Төрт құрдас туралы толғаныс

13.12.2017
Қаралды: 1210

Таяуда Алматыдағы «Үш қиян» атты баспадан «Төрт құрдас және мен» атты кітап жарық көрді. Авторы – белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Доқтырхан Тұрлыбек.

Кешегі сенбі күні Шымкенттегі А.Пушкин атындағы кітапханада осы кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған зиялы қауым өкілдерімен бірге аталған кітаптың басты кейіпкерлері де қатысты.

«Төрт құрдас және мен» атты деректі туындының басты кейіпкерлерінің бірі, есімі шымкенттіктерге жақсы таныс азамат, «Домалақ ана» қоғамдық қорының төрағасы Алтынбек Төлепбеков туралы бұл кітаптан көптеген қызықты мағлұматтарды білуге болады.

Біз бүгін «Замананың» оқырмандарына деректі романнан үзінді беруді ұйғардық.

Алтынбек оқитын оқу орны қорғасын зауытының маңындағы Ломоносов көшесінде болатын. Техникум маңындағы көшелердің балалары шетінен қағынып кеткен бұзық, темекі тартады, ішімдікке әуестеу. Жан-жақтан келіп оқитын студенттерге олардың қырғидай тиетінін Алтынбек жақсы біле­тін.

Осы оқу орнында оқитын Якуб, Ба­уыржан деген студент­тер де момын студент­терге қоқан-лоқы көрсетіп, ақшаларын, заттарын тартып алып жүргенін естіп, Алтынбек оларға ескерту жасады. Бәрін билеп-төстеп жүрген әлгі еңгезердей-еңгезердей екі не­меге бірінші курс студентінің ескерту жасағаны, әрине ұнай қойған жоқ. Олар Алтекеңді өздерінше «жазаламақ» болды.

Шегінетін жер жоқ, артында – Шымкент. Әлгі екеумен кезек-кезек жекпе-жекке шығуға тура келді. Анау-мынау емес, аты шулы Қарағандының бан­дит­терін сабап, тәубасына кел­тірген біздің Алтекең оларды аясын ба, олай да ұрып, былай да ұрып, біреуінің қолын сындырды, біреуінің басын жарды. Мұны көріп тұрған үшінші «батыр» мамалап қаша жөнелді.

Ол аз болғандай, ертесіне студенттер қабырға газетін шығарып, бірінің қолы сынып, екіншісінің басы жарылып ойбайлап жатқанын, үшін­шісінің артына қарамай безіп бара жатқанын карикатуралық сурет арқылы әжуалап, мас­қарасын шығарды.

Бір аптадан соң, Алтынбек Төлепбеков студенттер кеңесінің мүшесі болып сайланып, жатақханада темірдей тәртіп орнады.

...Біраз уақыттан соң, әлгі таяқ жейтін Бауыржан Абай атындағы паркте Алтынбекпен жолығып қалды. Бүкіл Шымкентке белгілі Алтынбектің «нөкерлерін» көргенде, көзі бақырайып, зәресі ұшып кетті.

– Алтын, мүмкін болса, мені кешір, өткен жолы мен иттік жасаппын, кешіре гөр, братан! – деді дір-дір етіп.

– Несіне кешірім сұрайсың? – деді Алтынбек күліп. – Алатын сыбағаңды алдың ғой. Менен денең екі есе үлкен, сөйте тұрып, қорыққаныңа жол болсын? Ер кезегі үш рет деген, мүмкін қайта жекпе-жекке шығарсың?

– Құдай сақтасын! Сенімен жекпе-жекке шығып, өлетін жағдайым жоқ, кешірші мені, Алтын?!

Мұндай сужүрекке не дейсің, Алтынбек жерге бір түкірді де, айналып жүре берді...

Ауылда бір класта оқыған Шаймерденді кездестіріп қалды. Бұл кезде ол атағы әжептеуір шығып қалған палуан болатын.

– Алтынбек, сенің спортқа, оның ішінде еркін күреске деген қабілетің күшті, бала кезімде бәрімізді жығушы едің ғой, жаттығуға неге бармай жүрсің? – деді жерлесі амандықтан соң.

–  Әскерден соң спорт кешеніне бар­ғанмын. Тренер: «Жасың біразға келіп қалыпты» деп алғысы келмеді, – деді Алтынбек шынын айтып.

–  Бәсе, – деді кластасы, – гәп осында екен ғой. Мен спорт залының басшыларын жақсы танимын. Ертең кел, мен сөйлесіп көрейін.

Шаймерденнің беделі бар екен, Алтынбекті еркін күрес секциясына бірден қабылдап, жаттығуга кірісіп кетті. Тренер жаңадан келген жігіттің бала кезінен спортпен, оның ішінде күреспен шұғылданғанын қайдан білсін. Алтынбекті жаттығуды жаңадан бастап жүрген топқа қосты. Жаттығу кезінде оларды шыбын шаққан ғұрлым көрмей жүргенін аңғарған тренер талай жарыстарда топ жарып, жеңімпаз атанып жүргендердің қатарына қосты. Бұл топта СССР спорт мастері, спорт шеберлігіне кандидат, бірінші разрядты палуандар жетерлік. Солардың ортасында Сағынтай, Әзиз, Жүр­сінбай есімді достары да жүр.

Жаттығуға үзбей қатысып, біршама шеберлік жинаған Алтынбек іріктеу кезінде өз салмағы бойынша алға суырылып шығып, бір айдан соң, студенттердің «Буравестник» қоғамының біріншілігіне қатысып, чемпион атанды. Көп ұзамай-ақ қала, облыс бірінші­лігінде жеңімпаз атанып, талай мықтыларды мойындата білді. Боз кілемде Алтынбек, Төлеген, Көпжасар, Нұрлан сияқты сен тұр, мен атайын дейтін апайтөсті па­луан­дар­мен бірге жаттықты. Құлжабаев, Ештаев сияқты бапкер­лердің шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық, Бүкілодақтық және Халықаралық жарыс­тарда топ жарып, жеңімпаз атанды. Көбісі кеуде­леріне СССР спорт шебері деген жетон тақты.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ