Ұланбатырда тұратын апалы-сіңлілі офицерлер

12.12.2017
Қаралды: 1086

Монғолия халқының 5 пайызынан астамы – этникалық қазақтар. Олар бұл елдің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. «Қазақтар – әлемде» айдарының бұл жолғы кейіпкерлері – апалы-сіңлілі полковниктер Анаргүл мен Жеңісгүл.

Оларды жерлестері «Монғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер» деп атайды. Медицина ғылымдарының докторы Анаргүл Кәусылғазықызы: «Бізде қызметтік өсуге ұлттың қатысы жоқ, ең бастысы, біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті болса, сосын өтірік айтпасаңыз болды», – дейді. Апалы-сіңілі Анаргүл мен Жеңісгүл Кәусылғазықызы Мон­­ғолия астанасы Ұланбатыр қаласында тұрады. Екеуі де Монғолия ішкі істер министр­лі­гінде полковник шеніне дейін өскен.

Полковник-дәрігер

61 жастағы Анаргүл Кәусыл­ғазықызының сөзіне қарағанда, бір үйде туған алты баланың бесеуі Монғолияда мем­ле­кеттік қызметтер атқарады.

– Бір үйде алты баламыз. Үлкен ағам ғана басқа салада жұмыс істеді. Менен кейінгі үш бауырым мен кенже сіңілім Жеңісгүл де құқық қорғау органдарында жұмыс істейді, – дейді.

Анаргүл Кәусылғазықызы 1956-жылы Монғолияның қа­зақ­тар тығыз қоныстанған Баян-Өлгий аймағы орталығында дүниеге келген. Ұланбатыр қаласындағы медицина университетін хирург мамандығымен тәмамдаған.

– Кішкентай күнімде апамның бауырында өстім. Төрт жасымда Ұланбатырға кө­шіп келдік. Үйде ағам екеу­міздің ғана тіліміз қазақша шықты. Кейінгілердің барлығы басқа ортада өскендіктен, қа­зақ­шаға нашар болды. Жеңіс­гүл орта мектепті орыс сыныбында оқы­ды, – дейді

Анаргүл Кәусылғазықызы – медицина ғылымдарының докторы. Науқастарға ота жасап қана қоймайды, жергілікті медицина университетінде студенттерге дәріс те оқиды. Мон­ғолия медицина универ­ситетінің профессоры.

– Монғолиядағы медицина университетін 21 жасымда бітірдім. Сосын екі жыл сол салада жұмыс істедім. Кейін Санкт-Петербург қаласындағы әскери академияда алты ай оқып, білімді жетілдіргеннен кейін үзбей бір жерде – Монғолия ішкі істер министрлігінің орталық ауруханасында хирург болып келе жатырмын. Мен үшін өзің жасаған отадан кейін науқастың жазылып, жүріп кеткенінен асқан бақыт жоқ, – дейді Анаргүл.

Анаргүл Кәусылғазықызы Санкт-Петербург қаласындағы әскери акедемияда кандидаттық диссертациясын 1987-жылы қорғап, кейін Ұланбатырдағы қорғаныс универ­ситетінде медицина ғылымдары докторы ғылыми атағын алған. Былтыр «Монғолияның еңбек сіңірген дәрігері» атағымен марапатталды.

– Жеңісгүл ат спортын жақсы көреді. Бір жылдары тіпті Монғолияның мемлекеттік мерейтойында атты әскерді бас­тап та шыққан, – дейді ол сіңлісі туралы.

Полковник-заңгер

Ал Жеңісгүл Кәусылғазықызы 1966-жылы Монғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. Кішкентай күнінде монғол балабақшасында тәрбиеленсе, орта мектепте орыс тілінде білім ал­ған.

«Азаттық тілшісі» Жеңісгүл Кәусылғазықызымен де әңгіме­лесті. Совет Одағы офицер­лерінің балалары оқи­тын №8 орыс орта мектебін бітіріп, алғашқы жұмысын 20 жасында Монғолия ішкі істер минис­трлігі бөлімшелерінің бірінде хатшылық қызметтен бастаған екен. Жеңісгүл Кәусылғазықызы орыс, ағылшын және монғол тілдерінде еркін сөйлей­тінін айтады.

– Алғашқы мамандығым – ағылшын тілінің мұғалімі. Онан кейін сол Ұланбатырдағы әс­ке­ри акедемияны бітірдім. Қазақ тілін түсінем, бірақ жауап беруге шорқақпын. Орыс, ағылшын және монғол тілінде еркін сұхбаттаса аламын, – дейді ол өзі туралы.

1998-жылы Санкт-Петербург университетінде заң ғылымдарынан докторлық диссертациясын қорғаған Жеңіс­гүл Кәусылғазықызы Монғолия ішкі істер министр­лігіне қарас­ты жедел тергеу-тексеру бөлі­мінде тергеуші, Баян-Өлгий аймақтық ішкі істер бөлімінің және Ұланбатыр қалалық ішкі істер департа­ментінің жетек­шісі қызметтерін атқарғанын айтты.

Құқық қорғау саласында ұзақ жыл істеуіне байланысты зейнетке ерте шыққан Же­ңіс­гүл қазір жеке бизнеспен айналысады.

Монғолиядағы этникалық қазақтардың кейбірі апалы-сіңлілі Анаргүл мен Жеңісгүлді «Монғолия тарихындағы тұң­ғыш полковник әйелдер» деп мақтан тұтатындарын жасырмайды. Ұланбатыр қаласында тұратын этникалық қазақ Гүлнәр Шәкерхан:

– Олар отбасымен құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Кейінгі үш інісі де подполковник шенін алды. Жалпы, Монғолия тарихында бір үйден екі қыздың қатарынан полковник шенін алған оқиға осы күнге дейін болмаған, – дейді.

Монғолия қазақтары бұл елдегі мемлекеттік саясатқа белсене араласып келеді. Ел Парламентінде қазақтар шоғырланған аймақтардан сайланған бірнеше депутат бар. Олардың арасындағы партиялық бәсеке мен пікірталас туралы «Азаттық» кезінде жазған.

Монғолияда мемлекеттік қыз­мет саласында жоғары лауазымға жеткен этникалық қазақтар баршылық. Мәселен, Монғол мемлекеті Прези­ден­тінің кеңесшісі Жандос Шәріп­ұлы ертеректе «Азаттыққа»: «Біз демократиялық қоғамда, кім артық біледі, кім тәжіри­белі, кім жақсы істей алады – сол адам озатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз», – деген еді.

Анаргүл Кәусылғазықызы да: «Бізде қызметтік өсуге ұлт­тың еш қатысы жоқ, ең бас­ты­сы, өзіңіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті болса, сосын өтірік айтпасаңыз болды», – дейді. Ол Монғолияда өздерін жыныстық яки этникалық ерекшелігіне байланыс­ты ешкімнің бөлектемейтінін айтады

Монғолияда 160 мыңға жуық қазақ өмір сүреді. Бұл – Монғолия халқының бес пайыздан астамы. Оның 90 мыңы Баян-Өлгий аймағында, қал­ған 70 мыңы Эрдэнэт, Налайх секілді аймақтарында шашырай қоныстанған.

«www.azattyg.org»

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ