Батыр Баукеңнің өзі бауырына басқан

12.12.2017
Қаралды: 1231

Көпен деген досымыз бар. Кәдімгі көпті күлкіге бөлеп жүрген Көпен Әмірбеков. Көпекең журфакті бір жыл бұрын бітірсе де бізге келіп қосылып, біте қайнасып кеткен.

«Класынан қалып қойған балаға ұқсап, мұның қалай?» – демеймін бе бірде. «Әй, Арқасары (менің Арқа жақтан екендігімді әрі сарғыштау өңімді меңзеп осылай атайтын), – деп жауап бергені бар сонда, – сен білмейтін де шығарсың, анау алма ағашы бар ғой, солар бір жылы жеміс салады да, бір жылы түк бермей бедірейіп қалатыны бар. Мен курсымыз жеміс салмай қалған жылы оқу бітіріппін де, ал сендер бітірген жылы же­місін төгіп тастағанға ұқсайды. Сендерге келіп қосылғаным –қудан қашып, суға келіп құлағаным ғой».

«Шынында да 1974-жылы бітірген біздің курсымыздың берекесі тасып, абыройы асып, бергені көп болды. Бұған дәлел ретінде Жүрсін Ерманов, Намазалы Омашев, Тұрсын Жұртбаев, Жанболат Ауыпбаев, Қосылған Әбжанов пен Несіпбек Айтов сияқты азаматтарымыздың аттарын ауызға алсақ та жетіп жатыр.

Бұлар халқымыздың қаймағы тұнған астанамызда жүр­ген жүйріктер десек, оқуларын бітіріп еліміздің түкпір-түкпіріне аттанып кеткен азаматтарымыздың да өмір деген дүбірлі додада оза шауып бәйге алып, олжа салғандары баршылық. Солардың біреуі де бірегейі – біздің Жорабек Сүйеубеков.

Сол кез­дің киноларындағы ғашығына жете алмай зарлап өлең айтып жүретін үнді елінің ерлері сияқты қоңырқай өңді,  реңді бала еді. Сол келбетіне қарап өмір­ден ертерек кеткен Самат Жү­ні­сов деген досымыздың оған «Кес­кін» деген ат қойып, айдар тақ­қаны бар. Сол кескін-келбетінің көмегі тиді ме, әлде туған жерінің қасиеті қолдады ма, бәріміз еркелетіп атайтын Жоригіміз 3-курста оқып жүріп-ақ қазақ телевизисына қызметке тұрып айды аспанға шығарғаны бар.

Ол қазақ телевизиясында жүріп еліміздің біртуар ұлдары, елін анасындай сүйген (өз сөзі) ғұлама ғалым Әлкей Мар­ғұлан, мәйекті сөздің майталманы Асқар Тоқпанов, екі мәрте батыр атанған Талғат Бигелдинов сынды айтулы адам­дармен сұхбаттасып, олардың тәлімге толы тағдыры мен табиғатын тарқата білді, сөйте жүріп өзі де елге танылды.

Бір күні бұл қызмет етіп жүрген «Құрдастар» бағдарламасының бас редакторы Жәнібек Тоқпановтан: «Тез жиналыңдар!» – деген шұғыл пәрмен түседі. – Жолдас редакторлар, – дейді ол әр сөзіне айрықша мән бере нығыздап, – қазір ғана Орталық Комитеттен арнайы тапсырма берілді. Батыр Баукең туралы жедел түрде хабар ұйымдастыруымыз керек. Қа­не, кім барады?»

Ол кезде атамыздың аты аңызға айналып, атағының аспандап тұрған кезі. Тіпті басшының «Батыр Баукең» деген сөзінің өзі «арыстанның алдына барып кел» дегендей айбар тудырғаны да рас. Жұрт үнсіз. Жастықтың жалыны бо­йын қыздырды ма, әлде мәсе­ленің мәнісін бажайлап, парқын пайымдай алмады ма, жүзі жанып, барғысы келіп жұты­нып отырған Жорабек қа­на. «Түсінікті, – деді бастық терең тыныс алып барып. – Сүйеубеков қалсын, қалғандарың бара беріңдер». Содан соң бұған бар ақыл-кеңесін айтып, әсіресе қазақы дәстүрге барынша сақ болуын қатты тапсырды.

Оның бұл ақылының дұ­рыс­­тығына мұның барған бетте-ақ көзі жетті. Бұл кірген­де Баукең шапанын желбегей жамылып, кең бөлменің ортасындағы жазу үстелінде бір нәр­сеге шұқшиып қарап отыр екен. Бұл жақындап барып: «Сәлеметсіз бе, Бауке?» – деп амандасады ғой. Баукең болса ешнәрсе естімегендей отыра береді. Сол сәтте абырой болғанда Жорабектің ойына бастығының ақылы сап ете қалып, тез кері бұрылып, сырт­қа атып шығады да, қайтадан есікті сарт еткізіп ашып, ол отырған жерге жақындап келіп: «Ассалаумағалайкум, аға!» – деп әндетіп тұрып қайта сәлем береді. «Әлейкумассалам, балам! Міне, қазақ осылай амандасады», – деп батырдың түсі бірден жылып сала береді. Ол ол ма, тіпті орнынан тұрып келіп, мұны қапсыра құшақтап, баласындай бауырына басып тұрып, екі бетінен алма-кезек сүйеді ғой.

Сөйтіп жанын шүберекке түйіп жүрексініп барған жас журналистің жаны жай тауып, бірден жігері тасып шыға келеді. Соған орай сұхбаты да сәтті шығады.

Жарқ-жұрқ еткен студенттік шақ тез-ақ өтіп, диплом ал­ған жұрт мәре-сәре болып қуа­нып жатқанда бұл қияметтің қыл көпірінің үстінде тұрғандай қиналсын кеп. Алдынан екі айырық жол шығып айран-асыр етті. Ол кезде Алатаудың бауырындағы әсем қалада қалу сонда оқу бітір­гендердің бәрінің де арманы еді десек артық болмас. Әсі­ресе, мұның мүмкіндігі бәрі­нен де зор. Телевизиядағы орны даяр. Өмірлік жар болатын жанның да реті келіп тұр. КазПИ-дің Балнұр деген сұлуымен сөз байласып, уағ­да­ласып та қойған. Ебі мен тегі қатар келіскен-ақ қыз. Мамандығы орыс тілінің мұғалімі болса, тегі одан да зор. Әйгілі Дат­ұлы Сырым батырдың ұрпағынан. Енді мұның соншама толғатуына не жорық?! Алақанында тұр­ған осыншама мүмкіндіктен айырып, алакөңіл қылған қандай алапат күш дейсіз ғой?

Иә, ондай күш бар екен. Ол туған жерге, өскен елге деген махаббат! «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, мұның да туған жері осал емес. Осалыңыз не, бүкіл түркі жұрты пір тұтқан, Нұх пайғамбардың табаны тиген әйгілі Қазығұрт.

«Апыр-ау, – деп толғанады бұл. – Қазығұрттың басында бүкіл жер-жаһанның тір­шілік иелері тиелген кеме қалғанда, бақ қонған Балқан тауымның бауырынан мен неге безінуім керек?! Ең бастысы, оның бұл ойын Балнұр да қолдады.

Алатаудың бауырынан түлеп ұшқан тастүлегіміз бүгін­де 65 жасқа толып отырған атпал азамат. Аты аудан­ға, қала берді, бүкіл оңтүстік еліне мәшһүр беделі биік, есімі өзінің Қазығұртындай еңселі. «Ағаш та бір жерде тұрып көгереді» дейді ғой. Рас сөз. Өз ауданының газетіне әдеби қызметкер болып келіп, редакторлығына дейін сатылап өсіп, оны ұзақ жылдар бас­қарды. Оған қоса аупарткомның бюро мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты деген сол кездегі биік лауазымдардың жүгін қоса арқалай жүріп, абыройға бөленді, ауданның айтулы азаматы болды.

Қалам ұстаған қауым адам­­­ның бойын оның шығармашылықта жеткен жетістік­терімен өлшеп жатамыз ғой. Біздің Жөкең ол жағынан да осал емес.

Өмірлік қосағы Балнұр екеуі бұл күнде ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған үлкен шаңырақ иелері. Ал жан-жүрегіңді жібіткен немере деген немелер қандай ыстық!

Айтулы азамат, белгілі жазушы Смағұл Елубаев ағамыз: «Алматы, Астана деп шапқыламай, бақытын туған жерден тапқан Жөкең» деп кезінде өзекжарды ықыласын өлеңмен білдірген екен. Ағамыздан асырып айта алмаспыз. Алайда «Қазығұртыңның бауырында, өзің туған ауылыңда ал­шаң басып жүре бер, Жөке!» деуге қашан да хақымыз бар. Бұл біздің достық пейіліміз деп ұққайсың, Жорабек дос!

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,

«Қазақ журналистикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері, әділет полковнигі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ