Мұқан Егізбаев оқырмандар сауалына жауап берді

12.12.2017
Қаралды: 951

«Замананың» өткен қараша айында жарық көрген нөмірлерінің бірінде «Мұқан Егізбаевқа сауал жолдайды» деген тақырыпта редакциямызға келіп түскен оқырмандар хаты жарияланғаны белгілі. 

Ауған соғысының ардагері, соғыс мүгедегі, сол соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасы мүшесі, Семей полигонында қызмет еткен адамдар екенін, аты-жөнін атап көрсеткен хат иелері өздерін толғандырып жүрген сұрақты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевқа бағыттаған еді. Біз оқырмандар өтінішін орындап, оны газет бетінде жариялағанбыз.

Аталған хатта: «Біз жылда Алматы мен Астанадағы соғыс мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық  госпитальде емделіп қайтамыз. Келгеннен кейін бізге жол шығынының өтеміне деп ақша беруші еді, неге екені белгісіз, облыстық денсаулық сақтау басқармасы биыл олай етпеді, тиісті құжаттарды да қабылдамай қойды. Мұның нақты себебі неде? Осы уақытқа дейін заңды түрде бюджет есебінен төленіп келген ақша биыл неге төленбей жатыр? Өзіңіз осы жөнінде анықтап, бізге газет бетінде жауап берсеңіз екен» деген сөздер бар.

Кешегі аптада осыған қатысты редакциямызға Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың атынан мынадай мәтінде жауап хат келді:

«Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы «Замана» газетінің 2017-жылғы 11-қарашадағы №47 нөмірінде жарияланған «Мұқан Егізбаевқа сауал жолдайды» атты мақаласына келесідей жауап береді.

2017-жылдың қаңтар айынан осы күнге дейінгі аралықта Ауған соғысының ардагері, соғыс мүгедегі және осы соғыста мерт болған отбасы мүшесі, сондай-ақ Семей полигонында қызмет еткен жандар екенін көрсеткен хат иелерінен (Қожамжаров Шыныбек, Абитаев Омарбек, Поштаев Қылышбек, Баятанов Бақытжан, Аманов Қуаныш, Батанов Есіркеп, Мырзабасұлы Еркебек, Мәмбетова Бақыткүл, Мәмбетов Қуандық) басқармаға келіп түскен арыз-шағымдары тіркелмеген.

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына елді мекен шегінен тыс жерлерге емделу үшін бюджет қаражаты есебінен жол жүруі Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017-жылдың 23-қазандағы №15/193-VІ  шешімі негізінде жүзеге асырылады. Яғни денсау­лық сақтау басқармасының жоғары мамандандырылған медициналық көмек жөніндегі комиссиясының шешімі негізінде, азаматтардың республикалық деңгейде қымбат бағалы медициналық қызметтер және жоғары технологиялық медициналық қызметтер алуы жағдайында жүргізіледі. «Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі» оңалту орталығының жолдамасымен денсаулық сақтау басқармасының жоғары мамандандырылған комиссиясының шешімінсіз, жергілікті емханалар арқылы жолданатындықтан жол жүру шығындарын өтеу мүмкін емес. Себебі бұл госпитальде көрсетілетін медициналық оңалту көмегі облыстың медициналық мекемелерінде де көрсетіледі.

Басқармаға құжат тапсыратын азаматтарға басқарма қызмет­керлері ҚР Президентінің 2015-жылғы 29-желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» мінез-құлықтың жалпы стандарттарына сәйкес, жалпы қабылданған моральдық, әдептілік нормасын сақтап, азаматтармен сыпайылық пен әдептілік танытып, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен қызмет көрсетеді».

...Міне, облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған хат иелерін толғандырып жүрген мәселеге орай осылай дейді. Мұның қандай да бір түсініксіз жақтары болса, оны басқарма мамандарынан тікелей сұрауға болады.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ