Болатбек Төлеген қайда отыр, кіммен отыр, не деп отыр?

12.12.2017
Қаралды: 2344

Кеше ғана оның жанында жүргендер неге жайбарақат?

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы Болатбек Төлегеннің қамауға алынғанына да екі ай уақыт болды. Оған ірі мөл­шерде пара алды деген айып тағылғаны белгілі.Басқарма басшысының қо­лына кісен салынып, оны қа­мау­ға алып кеткен кезде біраз жұрт у-шу болып кеткен еді. Көп адам оған жала жабылды деп ара түспек болғаны да ел есінде. Сол оқиғаға орай қандай өкінішті сезімді бас­тан кешкенімізді біз де кезінде газет бетінде жазғанбыз.

Міне, содан бері тұп-тура екі ай өтсе де Болатбекке қатысты ешбір сыбыс естіл­мейді. Жым-жырт, тып-тыныш. Қорғаушыларының да үні шық­пай тұр.

Сонда бұл қалай? Білдей бір басқарма бастығының іздеу-сұрауы жоқ па? Ал қо­ғам­дық ұйымдар неге үнсіз?

Бүгінде Болатбектің өзі не күйде? Ол қайда отыр? Не деп жауап беріп отыр? Кім­мен отыр? Не істеп отыр?

Осы сұрақтарға жауап бе­ре­тін адам бар ма? Оны парақор деп айыптап, қамауға алған мекеме неге үн-түнсіз? Тергеу ісі қалай болып жат­қаны туралы неге бір ауыз хабардар етіп тұрмайды? Әлде олардың тірлігінде бір шикілік бар ма?

Ал Болатбек Төлегеннің әріптестері, қызметтестері, жо­ға­рыда отырған бастықтары неге осы уақытқа дейін халық алдында бір ауыз түсініктеме беруге жарамайды? Әлде олар­ға жанында жүрген жандарды жарға итеріп жіберіп, жайбарақат отыра берушілік тән бе?

Осы уақытқа дейін Болат­бек­пен үзеңгілес болған қыз­мет­тестерінің бірде-біреуінің жақ ашпай, ауыздарына су толтырып алған адам сияқты болып жүргенінің өзі олар туралы сан түрлі ойға жетелейді. Мұның өзі жақын жолдасына сатқындық жасап кеткен адамның кейпін елес­тетеді...

Ал ендігі бір сұрақ, осы бір шулы оқиғаға қатысты тергеу ісі неге сонша созылып кетті? Ол оқиғаға жүздеген адамның қатысы болып, мыңдаған томдық іс жазылса мейлі екен. Бірақ жағдай олай емес сияқты ғой.

Екіншіден, халыққа іс барысы жайында тырс еткен ақ­парат айтпайтындай бұл жер­де соншалықты үлкен мем­лекеттік құпия бар ма? Тергеу барысы не себепті бұлайша бүркемеленіп отыр?

Әр алуан долбар жасалып, сан түрлі сыбыс тарамас үшін азаматты қамауға алған органның өкілдері елге жағдайдың жай-жапсарын айтып тұруы керек емес пе? Ал олар болса әлі де үнсіз. Сонда бұл не қыл­ған жасырынбақ?

Біз тергеу ісіне араласудан аулақпыз. Тергеуге қысым жасау туралы да ойымыз жоқ. Тек қоғамымызда ашықтық, жариялылық болғанын қалаймыз. Қандай істің де сөз­бұй­даға, созбалаңға салынбай, әділетті түрде шешілгенін жақтаймыз. Себебі адам тағдыры ойыншық емес қой.

Ал енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, облыс­та болған осы бір өте шулы оқиға қазір де миллиондаған халықтың ерекше назарында тұр. Болатбек Тө­ле­ген түбінде ақталып шыға ма, әлде сотталып кете ме – бұл мәселе де көп жайттың бетін ашып бермек...

Ендеше оқиғаның соңына ертерек нүкте қойылуы керек-ақ.

Т. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ