Алдағы ауа райы қандай болады?

11.12.2017
Қаралды: 1238

Биыл Оңтүстік өңіріне қыс өз уақытымен келді десек болады. Яғни қыс маусымының бірінші айы – желтоқсанның бірінші күнінде облыстың барлық аумағын дерлік қамтып қар жауды, күн біршама суытты. Ал, жалпы, алдағы ауа райы қандай болады?

«Қазгидрометтің» таяуда желтоқсан айының ауа ра­йына қатысты жарияланған ұзақ мерзімдік болжамында мынадай жайлар айтылыпты:

«Желтоқсан айы бойынша суықтың үш толқыны күтіледі: екінші тоқсанның басы мен аяғында және үшінші тоқсанның соңында. Ең суық күндер айдың екінші тоқсанының соңында келеді. Арктикалық теңіздер аумағынан еліміздің солтүстік-шығыс аумағына жеткен суық ауа ағысы күн райын күндіз 15 – 20 градусқа дейін, түнде 25 – 35 градусқа дейін суытады».

«Синоптиктер» осылай деп отыр екен. Олардың болжамынша, бұл айдағы ауа райының орташа температурасы климаттық қалып деңгейінде болады. Тек Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана ол қалыпты климаттық деңгейден 1 градус төмен болмақ.

Желтоқсан айында ылғал Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына қалыптағыдан көбірек түседі. Маң­ғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында және Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы, тау бөктеріндегі аумақтарында ылғал қалыпты деңгейде болады. Республикамыздың басқа аумақтарына ол қалыптағыдан аз түседі.

...Бұл – «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығының желтоқсан айына қатысты жасаған ұзақ мерзімдік болжамдары. Әрине, болжамға ауа райы өз өзгерістері мен толықтыруларын ендіріп жатса, оған таңқалмаспыз. Өйткені ауада шекара жоқ қой.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ