындары демалатын орындар. Сенбі-жексенбіде «Hіkіng» дейді екен де (өздері тау дейді), бәрі тауға кетеді екен. Мен де арқаға қоржынымды асып алып, біраз тауын түгендеп шықтым.

Қайбір кезде Алматыда үлкен дөкей­лердің қызметінде жүрген бір танысым: «Таудың басында пәленше деген үлкен шенеунікке үй соғып жатыр. Пәленбай жылдық тарихы бар ежелгі шыршаларды тамырымен қопарып жұлып жатыр», – деген кезде шошып едім. Осы ормандарды көргенде сол әңгіме есіме түсті. Сөйтіп ойлап қоямын, егер апорт Гонконгта өсетін болғанда, құрып кетпейтін еді деп. Гонконгтықтар әлі күнге дейін үлкендігі кішкентай баланың басындай алманы же-е-еп, «Гонконгтың алмасы, күннің қызыл түсіндей» деп өлең            ай­те-е-п, тіпті бізге экспортқа шығарып сатып, ақша тауып жүрер еді.

Ержан КЕРІМБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ